«Түркия шақырады, барайын ба?»

Қазіргі қазақстандық әрбір жастың арманы – шетелдің үздік оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинап, елге жаңалық әкелу. Менің ойымша, бұл – дұрыс таңдау. Өйткені, жастардың көбісін «әлемдік оқу орындары арасынан таңдауды қалай жасағаным дұрыс» деген ойлар жиі мазалайды. Мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен серіктес университеттер арасындағы екіжақты келісім-шарт шеңберінде «академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша түркияның памуккале университетінде білім алудамын. Замандастарыма түркияның білім беру жүйесінің ерекшеліктерін айтқым келеді.

«Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы

Жалпы замандастарым «шетелде оқу мақсатында бағдарламаға құжаттар тапсыру қалай өтеді? Тіл үйренуге қанша уақыт кетті?» деген сұрақтарды жиі қояды.

Мен таңдаған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен серіктес университеттер арасындағы екіжақты келісім-шарттар шеңберінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы білім алушылардың оқу нәтижесін растайтын құжат бойынша (транскрипт немесе оқу сертификаты) шетел серіктес-университетінде бір семестр немесе оқу жылы ішінде білім алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламада студенттің оқу нәтижесіне (транскрипт), шет тілін растайтын құжатына, мотивациялық және ұсыныс хаттарына баса көңіл аударылады. Бағдарлама еліміздің әр университетінде қарастырылған. Мысалы, біздің талап бойынша бағдарламаға тек ЕҰУ-нің студенттері үміткер бола алады. Жақсы оқу нәтижесін растайтын құжат, сондай-ақ, тіл деңгейін білдіретін құжат, мотивациялық мінездеме болса жеткілікті.

Қазіргі таңда Түркияның Денизли қаласындағы «Памуккале университетінде» «Техникалық физика» мамандығында оқимын. Бұл мамандық Қазақстанның техникалық саласына жаңалық әкеліп, жаңғыртуға мүмкіндік береді. Түрік тіліне дайындалуға жарты жыл кетті. Себебі, аталған университетте білім алу үшін түрік тілінің В2 дәрежесі – міндетті.

Түкияда оқытушыларды қадірлейді

Түркия оқу орындарының білім жүйесі өзгеше. Елде медицина және туризм саласы жақсы дамыған. Университетте студенттер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Мысалы, мен білім алатын университет кампусында студенттер үшін жеке спорт кешені, театр, үлкен кітапхана, емхана, оннан аса асхана бар. Кез келген студентке 2,5 лираға (180 теңге) кешенді түскі ас беріледі. Ал, Қазақстанда 200 теңгеге түскі асты тойып ішкен студентті кездестіру қиын.

Университеттерде кредиттік жүйе қолданылғандықтан, студент әр семестрге өзі қалаған пәндерді таңдап алады. Сабақ уақыты студент пен оқытушы арасында келісіледі. Сонымен қатар, студент өзін қызықтыратын пәнге ерікті (волонтер) түрде қатыса алады. Қауіпсіздігімізге екі жақтың университеттері жауапты. Сондайақ, Түркиядағы Қазақстан елшілігіне жүгіне аламыз. Денсаулық қауіпсіздігі туралы құжат Түркияға келген алғашқы күннен елге қайтатын күнге дейін жасалады.

Айта кеткен жөн, Түркияның оқу орындарында Қазақстанның білім жүйесінен айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мектеп оқушылары 8 жыл жалпы орта білім алады. Оны бітірген соң, өздері қалаған саланы (техникалық, медициналық) тереңдетіп оқытатын 4 жылдық университет алдындағы дайындық лицейіне түседі. Университетке мамандығы бойынша базалық біліммен барады. Менің ойымша, 4 жылдық лицей оқушының алдағы болашағы және мамандығын анықтауға пайдасын тигізеді. Университеттерінде оқытушы мен студенттің арасындағы қарым-қатынас өзгеше. Оқытушы студентке өзімен бір деңгейде қарайды. Студенттер оқытушыларын қадір тұтатыны, сыйлағаны соншалық, алдынан кесіп өтпейді.

«Түркияның білім беру жүйесі еуропалық талаптарға негізделген деуге болады. Сондықтан білім алғысы келетіндерге еш кедергі жоқ. «Түркие бурлары» деп аталатын арнайы бағдарламалары бар. Толығырақ https://turkiyeburslari.gov.tr/tr сайтынан білуге болады. Өткен жылы әртүрлі мамандық бойынша Түркияда білім алғысы келетін 130 мың қазақстандық оқуға құжат тапсырған екен.

Жаңа жылды тойламайды

Түріктердің ұлтқа тән өзіндік ерекшеліктері көп. Мысалы, жаңа түскен келіннің қайын жұртындағы адамдарды атымен атамауы, ата-енесіне құрмет көрсетуі секілді қазаққа ұқсайтын кейбір салттары, ырым-тиымдары бар. Халқы қонақжай болғандықтан, қазақ жастарына бауырмал, ерекше ықылас танытады. «Екі ел бір-бірінің мәдениетін жақсы танып, дамытуға ат салысуы керек» дегенді жиі айтады. Халықаралық мерекелер 8 наурыз және Жаңа жылды тойламайды. 22 наурыз күні қазақтың ұлттық тағамы ет асып, түрік достарымызды қонаққа шақырдық. Дастархан басына жайғасқанда ортаға ет әкелінді. Түріктер «Бұл ненің еті?» деп сұрады. Біз жылқы еті дегенімізде, олар таң қалды. Сөйтсек, түріктер жылқы етін жемейді екен. Себебі, олар үшін жылқы қасиетті әрі жол көлігі болып саналады. Бірақ, кейін дәмін татқанда қатты ұнатып, көңілдерінен шыққанын айтты.

Жылдан жаңашылдық күтемін

Қазақстанда білім алу бойынша кредиттік жүйені дұрыс дамыту керек. Сонда әр студент өзі қызығатын пәндерді таңдап оқиды. Нәтижесінде университеттен соң жастарды жұмыспен қамту жүйелі қолға алынады. Жастар сонда ғана өзінің басының жағдайын жақсартуға ғана емес, елінің болашағы үшін де жұмыс істейтін болады. Елде жастарға дұрыс жағдай жасалмаса, олар өзге елге кетіп, өз басының қамы үшін жақсы жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Сондықтан, Жастар жылында рухани әрі ғылыми ой-өрісті дамытатын, өзге елдің тәжірибесін игеруге мүмкіндік беретін қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылғаны дұрыс. Елге қайтқанда мамандығым бойынша «Қазатомпром», «Қазмұнайгаз» компаниясында немесе Қазақстандағы шетелдік компанияларға жұмысқа орналасу жоспарымда бар. Осындай ой шетелде білім алып жүрген әрбір қазақстандық жастың – мақсатына айналған.

Рауан НЫҒЫЗБАЕВА,

Памуккале университетінің  магистранты.

ТҮРКИЯ.