Ұтқыр қимыл — ұтымды нәтиже

Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек қаражатының арқасында Осакаров ауданындағы аз қамтылған отбасылардың тұрмыс жағдайлары түзеліп келеді. Сонымен қатар, қосымша гранттар бөлініп, өз кәсібін ашу, жұмысқа орналастыру, оқыту курстарынан өткізу сияқты нақты қолдау шараларының игілігін сезінген аудан тұрғындары Үкіметке дән риза.Тарқатып көрейік…2019 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша ауданда 2613 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Қамтылған 526 отбасы мүшелерінің 1534-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 887-сі еңбекке қабілетті отбасы мүшелері. 7 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған – 400 адам болса, оның ішінде, көпбалалы аналарға 505 мың теңге көлемінде грант берілген. Екі ана «Тырнақ әрлеу» ісінің қыр-сырын меңгеріп, шеберліктерін арттыру мақсатында кәсіптік оқуға жіберіліпті. Ең төменгі жалақы алатын 286 адам тұрақты жұмыс істейді. 29 адам – «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеке қосалқы шаруашылығы үшін несие алған кәсіпкерлер. 172 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, өтініш берсе, 88 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 81 адам уақытша жұмысқа тартылған.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік жұмыстар жөніндегі кеңесшісі Дана Ералиеваның айтуынша, бүгінде көпбалалы, үйде бала күтімімен отырған, шартсыз ақшалай көмек алатын бір келіншекті әлеуметтік жұмысқа қараша айынан бастап жіберіпті. «Тағы бір түлегімізді жастар тәжірибесінен өткізіп, Қарағайлы мектебіне аттандырдық. Ол да көпбалалы отбасынан шыққан. Қазірде көптеген өзгерістер орын алуда. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі іске қосылады. Ол бойынша көпбалалы отбасыларға 20 925 теңге болып келген жәрдемақы жаңа жылдан бастап, әр балаға 10625 теңге көлемінде төленбек» деді ол.

Біз атаулы әлеуметтік көмек алып, үй жағдайында шаруасын дөңгелетіп отырған екі отбасына ат басын тіредік.

  • Мен осыған дейін сатушы болып жұмыс істегем. Төрт балам бар, үлкені 7-де, кішісі 2-де. Балалардың екеуі мектепке, 2-і балабақшаға барады. Кішісі ауырып жүр, қазір сол баламмен үйде отырмын. Күйеуім күзетші. Атаулы әлеуметтік көмекті сәуір айынан бері аламын. Жиналған ақшаға сиыр сатып алдым. Қорамыз бар. Әрі қарай мал шаруашылығын дамытқымыз келеді. Қалған ақшаға малға жем-шөп сатып алдық. Әзірге әке-шешемнің үйіндеміз. Әкімдіктің үй бөлуін күтіп отырмыз. Осындай бағдарламалар өте қажет, Үкіметке айтар алғысымыз шексіз, – дейді көпбалалы ана Айгүл Дүйсенова.

Ал, Моңғолиядан көшіп келген Жәмилә Нәкейдің отбасында – 6 адам. Төрт баласы бар. Үшеуі мектепте оқиды, үлкені – студент. Сәуір айынан бері жәрдемақыларын жиып, сиыр мен оның жем-шөбін сатып алған, өзі музыка мектебінде еден жуушы болып жұмыс істейді. Осыған дейін кіші баласына қараушы болып отырған жолдасы қолынан келер істің бәрін атқара береді. Кіші ұлдары биыл 1 сыныпқа барған екен.

Жалпы ауданда грантқа қол жеткізіп, жеке кәсіптерін ашып, өздерінің жағдайларын түзеумен қатар, елдің сұранысын қанағаттандырып отырған отбасылар баршылық. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Біз сонда болған аз ғана уақыт аралығында бірнеше адамға қызмет көрсетіп үлгерді мамандар. Мамандардың әрқайсысы өз саласын жетік біледі. Өте мәдениетті әрі терең білімді. Үкімет бастамаларын халыққа дұрыс жеткізіп, билік пен жұртшылық арасында алтын көпір болып жүрген олар өз міндеттерін мінсіз атқаруда.

  • Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 660 млн. теңге қарастырылып, онымен 700-ден астам адамды қамту көзделген. Бүгінде 1800 адамды қамтыдық. Олардың 80-і шағын несие алса, 130 адам жалпы сомасы 64 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік грантқа қол жеткізді. 1054 адамды тұрақты жұмысқа тұрғызып, 385 адамды қоғамдық ақылы қызметке жібердік. Ал, тағы да 40 адамға «Жастар тәжірибесінен» өтуге жолдама берілсе, әлеуметтік жұмысқа 25 адам тұрғызылды. Сондай-ақ, осы жылдың қараша айында тағы 20 адамға 10 млн. теңге грант қарастырылған. Мемлекет тарапынан грант алғандардың көбі өз кәсіптерін ашты. Ірі қара мал, қаз, қой, қоян шаруашылығымен айналысатындары да бар. Сонымен қатар, жұртшылық жаттығу залын, сән салонын, шаштараз ашып, құрылыс саласы, ПИК және тағы басқа кәсіп түрлерімен айналысуда, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту ісі бойынша маманы Төлеген Смағұлов.

