Бас тақырыпОблыс әкімі

Табиғатты қорғау – тәрбиеден

Бірнеше ғасырлар бойы табиғат байлығын ысырапсыз пайдаланған адамзат алдындағы бүгінгі міндеттердің бірі – оны оңтайлы пайдаланумен қатар, қалпына келтіру. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғау кешенді әрі жаппай шешуді талап ететін бүкіләлемдік проблемалардың біріне айналды. Әрине, бұл мәселемен жіті айналысатын ұйымдар бар болғанымен, жер шарының кез келген тұрғыны жаһандық мәселенің шешімін табуға өз үлесін қосар болса, орны толмас олқылықтың алдын алуы бек мүмкін. Ал, бала қоршаған ортаны қорғау қажеттілігін құлағына құйып, санасына сіңіріп өссе, тіпті, құба-құп.

БҮГІНГІ БАЛА – ЕРТЕҢГІ ТАБИҒАТ ҚОРҒАУШЫСЫ

 Үшінші қазанда Қарағанды қаласының барлық мектептерінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «Экологиялық сағат» акциясы өтті. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жаңа шағынауданда бой көтерген еңселі №103 мектеп-лицейде өткен шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, мектеп оқушыларымен табиғатқа деген ұқыпты қарым-қатынас жайлы пікір алмасты.

– Табиғатты аялап, қоршаған ортаның мәселелеріне бала кезден көңіл бөлген – дұрыс. Оны сендер мектеп қабырғасынан да және үйде ата-ана тәрбиесінен де білесіңдер. Ал, біздің өндірістік аймағымыз үшін экология мәселесі – аса маңызды. Өздерің білетіндей, таза ауа мен таза сусыз жоғары деңгейлі өмір сүру сапасын елестету мүмкін емес. Бұл мәселе бойынша сендермен бірге жұмыс жасауымыз қажет деп ойлаймын, – деген Жеңіс Махмұдұлы жаңа мектепте оқушылармен кездесу өзі үшін үлкен қуаныш екенін де білдірді.

Еліміздің дамуы мен оның табиғи байлығын, сұлу келбетін сақтауда жастардың ролі үлкен екеніне тоқталған аймақ басшысы бүгінгі оқушы, ертеңгі жастарсыз үлкендер бұл мәселемен түбегейлі күресе алмайтынын да айтты. Шынымен де, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан табиғат байлығын қорғауда ауқымды шаралар атқарылуда. Әлем болып қоқысты жеке жинауға көшсе, ғалымдар энергияның жаңа көздерін іздеуде, экологиялық таза өнімге де біртіндеп көшуде. Ал, мектептерде өткізілетін арнайы сабақтар бала кезден экологиялық мәселелерге бейжай қарамауды үйретеді. Өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген ұқыпты қарым-қатынасты жастайынан үйреніп, күнделікті өмірлік дағдыға айналдырғанына ризашылығын білдірген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аға буынның табиғатқа деген достық пейілді жастардан үйренуі керектігін де жеткізді.

Сондай-ақ, кездесу барысында Қарағанды облыстық экомузейінің маманы, эколог Ирина Игнатович қаладағы шағын өзендер туралы шағын ақпарат берді.

ӘКІМ БОЛУ ОҢАЙ МА?

«Экологиялық сағат» акциясы барысында оқушылар аймақ басшысымен пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қою мүмкіндігін де жіберген жоқ. Өңір экологиясы мен қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамаған облыс басшылығына деген ризашылығы болу керек, 7 сынып оқушысы Әйгерім «Әкім болу оңай ма және ең үлкен жетістігіңіз қандай?» деген сұрақ қойды.

– Президент маған жауапты міндет – еліміздегі ең үлкен облысты басқаруды тапсырды. Менің басты мақсатым – халықтың әл-ауқатын арттыру. Егер ата-аналарыңда жақсы жұмыс болса, сендер де жақсы білім аласыңдар. Ал, облыстағы жағдай жақсы болса, осындай кең әрі жарық мектептер де көптеп салынатын болады. Жақсы білім – алдарыңдағы даңғыл жол. Сендерге лайықты білім мен жарқын болашақ тілеймін, – деп жауап берген Жеңіс Махмұдұлы мектепте, кейін университетте де нақты ғылымдарды – физика мен математиканы жақсы көргенін айтады. Егер мемлекеттік қызметші болмаса, әлі күнге дейін көңіліне жағатын алғашқы мамандығы – құрылысшы-архитектор болатынын да жасырмады.

