Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – негізгі міндет
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың халық алдындағы есебі
Құрметті жерлестер!
Өткен жыл біздің облыс үшін белсенді де, жемісті болды. Жүргізілген жұмыстар «Қазақстан – 2050» Даму Стратегиясында, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешуге бағытталды.
Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілді.
«Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бірінші бастамасы аясында 3,4 мың пәтерлік 32 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы тағы 1052 пәтер пайдалануға тапсырылады.
Екінші бастама бойынша аймақтың 80 мыңнан астам тұрғыны салықты 9%-ға төмендету есебінен жалақыға үстеме алды.
Үшінші бастама бойынша қазіргі уақытта 850 студент жатын орынмен қамтамасыз етілген. Жатақханаларға әлі де 1500 студентті орналастыру қажет, бұл үшін 4 жаңа жатақхананы салу жоспарлануда.
Төртінші бастама 1245 шағын несие беруге мүмкіндік берді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1989 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар оқытылды. 1300 жаңа жұмыс орны құрылды.
Бесінші бастама аясында Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран және Шахтинск қалаларын, сондай-ақ, 1,1 млн. адамды, 68 мың үйді қамтитын 114 елді мекенді газдандыру жоспарлануда.
2018 жылғы басты оқиғалардың бірі – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы. Жолдау бойынша 2018 жылы көзделген 29 іс-шара өз мерзімінде орындалды. 2019 жылғы іс-шаралардың орындалуы тұрақты бақылауда.
Экономиканың барлық базалық салаларында оң серпінге қол жеткізілді. Өнеркәсіпте – 0,2%, ауыл шаруашылығында – 6,2%, құрылыста – 19,8%, саудада – 7,9%, көлік саласында – 9,5% құрайтын өсім бар. Орташа айлық жалақы 146 324 теңгені құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ға дейін төмендеді. Салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің мемлекеттік бюджетке 416 млрд. теңге көлемінде түсуі қамтамасыз етілді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халық саны 2 мыңнан асатын 47 елді мекенде дербес бюджеттер енгізілді. Олардың көлемі 6,8 млрд. теңгені құрады. Осы қаражат есебінен мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі, абаттандыру және көгалдандыру, автожолдарды ұстау, көшелерді жарықтандыру қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіп
Облыс еліміздің жетекші индустриялық аймағы болып қала береді. Өнеркәсіп облыс экономикасының жартысын (49%) құрайды. Негізгі ресурстар өндірісті жаңғыртуға, өңдеуші сектордағы экспорттаушыларды қолдауға, инвестицияларды тарту арқылы серпінді жобаларды іске асыруға бағытталған.
Көмір мен лигнит, түсті металл кендерін өндіру, тау-кен өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтердің көлемі артты.
Орын алған апатқа байланысты «АрселорМиттал Теміртаудың» 2 ай мерзімге тоқтап қалғанына қарамастан, өнеркәсіпте оң динамика сақталды (НКИ 100,2%). Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6 трлн. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 250 млрд. теңгеге артық. Бұл облыс өнеркәсібінде оның басқа салалары мен шағын және орта бизнес жобалары есебінен әртараптандырудың жеткілікті деңгейінің барлығын көрсетеді. Мысалы, машина жасау және фармацевтика саласында ғана өсім 30%-дан астам көлемді құрады.
Сондай-ақ, жүйе құраушы кәсіпорындарды жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Салынған қаражат есебінен «АрселорМиттал» ағымдағы жылы болат өндіруді 4 млн.
тоннадан астам көлемге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Қазақмыста» Жезқазған мыс балқыту зауытының екінші пеші іске қосылды, ол жылына 60 мың тонна өсім береді. Сонымен қатар, корпорацияға жылына 364 мың тонна мыс өндіруге мүмкіндік беретін болады. Облыс өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты бойынша көшбасшы болып табылады. Өткен жылға қарағанда өсім 6,4%-ды құрап, қазіргі уақытта 3,7 млрд. долларға жетті. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдері әлемнің 49 еліне экспортталады.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы
Кәсіпкерлікті қолдау картасына 11,6 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 785,4 млрд. теңгеге 103 жоба енгізілді.
Бүгінде 292 млрд. теңгеге 87 жоба жүзеге асырылды. 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 2018 жылы 39,9 млрд. теңге сомасына 3 жоба іске асырылып, 489 жұмыс орны құрылды.
Машина жасау, фармацевтика, құрылыс индустриясы және АӨК саласында жаңа өнім түрлерін өндіру қамтамасыз етілді.
2019 жылы Карта бойынша 42,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып, 698 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Инновациялар және Индустрия 4.0
Инновациялық секторлар дегеніміз «жаңа экономика» деп аталатын барлық бағыттарды білдіреді. Оларды дамыту көп жағдайда ғылымды көп қажет ететін технологиялардың нәтижелерімен айқындалады.
2018 жылы өндірісті жаңғырту мен цифрландыруға облыс кәсіпорындары 220 млрд. теңгеден астам инвестиция салды.
«АрселорМиттал Теміртаудағы» өндірістік үдерістерді басқару жүйесі – MES әзірленді. «Қазақмыс» жаңа инновациялық технология – гидрометаллургияны енгізу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Сондай-ақ, Нұрқазған байыту фабрикасын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда өндіруден, өңдеуден, тасымалдаудан және дайын өнімді өндіруге дейінгі өндірістік процестерді цифрландыру қарастырылған.
Активтерді жаңарту туралы шешім қабылдаған басқа да кәсіпорындар бар. Мысалы, «Шұбаркөл көмір» кәсіпорынды басқарудың интеграцияланған жүйесін енгізу бойынша жұмыстарды жүргізуде.
«Жәйрем КБК» қорғасын, мырыш концентраттарын ала отырып, жобалық қуаты жылына 5 млн. тоннаға дейінгі полиметалл кендерін қайта өңдеу жөніндегі жоғары автоматтандырылған байыту фабрикасының құрылысын жалғастыруда. Нысанды іске қосу 2020 жылға жоспарлануда. «АлтынАлмас» тау-кен металлургиялық кәсіпорны 2020 жылға дейін «Цифрлық кеніш»жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қарағандыдағы ең көне зауыттардың бірі – «Макеr» ЖШС құю-машина жасау кәсіпорны станок паркін заманауи роботтандырылған жабдықтарға толығымен жаңартты.
2019 жылы облыс кәсіпорындары модернизацияға шамамен 250 млрд. теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Инвестициялар
Жобаларды іске асыру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту – инвесторлармен жасалған тиімді жұмыстың нәтижесі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген жұмыстар аймаққа 20,6% өсіммен 470 млрд. теңге инвестициялық қаражатты тартуға мүмкіндік берді. Бұл 2017 жылға қарағанда 100 млрд. теңгеге артық.