Еңсесі тік, арманы асқақ, мақсаты айқын елді көріп, енді, олардың мемлекет грант алу арқылы ашқан кәсіптерімен танысуға асықтық. Аудан орталығы Осакаровка кентінде қызу тіршілік жүріп жатыр. Баяғыдай болмашы қажеттілік үшін облыс орталығына шапқылау деген мүлде азайған мұнда. Аудан әкімдігі мен осы бөлімнің жіті қадағалауы негізінде халық көп нәрсеге қол жеткізіп отыр.

  • Мен «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алдым. Мемлекеттік грант туралы сонда білдім. Тиісті құжаттарды тапсырып, 505 мың теңгеге қол жеткіздім. Бизнес жоспарым бойынша маникюр шеберлеріне арнап, көтерме бағамен қажетті дүниелер сатылатын дүңгіршек аштым. Гранттың ақшасына дүңгіршекке қажетті сөрелер, кассалық аппарат және тағы басқа дүниелерді ыңғайлап, тауарды өз қаржыма алдым. Әзірге тауарды сатып алушылар аздау, есесіне бәсекелестер жоқ. Аудандағы ауылдарда осы қызметпен айналысатын қыздар келіп, барлық қажетті затын менен алады. Қолма-қол ақшамен жұмыс істейміз. Тауар құны кейде облыс орталығындағы бағадан да арзан болады бізде. Болашақта кәсібімді дамытып, кеңейту ойым бар. Қыркүйек айында ашылдық. Тауарды Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан және Қытайдан аламыз. Мен бұған дейін әкімдікте жұмыс істедім. Қазір аяғым ауыр болғандықтан, еңбек демалысындамын. Босқа жүрмей кәсібімді реттедім. Мемлекет басшысына алғыс айтамын. Құрбыларым да өз кәсібін ашуға ынталанып жүр, – дейді жас кәсіпкер Диана Мәкішева.

Сонымен қатар, Диана Мәкішеваның дүңгіршегі орналасқан екі қабатты ғимаратта 5-6 адам – бетті, қолды және тырнақты әрлеумен айналысады екен. Сәйкесінше, олар да өздеріне қажетті дүниелерді Диананың дүкенінен алады. Осындай қажеттілікті дөп басып, пайда көзіне айналдыра білген Диананың тапқырлығына, «Бастау бизнес» курсында оқу барысында алған білімін тиімді пайдалана алғанына қатты қуандық.

  • «Жас кәсіпкер» курсы бойынша оқып, сертификат алдым. Өзім медицина саласының маманымын. 505 мың теңгелік грантты жеңіп алып, оған косметологиялық кабинетке қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Өзімде ондай ақша болған жоқ. Бұл – аудандағы жалғыз косметология кабинеті. Бетті тазалау, жұмсарту, шаштың тегіс өсуі үшін бас терісімен жұмыс және тағы басқа оннан астам қызмет түрін көрсетемін. Жастарға өте қолайлы, бастапқы қызмет бағасы 5 мыңнан басталады. Жұмыс жазылу арқылы жүреді. Қызметті тұтынушылар баршылық. Кәсіпкерлер палатасында конкурсқа 70 шақты адам қатысып, басым бөлігі грант алды. Бұл бағдарлама – өзінің ісін бастаушылар үшін таптырмас көмек. Отбасым, 3 балам бар. Табысымыз жетіп жатыр, – дейді жас кәсіпкер Елена Смирнова.

Қорыта айтсақ, Осакаров ауданы тұрғындары мен ауданның атқарушы билік органдары арасында екіжақты терең түсіністік орнаған. Уақытты тиімді пайдаланып, мемлекеттің қамқорлығын жете түсініп, оны ұтымды пайдалана білген адамға бақытты ғұмыр кешіп, алаңсыз салиқалы ұрпақ тәрбиелеуге бар мүмкіндік жаратылған. Бай әрі қуатты өмір сүрудің ең дұрыс жолы – елге пайдалы кәсіп ашу, адал еңбек ету. Осакаров ауданының тұрғындары мұны жүрекпен сезініп, терең түйсініп, бар ынтасымен іске кіріскені аңғарылады.

Жәлел ШАЛҚАР.