Руханият

Тарих тасасындағы тұлға

Жуырда ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясының негізін қалаушылардың бірі – Махмет ТЕМІРҰЛЫНА арналған «Махмет Темірұлы қайраткерлігі мен шығармашылығы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл еңбектің авторлары – Әділет ЖАҒЫПАР, Ақжарқын ӘБДІҒАППАР және Гүлден ЖАҒЫПАР. Кітапта партия мүшелерінің қиынқыстау кезеңде еш ойланбастан елі үшін басын қатерге тіккені, тауқыметті тағдыры баяндалған. Сондай-ақ, айтулы тұлғаның қырлары мен айтылмай қалған сырлары суреттелген. Төл туындылары, кітапханалар мен музейлерде сақталған материалдары енгізіліпті.

– Алғашқыда облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып қабылданғанымда өз ісінің майталмандары Күләнда Темірғалиқызы мен Меруерт Қадірқызы мені қорға жетелеп кіргізген еді. Солардан ЕСЕП партиясы жайлы естіп, көбірек білуге құмарттым.

Бұрын мұндай ұйым туралы естімеппін. Зерттеп жүргеніме он жыл болды. 2011 жылы Көбетай ауылында Махмет Темірұлынан сұхбат алдым. Сол кезеңнен зерттеу жұмыстарына кірісіп, көптеген мақалаларым баспасөзде жарияланды. Болашақта ЕСЕП партиясының мүшелері жайлы сериялық кітаптар шығаруды жоспарлап отырмын, – дейді кітап авторларының бірі Әділет Жағыпар.

«ЕСЕП партиясы мүшелерінің жалпы саны жүздің маңайында болған. Қазір партия құруға рұқсат берсе, санымыз мыңдаған адам болатын еді» – депті М.Темірұлы Ә.Жағыпармен болған сұхбат барысында.

Партия төрт қалыптасу кезеңін бастан кешірген. Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұстанымдарын өздері қатарлас жастардың санасына сіңіре білді. Бүркіт Ысқақұлы, Махмет Темірұлы, Айтбай Нәрешұлы Қазақ КСР Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының үкімімен РСФСР Қылмыстық істер кодексі 58-бабы, 10-11-тармақтары бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал Зейнолла Әбділдин, Жаппар Өмірбеков, Асхат Рүстемов 1944 жылы ұсталды.

1951 жылы А.Аманқұлов, М.Азанбаев, Ж.Қалиев, Р.Нәрешұлы сынды белсенді азаматтарды соттаған. 1960-1964 жылдары партияны құрды деген желеумен З.Игілікұлы, К.Жүністегі, М.Омарбекұлы, К.Сауғабай сынды азаматтар көп қиындық көрген.

ЕСЕП партиясы – сол уақыттағы жастардың тұңғыш саяси ұйымы еді. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты оның қызметі тоқтап қалады. Соғыстан кейін партия әрекеті астыртын Қарағандыда жалғасқан. Кейін мүшелері қуғын-сүргінге ұшырап, жазаға тартылды.

Ал, әрі қарай ұйымның жұмысын жалғастырғандар небары 17-19 жастағы бозбалалар еді. Ел ертеңі үшін күрескен тұлғалардың есімдері тарих беттерінде ескерусіз қалып келеді.

ЕСЕП партиясы сол кеңестік кезеңде тәуелсіздігімізді алып бермесе де, халық жүрегінен ойып тұрып орын алғаны сөзсіз.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button