Барлық тартылған инвестициялардың 85%-ы жекеменшік болып табылады. Оның 50% – шетелдік инвестициялар.
Облыста 1 трлн. теңгеден астам сомаға 9 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 35 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, шетелдік капиталмен – 18 жоба жүргізілуде. Инвестициялаудың негізгі салалары – металлургия, баламалы энергетика, машина жасау, химия.
Оның ішінде, 2018 жылы 8 жоба іске қосылды:
– «Саран КЭС» ЖШС күн электр станциясы, қуаты – 100 мВт;
– катодты мыс шығару зауыты «SaryArka Copper Processing» ЖШС;
– «Maker» ЖШС машина жасау өндірісін жаңғырту;
– «Алтыналмас АҚ» ақ алтын өндіру фабрикасының өнімділігін арттыру;
– «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ЖМЗ №1 рудотермиялық пешін қайта жаңарту;
– «Альфарух» ЖШС көтерме-тарату орталығы құрылысының 1-ші кезеңін іске қосу;
– болат пен темірді балқыту зауыты «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd»;
– «Қарағанды Құс» ЖШС жұмыртқа өндірісі цехын қайта құру.
Инвестицияларды тартуға арналған мемлекеттік қолдау құралдарының бірі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы болып қалуда. Бүгінгі таңда АЭА аумағында 15 компания қатысушы мәртебесіне ие, оның ішінде, 7 жоба іске қосылып, 8 жоба іске асырылу сатысында. Жобалардың жалпы құны 148 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, 1,7 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Облыста инвесторларды сүйемелдеу бойынша Регламент әзірленіп, оның мәні әрбір жобаны жеке алып жүруді көздейді. Бұл оларды іске асыру процесін айтарлықтай жылдамдатады. Тұрақты негізде облыстың инвесторлар кеңесінің отырыстары өткізіледі, онда жергілікті деңгейде инвесторлардың мәселелері қаралады және шешіледі.
«Атамекен» өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан «Бір терезе» қағидаты бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Барлық инвесторларды «шоурумда» қарсы алады, онда оларға облыстың инвестициялық мүмкіндіктері көрсетіліп, сол жерде мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер өтеді. Сонымен қатар, төрт тілде Қарағанды облысының investinq.kz инвестициялық порталы іске қосылды.
2019 жылы инвестиция көлемінің 5%-ға өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар, жаңа және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды құру үшін Трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвестицияларды тарту жоспарланған.
Агроөнеркәсіп кешені
Өткен жыл шаруалар үшін қолайлы болды. Оның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 272 млрд. теңгені құрады, өсім – 8,0%, НКИ 106,2% құрады.
Еңбек өнімділігі 28%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерінің өндіріс көлемі артты.
Өсімдік шаруашылығында соңғы 20 жылда алғаш рет 1 млн. тоннадан астам астық жиналып, Абай, Нұра, Осакаров және Бұқар жырау аудандарының диқандары ерекше көзге түсті. «Екінші нан» картоп бойынша да жоғары өнімділікке қол жеткізілді. Облыс бойынша 340,0 мың тонна картоп жиналып, орташа өнімділік гектарынан 253 центнерді құрады.
Ылғалды сақтау технологиясы енгізілген алаңдар 669 мың гектарға ұлғайтылды.
Жоспар бойынша 560 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу көзделді. Аталған жоспар асыра орындалып, айналымға 671 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері тартылды. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде климаттық жағдайлармен қатар, жоғары өнімді тұқым сорттарын және IT – технологияларды қолдану қолайлы мүмкіндік берді. Мысалы, облыстың екі пилоттық шаруашылығында (Осакаров ауданының «Найдаровское» ЖШС және Нұра ауданының «Шахтерское» ЖШС) нақты егіншілік элементтерінің арқасында тәжірибелік егістікте астық өнімділігі гектарынан 50 центнерге дейінгі көрсеткішті құрады. Ал, жалпы алғанда осы шаруашылықтар бойынша өнімділік деңгейі орташа көрсеткіштен 66%-ға жоғары болып шықты. Осы жылдан бастап, нақты егіншілік элементтерін басқа да шаруашылықтарда енгізетін болады.
2018 жылы цифрландыруды енгізу аясында 7 мыңнан астам егіс алқаптарын цифрлау жүргізіліп, олардың электрондық карталары жасалды. Жайылымдар мен шабындықтарды цифрлау жұмыстары жүргізілуде.
Осының бәрі мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жұмыстарды жеңілдетеді. Шаруашылықтардан өтінімдерді қабылдау және минералды тыңайтқыштар мен мал шаруашылығы бойынша субсидияларды төлеу алғаш рет электронды форматта жүзеге асырылды, оған ағымдағы жылдан бастап субсидиялаудың басқа да түрлері аударылатын болады. Мал басының және өндіріс көлемінің тұрақты өсу серпіні мал шаруашылығы саласында да байқалуда.
136,9 мың тонна ет өндіріліп, сүт өндірісі 5%, жұмыртқа өндірісі 15,3% артты. Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламаны ауқымды түрде іске асыру басталды. «ҚазАгро» арқылы 7,5 мың аналық ірі қара мал басын сатып алу үшін 4,6 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелер берілді.
Азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарының саны 205-ке жетті. Жыл сайын олар 100 млрд. теңгеден астам сомаға 1 млн. тоннадан астам өнім шығарады.
Әрине, бұл жетістіктерге мемлекеттік қолдаусыз қол жеткізу мүмкін болмас еді. 6 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 14,1 млрд. теңге қаражат алды. Жыл соңында мал шаруашылығы саласын субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы АӨК саласына 17,7 млрд. теңге инвестицияланды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 53%-ға артық. Қаражат инвестициялық жобаларды іске асыруға, ауыл шаруашылығы техникасын, асыл тұқымды мал мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалды.
Жалпы құны 31,7 млрд. теңгені құрайтын іске асырылып жатқан 41 инвестициялық жобаның, 2018 жылы 12 жобасы қолданысқа енгізілді. Сыртқы нарықтарға шығу бойынша да жұмыстар жанданды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жаңа мемлекеттерге экспорттау мүмкіндіктері баршылық. Экспорттан түскен табыс 60,1 млн. долларды құрады. Бұл өткен жылдың осыған сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Барлығы 1008 тонна сиыр еті мен 142 тонна қой еті экспортталды. Биылғы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 108,4% өсіммен 293,4 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жерді пайдалануды бақылау және оны қорғау
Жерді ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылады. Өткен жылы 202,6 мың гектар аумақта 270 бұзушылық анықталды. Жер заңнамасының нормаларын түсіндіру жөніндегі жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Пайдаланылмайтын жер учаскелерін мемлекеттік жер қорына қайтаруға қатысты жұмыстарды жалғастыру және алдын алу шараларын күшейту жоспарлануда.