Кездесу «Экологиялық сағат» акциясы аясында өткендіктен, оқушылар аймақ басшысының экологиялық ұстанымдарын да білуге асықты.

 – Менің жұмыстағы басты мақсатым – Қарағандыдағы өндіріс орындарындағы бұрынғы ескі технологияларды жаңа, заманауи технологиялармен алмастыру. Мәселен, Жәйремде салынып жатқан жаңа зауытта цифрлық технологиялар орнатылатын болады. Оның облысымыздағы экологиялық ахуалды жақсартуға көп септігі тиеді деп күтілуде. Менің басты экологиялық ұстанымдарымның бірі – осы, – деген Жеңіс Қасымбек балаларға жаңа әрі әдемі мектептеріне күтіммен қарауды тапсырып, қоршаған ортаны таза ұстау – ең алдымен тәрбиеден басталатынын айтты.

103-ШІ МЕКТЕПТЕН – 103 ТАЛ

Кездесуден кейін облыс басшысы Жеңіс Қасымбек биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндермен бірге мектеп ауласында көшет отырғызды. «Балаларымызбен бірге желкілдеп өссін» деген тілекпен тал отырғызған ата-аналар да тарихи сәтке куә болып, бүлдіршіндердің мектеп бітіру сәті «Қазақстан – 2030» стратегиясының жүзеге асу сәтімен тұспа-тұс келетінін де жақсы ырымға балады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, акция Қарағанды қаласының барлық мектептерінде де өтті. Мәселен, Оңтүстік-Шығыстағы №23 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары да қала экологиясын оңалтуға қосқан үлестері ретінде мектеп жанында көшеттер отырғызды. Бұл балалардың бойында экологиялық тәрбиені қалыптастырумен қатар, табиғатқа деген ұқыптылықты да білдіреді. Аталмыш мектеп директоры Нұркен Ашықбаев «Экологиялық сағат» акциясына белсене қатысып, қала экологиясына бейжай қарамаған №23 орта мектеп оқушыларына алғысын білдіріп, өздері отырғызған көшеттерін әрі қарай күтіп-баптауға шақырды. Айта кету керек, №23 орта мектебі – қаланы таза ұстауда қоқысты бөлек жинауға үйретіп, алғашқылардың бірі болып бастама көтерген мектептердің бірі.

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА – ҚОҚЫС СҰРЫПТАУДАН БАСТАЛАДЫ

«Экологиялық сағат» акциясынан кейін оқушылар мен өңір басшысына пластик өңдейтін «EcoTruck» жылжымалы бекеті көрсетілді. Бұл – кузовында қоқыс өңдеуге арналған құрылғы орнатылған жүк машинасы. Ол Қарағанды қаласында 15 қарашадан келесі жылдың сәуір айына дейін мектептерді аралап жүретін болады. Осылайша, оқушыларға қоқысты, оның ішінде, пластик бұйымдарды, целлофан пакеттерді қайта өңдеу процесін көрсетіп, оның не үшін қажеттігін айтатын болады. Жоба құны – 20 миллионнан астам.

«EcoTruck» – «Ресайклинг» компаниялар тобының әзірлеген жобасы. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу нарығында 10 жылдан астам жұмыс істейтін компания өз қаражаты есебінен осындай әлеуметтік жобаны ұйымдастыруды көздеген.

 – Жоба ең алдымен тұрғындардың, оның ішінде балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай жобалардың пайдасы болуы керек. Себебі, бәріміз бірге ат салысып, тұрғындарға үйретпесек, бұл проблемадан арыла алмасымыз анық. Қоқысты бөлек жинап, кейіннен қайта өңдеу – қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі, – дейді, «Ресайклинг» компаниясының басшысы Нұржан Құндақбаев.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button