Жаңалықтар

Түпкі меже – тиімділік

Бейсенбі күні online режимінде өткен Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХХVIII сессиясында 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қарастырылды. Депутаттардың басты жиынындағы кіріспе сөзінде облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ бюджет қоржынындағы қаражат бөлінісін тағы бір мәрте екшеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ аса өзекті әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқату жөніндегі нақты тапсырмаларына қатысты күн тәртібіне шығарылғанын айрықша атап өтті. Сонымен қатар, қаржыны белгілі бір салаға бағыттаудың түпкі межесі – тиімділік екенін тілге тиек етті.

Осы орайда облыс бюджетін нақтылау туралы мәслихат сессиясының шешімі республикалық бюджеттен түскен нысаналы трансферттер сомасын негізге ала отырып түзілгенін айта кеткен жөн. Қазына қаражатының шығыс бөлігін нақтылау әлеуметтік сала мен экономиканың нақты секторын одан әрі дамыту бағыттарын қамтыды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина хабарлама жасады. «Әлеуметтік саланың уақыт талабынан туындаған сұраныстарына, сондай-ақ, облыс экономикасының нақты секторына жалпы көлемі 8,8 млрд. теңге сомасындағы шығыстар қарастырылуда», – деді осы салаға жауапты басқарма басшысы.

Облыстық бюджеттің нақтыланған нұсқасының іс жүзіндегі қайтарымы аса әлеуетті әрі жалпы қоғам үшін жағымды болуы тиіс деп күтілуде. Себебі, соның аясында Қарағанды, Қаражал, Саран, Шахтинск қалаларында, Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаровка аудандарында жұмыспен қамту мәселесіне қатысты оңтайлы қадамдар жасау, жалдамалы тұрғын үйлер тұрғызу, халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтары мен аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін тұрғын үйлер салу жайы көзделген. Бұдан тысқары, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберіндегі іс-шараларды бұрынғыдан да пәрменді арнаға түсіру тетіктері іске қосылып, межеленген жұмыстардың ауқымы кеңейе түседі.

Сессия барысында облыстық мәслихаттың депутаттары жолаушылар тасымалын дамыту шараларына да бірауыздан қолдау білдірді. Нақтылай түссек, соған сәйкес, әлеуметтік маңызы зор жолаушылар тасымалының қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік қатынастар тізбесі Жезқазған, Теміртау қалаларында және Абай ауданында ұлғайтылатын болады. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button