Ветеринария
Эпизоотияға қарсы іс-шараларды өткізуге 2018 жылы 930 млн. теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізілді.
Барлық ауыл шаруашылығы жануарларының онлайн базасы құрылды, онда 954,6 мың бас тіркелген.
Облыс бойынша 107 үй жануарларын көметін арнайы қорымдар жұмыс істейді. Оның ішінде 45 типтік, 62 қарапайым нысан. 3 нысанның құрылысы аяқталды.
Құрылыс
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 7,2 млрд. теңге бөлінді. Пайдалануға 416,7 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 1749 пәтер салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Есепті жылдың соңында 151 өтінім беріліп, 93 өтінім мақұлданды. 847,7 млн. теңге сомасына 76 қарыз берілді. Барлығы 3,4 мың пәтерлік 32 жоба іске асуда. 2019 жылы облыстық бюджеттен 700-ден астам отбасын тұрғын үй сертификаттарымен қамтамасыз ету үшін бастапқы жарнаны субсидиялауға 1 млрд. теңге қаражат бөлу қарастырылған. Халық арасында жергілікті атқарушы органдар, банктер және құрылыс ұйымдары өкілдерінің қатысуымен күн сайын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Instagram әлеуметтік желісінде 7_20_25karaganda аккаунты ашылды.
Облыс бойынша 2018 жылы барлығы 18 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы қарастырылған болатын, оның ішінде, мектептер, дәрігерлік амбулаториялар және тағы басқалары. Қарағанды қаласында жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының және Нұра ауданының Ахмет ауылында, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Ал, Түгіскен ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2018 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Қалған 3 нысанды ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Қарағанды қаласы және Ақтоғай ауданында 2 мектеп пайдалануға беріліп, Теміртау қаласында мектеп құрылысы бойынша тиісті жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы мектеп пен Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысы жалғасуда. Көктемде Қарағанды қаласында олимпиадалық стандарттарға сай келетін 50 метрлік жабық бассейннің және күніне 3800 келушіге арналған Балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы басталады. Бұған қоса, 1500 орындық концерт залының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама – әзірлену сатысында.
2018 жылы Теміртау қаласында учаскелік полицияның Шығыс бөлімінің пункті салынды. Ағымдағы жылы Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында осындай учаскелік пункттің құрылысын жүргізу жоспарлануда. 2018 жылы елді мекендердің 38 бас жоспары әзірленді.
Көлік және жолдар
Жол құрылысы саласында үлкен жұмыс жүргізілді. 2018 жылы жалпы пайдаланудағы 1215 шақырым автомобиль жолдарына 45,2 млрд. теңгеге жөндеу жүргізілді. «Қарағанды-Жезқазған» автожолының 233 шақырымы, облыстық маңызы бар жолдардың 368 шақырымы, қалалық және аудандық жолдардың 315 шақырымы жөнделді.
Қарағанды қаласында жалпы сомасы 6,7 млрд. теңгеге 110 шақырым жол жөнделді, ұзындығы 17 шақырымды құрайтын «Абай-Қарабас-Жартас-Долинка» автомобиль жолының 2 учаскесін жөндеу жұмыстары жалғасты. Аталған жұмыстар 2019 жылы аяқталатын болады. Сонымен қатар, ұзындығы 20 шақырымды құрайтын «АқтоғайБалқаш» жолының екінші учаскесін күрделі жөндеу жұмыстары іске асты.
3 көпірді қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Қарағанды-Теміртау» магистралінің учаскесінде «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін қайта жаңарту және Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Көлік инфрақұрылымы дамуда. 61 тасымалдаушының қатысуымен 247 тұрақты автобус бағыты ұйымдастырылды. Облыс орталығының қала ішіндегі маршруттарында электрондық билеттеу жүйесін енгізу жұмыстары басталды.
«Қарағанды-Жезқазған» теміржол қатынасы қайта жаңғыртылды. Қарағанды қаласының теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңарту бойынша басталған жұмыстар ағымдағы жылдың аяғында аяқталады. Жөндеу жұмыстары ғимарат пен интерьердің тарихи келбетін барынша сақтай отырып жүргізіледі. Бұл ретте вокзал инфрақұрылымы көлік қауіпсіздігінің қазіргі заманғы талаптарына, жолаушылардың өзекті сұраныстарына және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету нормаларына сәйкес келетін болады. 2018 жылдан бастап, Балқаш қаласы әуежайының ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әуежайда үлкен жүкті ұшақтарды қабылдау қамтамасыз етілетін болады. Бұл облыстың туризм және әуе тасымалы саласының одан әрі дамуына жағымды әсер етеді.
Бизнес
Екінші жыл қатарынан біз кәсіпкерлік белсенділіктің өсу қарқынын 20% деңгейінде сақтап келе жатырмыз. Жыл сайын облыста 9 мыңнан астам жаңа ШОБ субъектісі пайда болады. Әрбір үшінші қарағандылық бүгінгі таңда бизнесте жұмыс істейді деп айтуға болады. Бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалардың республикалық рейтингінің қорытындысы бойынша Қарағанды облысы 6 орынға шықты. Бұл ретте біздің өңір мемлекеттік көмек алған жобалар саны бойынша 1 орын және салық аударымдары көлемінің өсуі бойынша 2 орын алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2018 жылы 2,4 млрд. теңге бөлінді. Бизнестің 172 жобасына субсидиялар, кепілдіктер, гранттар берілді.
Нәтижесінде аймақ экономикасына 11 млрд. теңге инвестиция тартылды. 6,4 мың жұмыс орны сақталып, құрылды. Бағдарламаға қатысушылардан 153 млн. теңге салық төлемдері түсті. Басқаша айтқанда, салынған әрбір 1 теңгеге 5 теңге жеке инвестициялар тиесілі. «2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асырудың екінші жылы да өз нәтижелерін беруде. 2018 жылы осы мақсатта 5,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. 1300 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне өткен жылға қарағанда 51,5% өсіммен 1989 адам оқытылды. Оның ішінде, 712 адам жеңілдетілген шағын несие және мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар алып, кәсіпкер атанды. 2018 жылы алғаш рет бизнесмендердің мүддесіне «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларын бірлесіп қаржыландыруға 1,1 млрд. теңгеден астам қосымша жергілікті ресурстар қосылды.
