Ресми

Тең қолжетімділік – тегеурінді талап

Кез келген елдің мемлекеттік саясатының мәні – азаматтардың барынша ұзақ, салауатты және толыққанды өмірі үшін жағдай жасау.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласын жоспарлы дамыту бойынша негізгі міндеттер 2016 жылы басталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында айқындалған.

Осы жылдар ішінде Қарағанды облысының медицинасы өз дамуында сапалы серпіліс жасады – әртүрлі ауруларды емдеуде жаңа технологиялар мен тәсілдер пайда болды, олардың диагностикасы мен алдын алу әдістері жетілдірілді. Және бұл заңды түрде оң нәтижелерге әкелді.  Мысалы, туберкулез, қатерлі ісіктер, қан айналым жүйесі аурулары, жарақаттар және тағы басқалары сияқты аурулардан өлім-жітім үдемелі түрде төмендеуде. Нәтижесінде, облыс халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 71,7 жасқа дейін өсті.

Әрбір адамға елеулі әсер ететін мемлекеттік бағдарламаның негізгі шешімдерінің бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу болды. Бұл барлық сақтандырылған адамдардың табыс мөлшеріне қарамастан сапалы медициналық қызметтер мен дәрілік көмекке тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай­ақ денсаулыққа жеке шығындарды азайтуға көмектеседі.

Біздің облыс республикада бірінші болып міндетті медициналық сақтандыру жағдайында жұмысқа кірісті. Бұған елеулі дайындық жұмыстары себеп болды.

Ең алдымен, денсаулық сақтауды цифрландырудың жоғары деңгейі қамтамасыз етілген.

Облыста кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМАЖ) жұмыс істейді. Меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдар республикалық ақпараттық жүйелермен интеграцияланған Бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктірілген.

Емханаларға тіркелген әрбір тұрғынға электрондық денсаулық паспорты енгізілді. Облыстың 400 мыңнан астам тұрғыны «ДамуМед»мобильді қосымшасының пайдаланушылары болып табылады.

Заманауи сандық технологиялар спутниктік интернетке қосылудың арқасында шалғай ауылдық дәрігерлік амбулаториялар мен ФАП­тарда да медицина қызметкерлерінің күнделікті практикасына сенімді түрде енді.

Халықтың медициналық қызметтердің кең спектріне қажеттілігін ескере отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру қарқынды жүруде.

Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін адамдарға алғашқы медициналық көмекті барынша жақындатуға баса назар аударылады. Біз мемлекеттік­жекеменшік әріптестік тетіктерін барынша пайдалана отырып, «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша қалалардың тығыз орналасқан аудандарында жаңа емханалар ашамыз.

Жеке инвестицияларды тарту арқылы Қарағандыда 5 емхана ашылды, оның ішінде Пришахтинскіде балалар, қаланың басқа да аудандарында тағы 2 БМСК орталығын ашуға дайындық аяқталуда.

Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша Теміртауда емхана құрылысы аяқталуда, ал келесі жылы Балқашта БМСК орталығының құрылысы басталады.

Өткен жылы біз Жезқазғанда ауруханалық қалашықты қалпына келтіруді аяқтадық, онда медициналық соңғы үлгіде жабдықталған заманауи кеңестік­диагностикалық орталық құрылды.

Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтерское ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаториялар ашуға дайындалуда. Ағымдағы жылы Ұлытау ауылында жаңа орталық аудандық аурухананың құрылысы басталады.

Амбулаториялық­емханалық көмек инфрақұрылымын дамыта отырып, біз денсаулық сақтаудың басқа да маңызды бағыттарын да назардан тыс қалдырмаймыз.

МӘМС енгізудің артықшылығы халықтың оңалту және қалпына келтіру еміне қол жеткізуін жақсарту болып табылады. Соңғы екі жыл да 7 оңалту орталығы ашылды (МЖӘ тетіктерін қолдана отырып). Төсек саны екі есе артты. Бұл, сондай­ақ қалпына келтіру медицинасына қосымша қаражат бөлу халықтың осы көмек түріне қол жеткізуін 1,5 есе жақсартуға мүмкіндік берді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің деректері бойынша Қарағанды облысында мүгедектіктің ауырлығы төмендеді, сондай­ақ мүгедектерді толық және ішінара оңалтудың үлес салмағы өсті, бұл оңалту ісшараларының тиімділігін көрсетеді.

Бұл жұмыс жалғасатын болады және 2020 жылы өзінің алғашқы пациенттерін Қарағанды және Теміртау қалаларындағы оңалту орталықтары қабылдайды.

