Бас тақырыпРесми

Теміртауда елу отбасы баспаналы болды

Теміртауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде әлеуметтік аз қамтамасыз етілген 50 отбасы баспаналы болды. Ұзақ жылдардан бері кезекте тұрып, осы күнді асыға күткен жандарға пәтер кілтін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек табыстап, мерейлі мерекемен құттықтады.

Теміртау қаласының дамуы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауында. Елбасымыздың тапсырмасымен қалада бірқатар әлеуметтік нысандар, жаңа денешынықтыру сауықтыру кешені мен аурухана салынып жатыр. Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған оннан астам мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Олардың қатарында «Нұрлы жер, «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Қолжетімді баспана – 2020» және басқа да бағдарламалар бар. Биыл жыл басынан бері 95 отбасыға пәтер кілті табысталды. Келесі жылы 150 пәтерлік үш үй салынады, – деді аймақ басшысы.

Елу отбасыға табысталған баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Тұрғын үйдің дәл іргесінде қалалық емхана, балабақша және дарынды балаларға арналған мектеп бар. Мереке күні пәтер кілтін алған азаматтардың алды 10 жылдан астам уақыт кезекте тұрған. Солардың бірі – жас өнерпаз, “Жұлдызды сәт” конкурсының жеңімпазы Арман Қарынсау.

2019 жыл менің өмірімде айрықша сәттерімен есте қалады. Биыл шаңырақ көтеріп, отау құрған едім. Пәтер кезегінде тұрғаныма 10 жылға жуық уақыт өтті. Бұған дейін отбасымызбен бірге туыс апайымыздың үйінде тұрдық. Ал, бүгін, Тұңғыш Президент күнінде көптен күткен арманымыз орындалып, баспаналы болдық. Мереке күні бізге осындай қуаныш сыйлаған облыс әкіміне және қала басшыларына айтар алғысым зор, – дейді Арман Қарынсау.

Ал, осы күнді 2011 жылдан бері асыға күткен көпбалалы ана Ольга Саламатова пәтерден-пәтерге көшіп, қожайынның қас-қабағына қараған күндерінің артта қалғанына сене алар емес. Ал, балалары енді өз бөлмелері болатынын айтып, ерекше шаттанып жүр.

Түс ауа Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шара қалалық мәдениет сарайында жалғасын тапты. Концерттік шарада Қазақстан Магниткасының салынуы және Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегелі өмірі туралы деректі фильм көрсетілді. Құрыш қаланың тұрғындарын құттықтауға елімізге белгілі эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Ержан Максим, Маржан Арапбаева және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары келген екен.

Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Елбасының үзеңгілестері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button