«Даму Аймақтар» пилоттық бағдарламасы аясында тепе-теңдік негізінде облыстық бюджеттен және «Даму» қорынан 600 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жеңілдетілген шағын несиені 15 кәсіпкер пайдаланып, 104 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жергілікті бюджеттен бөлінген әкімдердің гранттары да бизнеске үлкен демеу болды. Жас кәсіпкерлер 41,5 млн. теңгеге 71 грант алды. Жаңа бизнес нысандарының құрылысы жалғасуда. Өткен жылы сауда және қызмет көрсету саласында 20 млрд. теңгеге 299 жоба жүзеге асырылды. 1800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерін тиісті тапсырыстармен қамтамасыз ету үшін өнеркәсіп алыптарының айналасында шағын кәсіпорындар белдеуі жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнім жеткізу және сервистік қызмет көрсету бойынша 87 млрд. теңге сомасына 1947 серіктестік келісім жасалды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.
Кәсіпкерлер үшін қаржылық емес қолдау шаралары сұранысқа ие болып отыр. 2017 жылдан бастап қуаттылыққа байланыстырылған бос жер учаскелері мен бос үй-жайлардың онлайн картасы жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 817 жер телімі берілді. Сондай-ақ, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау бойынша техникалық шарттарды алуға болады. 2018 жылы кәсіпкерлерге 1400 техникалық шарт берілді. Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 84 032 ШОБ субъектісі жұмыс істейді.
2019 жылы Бизнесті дамыту картасы бекітіледі. «Atameken-Qaraganda» өңірлік микроқаржы ұйымы өз жұмысын бастайтын болады. Бұл жыл сайын алыс өңірлерде 200- ге дейінгі жобаны қосымша несиелендіруге мүмкіндік беретін болады.
Туризм
Біздің облыс үшін басым бағыттардың бірі туризмді дамыту болып табылады. 2018 жылы барлығы 931 млн. теңге сомасына 14 жоба іске асырылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қонақ үй бизнесі саласында жалпы сомасы 206 млн. теңгеге 5 жоба қолдау тапты.
Балқаш курорттық аймағы туристік картаның ТОП-10 нысанына кірді. Облыс әкімдігінің қолдауымен McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы Балқаш курорттық аймағының мастер-жоспарын әзірледі. Бұл жоспарды жүзеге асыру алдағы үш жылда Балқаш аймағына туристер ағынын екі есеге, яғни, 80 мыңнан 160 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоспарға инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық жағажайды абаттандыру, туристік нысандарды салу бойынша іс-шаралар, сондай-ақ, курорттық аймақтың әлеуетін ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар кірді.
Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1,1 млрд. теңге сомасына туристік 12 жоба объектілерінің құрылысы жүргізіліп, шамамен 183 жұмыс орны ашылады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік
2018 жылы білім беру және денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгеге 11 МЖӘ шарты жасалды. Аталған жобалар Балқаш, Шахтинск, Теміртау, Саран қалаларында, Жаңаарқа ауданында бұрын көрсетілмеген гемодиализ, КТ және МРТ қызметтері сынды жаңа медициналық технологияларды енгізуге мүмкіндік берді.
МЖӘ арқасында білім беру саласында мектепке дейінгі мекемелерде 1 555 орын қамтамасыз етілді.
Жүйелік тәсілді іске асыру үшін 79 жобаның пулы құрылды. 2019 жылы 26,3 млрд. теңге сомасына 36 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 9,8 шақырым инженерлік желілер қайта жаңартылды. Қаланың негізгі артериялары болып табылатын проблемалы магистральді жылу желілеріне ерекше назар аударылды. Биылғы жылы Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларының жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғырту жұмыстары жалғастырылатын болады. Бұл шаралар барлығы 252 мың адамды сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының ерекше тапсырмасы бойынша Теміртау қаласындағы 2-ЖЭО жаңғыртылуда. Бүгінгі таңда компания 20 млрд. теңге сомасына жаңа қазандықты салу жұмыстарын бастады. Бұдан басқа, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша облыс аумағындағы 10 қалада және 13 ауылдық елді мекенде 6,2 млрд. теңге сомасына 230 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынып, қайта жаңартылды. Аталған жұмыстар 230 мың адамды тиісті деңгейде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша 44 ауылдық елді мекенде іздеу-барлау жұмыстары және облыстың 2 су қоры нысанында 2017 жылы басталған жерасты су қорын қайта бағалау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, облыстың 45 ауылдық елді мекенінде іздеу-барлау жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Жүргізілген жұмыстардың қорытындылары алынған соң материалдар қала және аудан әкімдіктеріне сумен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа нысандарды салу бойынша жобаларды әзірлеу үшін жолданатын болады.
Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кентін сумен қамтамасыз ету бойынша көп жылдарға созылған мәселелер толығымен шешілді. Сонымен қатар, Саяқ кентін сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу жұмыстары да қолға алынған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша коммуналдық кәсіпорындардың басшыларымен тарифтерді төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді.
Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, жылумен жабдықтауға облыс бойынша орташа тариф 9% (3469,74 теңге/Гкалдан 3272,97 теңге/Гкал-ға дейін), энергиямен жабдықтау бойынша 11%-ға (орташа 15,62- ден 10,74 теңге/КВт-ға дейін), сумен жабдықтау және су бұру бойынша 7%-ға (орташа 86 теңге/м3 -тан 81 теңге/м3 дейін) шегерілді. Бұдан басқа, қоқыс шығару қызметінің құны 10%-ға дейін (орташа есеппен адам басына 190 теңгеге дейін) және лифттерге қызмет көрсету 5%-ға төмендеді (14 теңгеден бастап 13,3 теңгеге дейін).
Тұрғын үй қоры
Тұрғын үй қорын терможаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылы қайтарымды қаражат есебінен Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Саран, Сәтбаев, Теміртау қалаларында, Қарқаралы және Жаңаарқа аудандарында жалпы сомасы 247,4 млн. теңгеге 20 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізілді, оның ішінде, Қарағанды және Теміртау қалаларында 63 млн. теңгеге 6 лифт жөнделді. Ағымдағы жылы 10 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Абаттандыру
2018 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында 5,3 млрд. теңге сомасына 2 саябақты, 80 скверді, 250 аула аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыстың елді мекендерін санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. 2019 жылы 5 саябақ, 25 сквер, 200 аула аумақтары абаттандырылатын болады.
Экология
Өңірдің экологиялық мәселелерін шешу бүгінгі таңда басты басымдық болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылуда. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңес құрылды, оның мақсаты экология мәселелерін шешу жұмыстарына қоғамның, ғылымның және мемлекеттік органдардың күш-жігерін жұмылдыру болып табылады. «Шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды қазіргі заманғы кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі шаралар кешені» бекітілді.
Қоқысты бөлек жинау белсенді насихатталуда. ТҚҚ өңдеу саласына инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2019- 2020 жылдарға қалдықтарды орналастыруға арналған полигонмен жылына 300 мың тоннаға дейін қайта өңдеу қуаты бар қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланған. Сондай-ақ, «KazgreenЕnergy» ЖШС компаниясы 2019 жылдың соңына дейін Жезқазған өңірінде жылына 110 мың тоннаға дейін қалдықтарды өңдейтін биоэлектростанция салуды жоспарлап отыр. Осындай жобаны Балқаш қаласында іске асыру жоспарлануда.