2020 жылы облыстық онкологиялық диспансердің операциялық­реанимациялық блогының құрылысы басталады.

МӘМС шарттарында көзделген медициналық қызметтер тарифтерінің ұлғаюы мемлекеттік тапсырысты орындауға жеке жеткізушілерді, оның ішінде мемлекеттік­жеке меншік әріптестік шеңберінде,  тартуға мүмкіндік береді, бұл емдік­диагностикалық көмектің түр­түрін кеңейтуге және бірқатар түрлерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мысалы, біз компьютерлік және магниттірезонанстық томографияны өткізу кезегін айтарлықтай қысқартуға қол жеткіздік.

2017 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгеге МЖӘ 32 жобасы (оның ішінде 2019 жылы – 9) орындалды.

МӘМС енгізілгеннен кейін медицинаға жеке инвестициялардың тағы да көп ағыны күтілуде. Біз 8 млрд. теңге сомасына МЖӘ­нің 13 жобасын іске асыруға кірісуге дайынбыз. Олардың арасында­жаңа емханалардың ашылуымен қатар, облыстық онкологиялық диспансерде заманауи жабдықтар орнату, ауылдық аудандарда гемодиализ орталықтарын ашу және тағы басқалары бар.

Біздің жұмысымыздың келесі маңызды бағыты – денсаулық сақтау ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету.

Қарағанды облысы халқының медициналық қызметкерлермен салыстырмалы түрде жоғары қамтамасыз етілуіне қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдарында түрлі мамандықтағы дәрігерлерге деген қажеттілік сақталуда.

Соңғы жылдары дәрігерлер тапшылығын жою үшін облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар іс­шаралар жүзеге асырылуда.

Облыс өңірлерінде жас мамандарды бекіту бойынша ең пәрменді шара оларға тұрғын үй беру болып табылады.

Соңғы 3 жылда медицина қызметкерлеріне жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникамен 100­ден астам қызметтік пәтер берілді. Алдағы екі жылда тағы 300 маман жайлы жабдықтандырылған тұрғын үйлердің кілтін алады.

Резидентурада қажетті бағыттар бойынша дәрігерлерді даярлау жүргізілуде. 2017 жылдан бастап 193 маман жұмысқа кірісті (акушер­гинеколог, анестезиолог, офтальмолог, инфекционист және тағы басқалары).  Ағымдағы оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада 109 адам оқиды. Сонымен қатар, білікті дәрігерлерді дайындауға медициналық кәсіпорындар қаражат іздеуде.

Ағымдағы жылы мақсатты жұмыс нәтижесінде 305 маман тартылды, оның ішінде 29­ы –ауылға.

2020 жылы біз облыста медициналық білімі бар дарынды жастарды тарту және бекіту жөніндегі өңірлік бағдарламаны іске асыруды бастауды жоспарлап отырмыз, бірінші кезекте, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «ЕL UMITI» таланттарды анықтау және қолдау туралы бастамасының үлгісі бойынша осы өңірлердің тұрғындарының сапалы медициналық көмекке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеміз.

Қазіргі заманғы медицинаның дамуы профилактикалық іс­шараларсыз  мүмкін емес.  Мұнда МӘМС енгізу біздің өнеркәсібі жағынан дамыған өңіріміз үшін елеулі артықшылықтар береді. Бұдан былай жұмыс берушілер Қорға тұрақты жарналар салуы қажет, ал алдын алу, сауықтыру және оңалту мәселелерін денсаулық сақтау жүйесі өзіне алады.

Әр емханада денсаулық мектептері жұмыс істейді, олар халық арасында үлкен танымалдыққа ие. Оған жастар да, қарт адамдар да қуана барып тұрады. Ал биылғы жылы біз облыстық жастар денсаулық орталығын ашамыз. Оның негізгі мақсаты – салауатты ұрпақ қалыптастыру (құрамында – темекіге қарсы орталық, репродуктивті денсаулық орталығы, психология орталығы, еріктілер  орталығы және тағы басқалары).

Осылайша, МӘМС жағдайында бірнеше ай пилоттық жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс атқара отырып, біз сақтандыру медицинасы жақын болашақта әрбір адам өмірінің ажырамас бөлігі болады деген қорытындыға келдік. 

Жұмыс берушілердің, мемлекеттің және азаматтардың өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігін сақтай отырып, біздің пациенттер аз ауыратын болады, ал егер ауыра қалса, тез әрі айтарлықтай шығынсыз және үйден алыс емес жерде емделе алады, тиісінше, біз оларға көмектесуге әрқашан дайынбыз.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ,

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button