Жаңалықтар

Тағдырлар тоғысқан “Ана үйі”

Ғаламда қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әркімнің жүріп өткен, әлі де жүріп өтетін жолы бөлек. Сол жолда қаракөздеріміздің аңдаусыз жасаған шалыс қадамы үшін қоғам болып қорлауға жол бермей, қолдау көрсетіп келе жатқан «Ана үйлері» бар бүгінде. Оларда түсіністік, жылу, мейірім мен қамқорлық ұялаған.

Сурет интернеттен алынды

«Ана үйі» – баланың ана махаббатына бөленіп өсуі үшін бес жыл бұрын қолға алынған қоғамдық жоба. Еліміздің белді меценат азаматтары тағдыр тәлкегіне ұшыраған жас аналарды, жетімдер үйінен шыққан қыздарды қолдау үшін қоғамдық қор аясында жұмылып жұмыс жасауда. Негізгі көмек барар жер, басар тауы болмай дүние есігін енді ашқан сәбиін тастап кетуді ойға алған жас аналарға көрсетіледі.

«Ана үйіне» барған адам оның сөздің тура мағынасындағы үй екенін көреді. Кәдімгі отбасындағы атмосфера, қолдан пісірілген нан мен тәтті тағамдардың иісі, баланың былдыры көңілді жайландырады.

– Мұнда 30 жасқа дейінгі, баласы бір жарым жастан аспаған аналарды қабылдаймыз. Бала мен ана арасында байланысты нығайтып, аналық махаббатын оятуды көздейміз. Шарасыздықтан баласынан бас тартуды таңдаған аналарға осындай көмек бар екенін, баланы тірі жетім етпеу керек екенін ұғындырамыз. Ол үшін психологиялық, құқықтық, материалдық көмек көрсетіледі, – дейді аймақтағы «Ана үйінің» үйлестірушісі Надежда Жалбаева.

Қазір мұнда тоғыз жас ана балаларымен пана тауып отыр. Оған қоса айы-күні жақындаған жүкті әйел мен жетімдер үйінен шыққан екі қыз бар. Жетімдер үйінен шыққан қыздарды да қамқорлыққа алу – «Ана үйі» қоғамдық қорының бір бағыты. Былтыр іске қосылған бұл жоба аясында 15- 23 жас аралығындағы жетім қыздардың жан-жақты көмек алу мүмкіндігі бар.

Жас аналар туралы жергілікті денсаулық сақтау басқармасымен, асырап алу органдарымен, аймақтағы перинаталдық орталықтармен байланыс жолға қойылған, сол арқылы баласын тастап кеткісі келетін жас аналарды тауып, көмек алуға шақырады. Жалпы орталық бір мезгілде 15 адамды қабылдауға қауқарлы.

 Мұндағы аналар өздеріне берілген алты ай ішінде шеберлік сағаттарына, оқыту курстарына қатысады, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс табуға мүмкіндік алады. Тіпті, құжатсыз келгендерінің жеке куәлігін қалпына келтіруге көмек қолын созады. Орталықта шағын тігін цехы жұмыс істеп тұр. Ниеті бар болса, кез келген ана үйреніп, соны табыс көзіне айналдыруға әбден болады.

– Бұрын аналардың дағдарыс орталығында болу мерзімі ұзақтау еді. Бірақ, масылдық қасиеті ол мерзімді алты айға дейін қысқартуға түрткі болды. Аналар жарты жылда өз-өздерін жинақтап, баласын аяққа тұрғызу жолдарын іздеуге тырысады. Мұнда барлық жағдай бар, осы жерде болғанда балаға берілетін әлеуметтік төлемдерді ұстамай, жинақтауға кеңес береміз, – дейді Н.Жалбаева.

Мұндай жағдайға тап болған аналар қоғамның жазғыруына ұшырап, ата-анасы, туғандары тарапынан қарсылықтарға жолығады. Бірақ, осындағы мамандар қазіргі қоғамда мұндай аналардан теріс айналу үрдісінің төмендеп келе жатқанын айтады. Олардың өз отбасылары немересін қабылдап, алып кетіп жататын жағдайлар бар екен. Ал, осы жерден шыққан кейбір аналар кейін де бірлесіп пәтер жалдап, кезектесіп жұмыс істеп, балаларын бірге асырауға талпынатын көрінеді. Бұл да болса, бір мүмкіндік.

Аты-жөнін өзгертуді сұраған Эльмираның мұнда екенін анасы мен сіңлісі ғана біледі екен. Бұрын жайлы жұмысы болған жас ана қолындағы жеті айлық Марлен есімді сәбиімен осы жерден қамқорлық көріп отыр.

– Біздің осында 4 ай бұрын келдік. Барлық жағдайымыз бар. Баланың тағамы, керек-жарағы беріледі. Орталықта жеміс-жидек, конфеттерден «тәтті букет» жасап үйрендім. Қазір тапсырыстар алып жүрмін. «Ана үйінен» кеткеннен кейін пәтер жалдап, алғашқы уақытта осы іспен шұғылданамын деп отырмын, – дейді ол.

Бұл жерге қалай келгені бір өзіне ғана аян. Оның болашаққа сеніммен қарап, ең бастысы, баласын тастамағаны – көңілге медеу.

 Барлық жағдай жасалған десек те, «Ана үйіне» болмысымызда іштей қарсылық барын жасырмаймыз. Себебі, қыздардың оң босағада отырып балалы болуы қанымызға да, салтымызға да жат нәрсе. Оны насихаттап, үлгі етіп отырғанымыз жоқ. Бірақ, екінші жағынан дәретханадан, қоқыс жәшігінен пакетке оралған шақалақтарды тауып алғаннан гөрі әр баланың өз анасымен өскені әлдеқайда сауапты іс екенін ұғынасың…

Мәселенің түбі қазақы салтсанамыздың, қалыптасқан қызға қырық үйден тыйымның ұмытылғандығында жатыр. Сондықтан, біз салдармен емес, сансыз себептермен күресуіміз керек.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button