«ЭКСПО – 2017»
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында «ЭКСПО – 2017» көрмесіне ұсынылған жобалар белсенді енгізілуде. Мысалы, Чех павильонында ұсынылған отты сақтандырғыштар өндірісі іске қосылды. Қарағандыда орнатылған қытай компаниясының 6 смарт-орындықтарының көмегімен күн энергиясын пайдалана отырып телефон құрылғысын қуаттауға және WI-Fi пайдалануға болады. Ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін полимерлі ылғал сорбенттер өндірісін енгізу жоспарлануда. Қарағанды қаласының «ГорКомТранс» ЖШС қоқыс өңдеу зауытының құрылысы бойынша жобаны ұсынды. Қазіргі уақытта аталған жоба шетелдік компаниялармен пысықталып жатыр. Жоба арқылы 15 МВт электр энергиясын қосымша өндіру көзделген.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар
Су тасқыны қатерінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені тұрақты негізде жүргізіледі. 11 елді мекенде қорғау бөгеттерін тұрғызу, бөгеттер мен жағалауды нығайту, арық-канал жүйелерін тазалау бойынша іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, облыстың автомобиль жолдарының 48 учаскесінде су өткізу құбырлары салынды.
Жұмыспен қамту
2018 жылы жұмыспен қамту шараларымен 61 830 адам қамтылды, оның ішінде, 43 505 адам жұмысқа орналастырылды, 1108 шағын несие және 100 АЕК дейін 20 грант берілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,5%-ға дейін төмендеді. NEET – жастар санатының төмендеуі байқалуда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 11,7% немесе 9 мың адамды құрады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жастарды қолдау үшін Қарағанды және Теміртау қалаларының халықты жұмыспен қамту орталықтары «Шығыс» және «70 квартал» базарларының аумағында жұмысқа орналастыру бойынша мобильді бекеттерді ашты. Алғашқы 2 апта ішінде 500-ден астам адам аталған бекеттердің қызметіне жүгінген. Олардың 30% жұмысқа орналастырылды, қалғандары оқуға жолдама алды немесе мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, өз ісін ашу және «Бастау – Бизнес» жобасы бойынша кеңес алды. Қарағанды қаласының «Алтын Арба», «Арай» базарларында, сондай-ақ, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында осындай жұмыспен қамту бекеттерін ашу жоспарлануда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 10967 адам қамтылды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге республикалық бюджеттен 336,4 млн. теңге бөлінді.
Еңбек даулары. Жалақыны көтеру
2018 жылы Қарағанды облысы бойынша ұжымдық еңбек даулары тіркелген жоқ. Жұмыс берушілер тарапынан 868 бұзушылық анықталды, 486 ұйғарым берілді. Бүгінгі күні жұмыс берушілер олардың 93,8%-ын жойды. Жолдау аясында қызметкерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Облыста 31832 жұмыс беруші 220 мыңнан астам кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтерді.
Білім
Бүгінде білім – адам мен қоғамды табысқа жетелейтін басты фактор. Біздің облыста білім беру саласын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. 2017 жылмен салыстырғанда білім беру бюджеті 93,5-тен 107,4 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.
Аймақта апатты жағдайдағы мектептердің ғимараттарын қайта салуға, күрделі жөндеуге және қайта жаңартуға, сонымен қатар, қазіргі заманғы жабдықтар мен барлық қажетті жайлылықтармен жабдықтауға үлкен көңіл бөлінуде. Бұл мақсаттар үшін бюджет 4,5 млрд. теңгеден 6,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.
Оқу жылы басталар алдында Ақтоғай ауданының Сарышаған кентіндегі жаңа мектеп өз оқушыларына есігін айқара ашты. Теміртау қаласында және Ұлытау ауданының Бетбұлақ ауылында мектептердің құрылысы аяқталуда.
Үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу үшін жыл соңында Қарағанды қаласында бір мектеп пайдалануға беріліп, тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда.
Мемлекет басшысының 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен 100% қамту туралы тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды.
Енді күн тәртібінде жаңа міндеттерді шешу мәселесі тұр. Бірінші – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету. Бизнесті тарту үшін осы санаттағы балаларға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге жуық арттырылды. Екінші міндет – бөбекжай топтарын ашу бойынша жұмысты жандандыру есебінен туғаннан 3 жасқа дейінгі балаларды ерте дамыту жүйесін құру.
Орта білім берудің жаңа сапасына көшу мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесі енгізілуде. Облыстың 242 мектебінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту элементтерін енгізу басталды.
Өлкетанудың интеграцияланған курсын енгізу үшін «Өлкетану. Қарағанды облысы. 5-7 сыныптар» оқулығы әзірленіп, ол республикалық үздік үштікке еніп, шетелдік әріптестерінің қызығушылығын тудырды.
Кең жолақты Интернетке қосылу көрсеткіші 97-ден 100%-ға дейін артты. 209 робототехника сыныбы жұмыс істейді. Шахтинск, Балқаш, Қарағанды және Абай қалаларында 71 IT-сынып және 4 технопарк ашылды.
Барлық мектептер электрондық журналды жүргізуге көшті. Құжаттарды автоматты түрде қабылдау мен балаларды 1 сыныпқа қабылдау, педагогикалық кадрларды электронды аттестаттау бойынша жұмыстар басталды.
Үйірмелер мен секциялар санының өсуі есебінен қосымша білім берумен қамту 8%- ға артып, 63%-ды құрады.
Облыстың білім беру ұйымдарының 75% инклюзивті білім беруді енгізу үшін кедергісіз аймақ құрды.
Патронат отбасыларында бүгінгі күні 206 бала тәрбиеленуде. 2020 жылға қарай, олардың санын 551-ге жеткізу жоспарланып отыр. 4 отбасылық балалар үйі ашылды.
Алғаш рет Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің балалар мен жастарға арналған «111» Ұлттық сенім телефонымен ынтымақтастық жұмыстары жолға қойылды.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін биыл алғаш рет педагогикалық мамандықтар бойынша мақсатты даярлауға жергілікті бюджеттен 30 грант бөлінді.
Жастардың табысты әлеуметтік бейімделу факторларының бірі техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту болып табылады. WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес, 8 жетекші колледждер базасында кәсіби дағдыларды дамыту бойынша Құзыреттілік орталықтары құрылды. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде кен өндіру саласына бағытталған республикадағы бірінші өңіраралық Салалық құзыреттер орталығы жұмысын бастады.
Еңбек нарығының қажеттілігін қанағаттандыру үшін 4 жаңа мамандық ашылды. Оның ішінде, екі мамандық «Ақпараттық қауіпсіздік» және «Мобильді құрылғылар мен қосымшалар» бойынша республикада осыған дейін мамандарды әзірлеу шаралары жүргізілмеген.
Жоғары колледждер саны 2-ден 4-ке дейін, аккредитациядан өткендердің саны11-ден 17-ге дейін, дуальды оқытуды енгізіп жатқан колледждердің саны 40-тан 42-ге дейін ұлғайды. 1 қыркүйектен бастап, барлық қалалық колледждерде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу жұмыстары аяқталды.
Денсаулық сақтау
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, біз бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға негізгі назарымызды аудара отырып, облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды бастадық.
2018 жылы саланың алдына қойылған міндеттерді орындауға 79,6 млрд. теңге бағытталды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 4,2%-ға көп.
Қарағанды және Теміртау қалаларының тығыз орналасқан аймақтарында жаңа емханалар салу бойынша кешенді жоспар әзірленіп, Қарағандыда 2 емхана ашылды. Сондай-ақ, келесі жылдың көктемінде тағы да 3 емхананың құрылысы басталатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен 2019 жылдың сәуір айында Теміртау қаласында емхана құрылысын бастау туралы келісімге қол жеткізілді.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуге жеке қызмет көрсетушілер тартылады, олардың саны 2018 жылы 64-ке жетті. Бұл көрсеткіш облыстың медициналық кәсіпорындарының жалпы пулының жартысынан астамын құрайды.
Ағымдағы жылы БМСК дамыту үшін Жезқазғандағы қараусыз қалған аурухана қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Онда жоғары технологиялық консультациялық-диагностикалық орталық, медициналық колледждің стоматологиялық клиникасы мен балалар санаториясы орналасатын болады.
Сондай-ақ, МЖӘ тетіктері денсаулық сақтау саласының басқа да қажетті объектілерін ашу үшін пайдаланылды. Ағымдағы жылы өзінің алғашқы пациенттерін аллергологиялық орталық, нейрореабилитациялық, гемодиализдік және офтальмологиялық орталықтар желісі қабылдады.
300 төсек-орынға арналған облыстық заманауи көпбейінді клиника құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 24 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі заманғы медициналық жабдықтарды сатып алуға тек осы жылы 2,7 млрд. теңге жұмсалды. Соңғы 2 жылда құны 5,7 млрд. теңгеден асатын 800-ден астам медициналық техника сатып алынды.
Халықтың сапалы дәрі-дәрмектерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге 13,7 млрд. теңге бөлінді.
Медицина кадрларын даярлауға үлкен көңіл бөлінуде. Өңірде еліміздің жетекші медициналық ЖОО-ның бірі орналасқан. Қарағанды облысында республикадағы алғашқы медициналық университет клиникасы ашылды. Науқастарды қабылдау 2019 жылдың қаңтарында басталды. Бұл жобаға 2 жыл ішінде 1 млрд. теңгеден астам қаражат инвестицияланды.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын медициналық кадрлардың жетіспеушілігі шешуді қажет ететін күрделі мәселе болатын. Біз бұл мәселені дәрігерлерге қызметтік тұрғын үй және жалақыларына қосымша төлем жасау арқылы шештік.
Саран қаласында дәрігер мамандарға тұрмыстық техника және жиһазбен жабдықталған 11 пәтердің кілті берілді. 2019 жылы Қарағанды, Шахтинск, Абай, Жезқазған қалаларында тұрғын үйлерді жөндеу және жайластыру жұмыстары аяқталып, дәрігер мамандарға 60-тан астам қызметтік пәтерлер тапсырылатын болады.
2019 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыстың жаңа әдістерін табысты енгізетін бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл үшін республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаражатты бағыттау жоспарланған. Қазіргі уақытта учаскелік дәрігерлер мен медбикелерді заманауи технологияларға оқыту жүргізілуде.
Жалпы облыс бойынша негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер мен халық денсаулығы көрсеткіштерінің келесі серпіні байқалады: туберкулезбен ауыру 9,2%-ға, осы аурудан орын алатын өлім-жітім 10%- ға төмендеді. Нәрестелер өлімі 6,2%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 2,7%-ға төмендеді.
Цифрландыру
Белсенді жұмыстың арқасында қоғамның сандық мәдениетке тартылуы айтарлықтай артты. Облыс халқының 96%-дан астамы интернетке қолжетімділікке ие. 421 ауылдық елді мекеннің 198-і интернетке қосылмаған. Олардың 52-і 2022 жылға дейін қосылады.
Біз облыстың білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін 100% цифрландырумен қамти алдық. Оларда қағаз құжат айналымы алынып тасталып, мемлекеттік қызметтер мен жұмыс есептері автоматтандырылды.
Барлық медициналық ұйымдар аймақтық кешенді медициналық ақпараттық жүйе базасында бірыңғай ақпараттық алаңда жұмыс істейді. «ДамуМед» мобильдік қосымшасы әзірленіп, оны 360 мыңнан астам тұрғын белсенді пайдалануда. Бұл көрсеткіш интернет-белсенді халықтың 72%-ын құрайды. Бүгінгі күні 1,3 млн. астам электрондық денсаулық төлқұжаты қалыптастырылды. Бұл аймақтағы халық санының 95%-ын құрайды.
Денсаулық сақтау саласында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және пайдалану процестерін жүйелендіру есебінен 700 млн. теңге үнемделді. Пациенттердің медициналық мекемелерге кезектері мен аталған қызметке қайтадан жүгінулері қысқарды. Білім беруде «Білім ал» бірыңғай ақпараттық жүйе кешені жұмыс істейді, оған облыс мектептерінің 100% қосылған. Кең жолақты интернетке қосылған мектептердің үлесі 98,3%-дан 100%-ға дейін, Wi-Fi қамтамасыз етілген мектептер үлесі 49%-дан 58%-ға дейін ұлғайды.
Облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында балабақшаларға өтініш беруді және кезектілікті автоматтандыру жүйесі енгізілуде. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін 100%-ға төмендетеді.
Облыстың барлық мектептері электрондық мектеп журналын жүргізеді. «Edu-Mark» мобильдік күнделігін 160 мыңнан астам оқушы мен ата-ана пайдаланады.
2018 жылы мектепке қабылдау және тіркеуді электронды форматта жүргізу бойынша пилоттық жоба басталды. Жүйе Теміртау қаласында толығымен автоматтандырылған. 2019 жылы бұл жұмыстарды 100%-ға жеткізу жоспарлануда. Педагогтерді электрондық аттестаттау бойынша «ПедАтт»жобасы іске қосылды.
Колледждерде «Электронды сессия», «Электронды қабылдау науқаны», «7-11 сыныптардың оқушыларын электронды кәсіптік бағдарлау науқаны» жобалары іске асырылуда.
Есептіліктің 200-ден аса формасы енді адамның қатысуынсыз жиналады және өңделеді. Есеп беруге, оның сапасы мен қабылданатын басқарушылық шешімдердің сапасын қамтамасыз етуге байланысты мұғалімдердің жұмыстары қысқартылды.
Күн сайын push-хабарлама арқылы ата-аналар баланың оқу үлгерімі мен мектепке келуі туралы ақпарат алады. Мектептердің барлық педагогтері мен оқушыларына цифрлық білім беру ресурстары қолжетімді.
2018 жылы 105 мың адам цифрлық сауаттылықтың негіздеріне оқытылды.
Мемлекеттік қызмет көрсетулердің 78% электронды тәсілмен көрсетілді, соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасына қанағаттанған азаматтардың үлесі 80% құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында «Смарт ферма» цифрлық фермасы мен дәл жер өңдеу элементтерін енгізумен 2 пилоттық жоба іске қосылды. Бұл тәжірибе одан әрі облыс бойынша таратылатын болады.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтардың арыз-шағымдарын мониторингтеу және оларға жедел үн қату үшін Бірегей үйлестіру орталығы іске қосылады.
Бейнебақылау камераларының саны 5 мыңнан 12 мыңға дейін артады.
Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру нысандарының 80%-на бейнебақылау камералары орнатылған. Биылғы жылы барлық мектептер «ақылды» бейнебақылау жүйелерімен жарақтанатын болады.
Қарағанды қаласының қоғамдық көліктерін электронды билет сату және диспетчерлеумен 100%-ға дейін қамту жоспарланып отыр.
Спорт
Спортты дамытудағы басым бағыттардың бірі – дене шынықтыру-спорт тәрбиесінің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте бұқаралық спортты дамыту мен жоғары санатты спортшыларды дайындауға үлкен көңіл бөлінеді. Былтырғы жылы облыс бойынша 567 мың адамның қатысуымен 9 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілді.
Бұқаралық іс-шаралар қатарында облыстың 28 мың спортшыларын қамтумен 10 спартакиада өткізілді.
Ұлттық спорттың 11 түрі табысты түрде дамып келеді, оларға 42 мыңнан аса адам қатысады.
27 мыңнан аса спортшылар өңірімізге 8 687 медаль алып берді.
Спортпен қамтылған тұрғындар саны 30% құрайды, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жастар арасында бұл көрсеткіш – 17%.
Облыста 2966 бірлік спорт нысандары жұмыс істейді, соның ішінде, ауылдық жерлердегі спорт нысандарының саны – 1 140.
Былтырғы жылы Абай қаласындағы жабық жүзу бассейні пайдалануға берілді. Қарағанды қаласындағы «Аманат – Арена» спорт кешенінің құрылысы аяқталды, Балқаш қаласындағы жүзу бассейнін «Ақ теңіз» спорт кешеніне реконструкциялау жүргізілді.
Шет ауданының С.Сейфуллин кентінде дене тәрбиесі-сауықтыру кешені салынды. Қарқаралы мен Абай қалаларында тағы 2 дене тәрбиесі-сауықтыру кешені салынуда, сол сияқты Қарағанды қаласының Пришахтинск аумағында бассейні бар спорт-сауықтыру кешені салыну үстінде.
Жалпы сомасы 366,8 млн. теңгеге 13 спорт нысанына жөндеу жүргізілді.
Спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс ерекше бақылауға алынған.
Жастар саясаты
Қазіргі жастардың үлкен әлеуеті, таланты мен энергиясы бар. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастардың білім деңгейіне, құндылық өлшемдері мен әлеуметтік белсенділігіне байланысты.
Өзінің Жолдауында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жастарды дамытуға арналған ауқымды инвестициялар әлеуметтік саясаттың басты бағыты болып табылатынын атап айтты. Сондықтан да қазақстандық жастарға жүктелген үміт пен сенімді ескере отырып, Елбасымыз биылғы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бүгінде облысымыздың әрбір бесінші азаматы – жас ұрпақ өкілі (291 мың адам, 21,1%).
Мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру мақсатында облыстық және 18 өңірлік жастар ресурстық орталықтары мен 87 жастардың ҮЕҰ жұмыс істейді.
Былтырғы жылы 243 мың жастың қатысуымен 5 мыңға жуық іс-шара өткізілді.
«Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы», «Серпін» жобалары іске асырылуда. Балалар үйлерінің түлектерін әлеуметтік бейімдеуге арналған қызмет жұмыс істейді.
Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында 20903 жасты жұмысқа тұрғызу, соның ішінде, 1232 адамды жастар практикасына орналастыру қамтамасыз етілді. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды үймен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауға алынған. 2018 жылы оларға 152 пәтер берілді.
2019 жылы «Жастар жылы» аясында 320 іс-шара өткізіледі. Барлық іс-шаралар жүйелі сипатқа ие және жастардың маңызды мәселелерін шешуге арналған. NEET жастармен жұмыс жүргізуге үлкен көңіл бөлінеді. Ол үшін келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргіземіз: еңбекпен қамту, жұмысқа орналастыру, оқыту. Біздің мақсатымыз – жыл сайын NEET жастардың үлес көрсеткішін 2% төмендету және жұмыспен қамту шараларымен 30 мың адамға дейін қамтып, бұл көрсеткішті 1,5 есе арттыру.
Облыста «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын іске асыру үшін база жасалды. Мысалы, облыстың мектептері мен колледждерінде «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, «Қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік негіздері» курстары ашылды, бизнес-инкубаторлар құрылды.
Ауылдарда тұратын жастарды қолдау үшін стартап жобаларға гранттар бөлінеді.
Тілдерді дамыту
Мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді.
2018 жылы облыстың қалалары мен аудандарындағы тіл үйрету орталықтары мен курстарында 2199 адам мемлекеттік тілге оқытылды, бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9% өсті.
«Казтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін 3214 адам тестілеуден өтті, оның ішінде, 3089 адам, яғни, 96% өз білімін бекітті.
Ағылшын тілі курстарында оқитындардың саны артты. Түрлі деңгейлерде ағылшын тілін меңгерген тұрғындар үлесінің көрсеткіші 15%, үш тілді меңгергендер үлесі 12% құрады.
«Ресурстық тіл орталығы» құрылды, ол қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша жұмыс жүргізеді. Латын графикасына жазу машықтарын меңгеру жөніндегі іс-шараларға облыстың 160 мыңнан аса тұрғындары қатысты. Биылғы жылы орфография ережесі бекітілгеннен кейін жаңа әліпбиге оқыту бойынша телесабақтар ұйымдастырылады.
Тұрғындардың тіл мәдениетін дамытуға, ұлттық кодты сақтауға арналған іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіліп тұрады. Мысалы, белгілі терминолог ғалым Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдығына арналған «Қазақ сөзжасамы: тарихы, бүгіні, келешегі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өңіріміздегі былтырғы жылдың айтулы оқиғаларының бірі болды.
Құқық тәртібі
Жалпы алғанда, қылмысқа қарсы күресті күшейту, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты нығайту мәселелерінде ұйымдастыру және практикалық шаралар кешенін іске асыру өңірдегі құқық тәртібі жағдайына игі әсерін тигізді.
2018 жылдың қорытындылары бойынша жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың, ерекше ауыр және ауыр қылмыстардың тіркелуі азайды. Көшелерде жасалған қарақшылық, тонау, бөгденің мүлкін ұрлау, қылмыстық құқық бұзушылықтар, сол сияқты кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың саны азайды.
ЖПП бөлімшелерінің қатысуымен ашылған қылмыстар көрсеткіштері жақсарды, сол сияқты полицияның учаскелік инспекторларының жеке іздестіруімен ашылған қылмыстар саны 8,1% артты.
Облыстың жолдарындағы жағдай тұрақтанды. Жол-көлік оқиғаларының саны 25,5% төмендеді.
Облыстың қалалары мен аудандарында қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жетілдірілуде.
Жергілікті полиция қызметі жұмысының индикаторлары әзірленді, олардың түпкі нәтижелеріне қол жеткізудегі атқарушы органдар басшыларының жауапкершілігі белгіленді.
Полицияның учаскелік инспекторларының жұмысын ұйымдастыру қайта қарастырылды, енді оларды тағайындау азаматтардың пікірлерін ескерумен іске асырылатын болады. Жеке профилактика шаралары күшейтілді.
Азаматтардың арыз-шағымдарымен жұмыс
Есеп беру кездесулерін өткізу барысында тұрғындардан 507 ұсыныстар мен ескертулер түсті. Жыл ішінде бақылауда болған мәселелер: ауыз сумен жабдықтау туралы – 49 өтініш, тұрғын үй бойынша – 13 өтініш, жер қатынастары бойынша – 10 өтініш, жолдарды жөндеу мен құрылысы бойынша – 57 өтініш, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарын жөндеу мен құрылысы бойынша – 56 өтініш, абаттандыру, санитарлық және экологиялық жағдай бойынша – 92 өтініш.
468 арыз-шағым орындалды, 29 арызшағым бақылауға алынды. Келіп түскен ұсыныстар мен ескертулердің орындалу барысы интернет-ресурстарға орналастырылады.
Мәдениет
Мәдениет саласында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын іске асыруға үлкен маңыз беріледі. Мәдени мұраны жаңғыртуға, жаңарту мен сақтауға, халықты рухани дамытуға, жаңа мәдени ұсыныстар мен жобалар жасауға нақты бағдар берілді.
Барлық шығармашылық ұжымдар, мәдениет және өнер ұйымдары осы міндеттерді орындауға дайын.
2018 жылы Бұқар жыраудың 350 жылдығын мерекелеу ұйымдастырылды, Ресейдің, Жапонияның, Қазақстанның ғалым-археологтары мен тарихшыларының қатысуымен Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналған халықаралық симпозиум, Францияның, Қытайдың, Сербия мен Қазақстанның театр ұжымдарының қатысуымен Ж.Хаджиев атындағы I халықаралық театр фестивалі өткізілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Ұлытау өңірінде «Жезкиік» халықаралық этникалық музыкалық фестивалі өтті. Оған отандық және әлемнің 11 елінен танымал орындаушылар қатысты. Фестиваль хроникасы Мексика, Австрия, Франция, Перу елдерінің танымал басылымдарында, сол сияқты Жапония, Польша, Тәжікстан, Ресей, Франция елдерінің әлеуметтік желілерінде жарияланды.
Былтырғы жылдың маңызды оқиғасының бірі – Ұлытау ауданы аумағындағы «Болған ана» кесенесінен табылған археологтардың сенсациялық жәдігерлері. Кесенеден табылған антропологиялық материалға зертханалық зерттеу жүргізілуде. Осы мақсат үшін Азия мен Американың алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтары таңдалып алынды.
2019 жылы біз Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіровтың 100 жылдығын атап өтеміз және басқа да бірқатар мәдени іс-шараларды ұйымдастырамыз.
Ішкі саясат
2018 жыл атаулы даталар мен оқиғаларға толы болды.
10 қаңтарда Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» Қазақстан халқына Жолдауы, 5 қазанда Мемлекет Басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» Жолдауы жарияланды.
Астана қаласының 20 жылдығын бүкіл еліміз болып мерекеледі.
Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Ақтоғай, Нұра, Шет аудандарының құрылғанына 90 жыл толуы жоғары деңгейде аталып өтті. Жалпы жыл ішінде 1200-ге жуық қоғамдық маңызды іс-шаралар өткізілді, оларға 1 миллионға жуық адам қатысты.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы одан әрі рухани дамуға тың серпін берді.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 1,2 миллион тұрғынды қамтумен 2310,5 млн. теңгеге 273 жоба іске асырылды.
Мысалы, «Туған жер» арнайы жобасы бойынша облыс тұрғындары қалалар мен аудандарды, елді мекендерді абаттандыруға қатысты. Олар 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салды, 24 сквер мен паркті абаттандырды, 38 спорт және ойын алаңдарын орнатты, 39 ескерткіш пен үйлердің қасбеттерін реставрациялады.
Есепті кезеңнің қорытындыларын шығара отырып, елеулі жұмыс жүргізілгенін атап көрсету керек. Барлық көрсеткіштер бойынша біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Мұның барлығы сіздердің қатысуларыңызбен және қолдауларыңызбен жүзеге асырылды, құрметті азаматтар.
Әрине, әлі шешуді талап ететін мәселелер аз емес. Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз бізге кемшіліктерді көру мен жоюға көмектеседі. Сол үшін сіздерге ерекше ризалығымды білдіргім келеді.
Бүгінде Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту бойынша біздің алдымызға жаңа міндеттер жүктеді. Біз ел Президентінің барлық тапсырмаларын тиісті мерзімінде орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бұл ретте өңірімізді одан әрі дамытудың басты кепілі біздің азаматтарымыз болған және солай бола береді. Облыстың әрбір тұрғынының табысы мен өмір сапасының жақсаруы – біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші.
Сіздермен бірлесе отырып, алда тұрған міндеттерді орындайтынымызға сенемін.
Біздің Қарағанды облысы тәуелсіз Қазақстанды нығайту ісінде бұдан әрі де өзінің лайықты орнын алатын болады.