Түлік індеті қайдан?

Төрт түлік мал өсіру – ықылым заманнан ата-бабамыздың асыл мұраттарға жетелер кәсібі. Осынау үрдіс ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Мал шаруашылығының табысты болуы сала мамандарының біліміне, біліктілігіне, ветеринарлық қызметтің сапасы мен тиімділігіне тікелей байланысты. Осы орайда мал шаруашылығы қызметкерлері, шаруа қожалықтарының иелері мал аурулары, әсіресе, адамдарға да қауіп төндіретін зооантрпоноздардық кеселдер туралы және олардың алдын алу жайындағы мәліметтерді білуі тиіс.

Бруцеллез

Ауру малдан адамға жұғатын, адамның организм жүйесі мен мүшелерінің зақымдалуымен сипатталатын, әдетте созылмалы ауру түріне ұласатын жіті инфекциялықаллергиялық зооноздық ауру.

Ауру қоздырғышы – сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталатын «бруцелла» туысына жататын микроорганизмдер тобы. Бруцеллалар төмен температурада ұзақ уақыт тіршілік қабілетін сақтай алады, мәселен тоңазытқыштағы шикі сүтте қоздырғыш 10 күндей, сары майда 4 аптадан астам, үй ірімшігінде 3 апта, қаймақта 10-15 күн, етте 12 күнге дейін сақталады. Бруцеллез жануарлардан адамдарға бірнеше жолдармен беріледі. Адамға зардапты үш негізгі түрлері: қой-ешкі бруцеллезі, мүйізді ірі қара мал және шошқа бруцеллезі. Адамдар үшін бруцеллалардың көзі – ауырған қой-ешкі, сиыр, шошқа, яғни, осылардың сүтімен, зәрімен (қойларда 2 жасқа дейін, сиырларда 5-7 жас), шу сұйықтығымен бірге бөлінген қоздырғыштар. Малмен жұмыс жасау барысында санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаса, адамдар ауруды жиі жұқтырады.

Жануарларда бруцеллездің клиникалық картинасы алуан түрлі, негізгі белгісі, мысалы сиырларда іш тастау. Бұл жағдайда бруцеллалар қарқынды бөлініп малдардың терісі, жүні, астау, төсеніш, жемшөп, жайылым, суат және тағы басқалары қатты залалданады. Залалдану ауа жолымен де болуы мүмкін. Демек, бруцеллез ветеринарлар, бақташылар, аңшылар, зертхана қызметкерлерінің кәсіби ауруы деуге де болады.

Сібір жарасы

Сібір жарасы – жануарлар мен адамдардың септисемия, қатты улану, терінің (карбункулездік түрі), ішектің, өкпенің, миндалинаның (ангиноздық түрі) зақымдануымен сипатталатын, жіті түрде өтетін жұқпалы ауру. Сібір жарасына жануарлардың барлық түрлері, әсіресе қой-ешкі, сиыр, жылқы, бұғылар мен түйелер бейім келеді.

Орталық Қазақстанда орналасқан Қарағанды, Ақмола облыстарында өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бергі уақытта оның үш жүзден аса ошақтары тіркелсе, нақты анықталғаны, белгі қойылып, бетондалып қоршалғандары көп емес. Жалпы мемлекет тарапынан сібір жарасының алдын алуға қатысты көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ошақтары есепке алынып, төлқұжат жасалып, белгі қойылуда. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс негізінде мал басын вакцинациялау сияқты жұмыстар жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Нодулярлы дерматит

Нодулярлы дерматит – ірі қара мал, қой-ешкілердің вирустық жоғары контагиоздық трансшекаралық ауруы. Бұл ауру алғаш рет 1929 жылы Орталық Африкада байқалып, вирустық табиғаты 1948 жылы дәлелденген. Қатерлі ауру соңғы жылдары біздің елде де байқалып отыр.

Аурудың қоздырғышы – ДНҚ құрамды вирус, қой-ешкі шешегін тудыратын вирустарға туыс. Нодулярлы дерматитке негізінен ірі қара мал, әсіресе, сауын сиырлар бейім келеді. Вирус аурудың жасырын кезінде терінің зақымдалған бөліктерінің бөліндісі, сілекей, сүт, ауыз-мұрын сұйықтықтары, шыққан дем арқылы сыртқа бөлінеді. Вирустың жұғу жолдары көп зерттелмеген, тікелей жанасу немесе насекомдар арқылы жолдармен жұғады.

Нодулярлы дерматитті пассивті түрде алдын алуға және емдеуге арналған дәрі-дәрмек жоқ. Арнайы белсенді түрде аурудың алдын алу үшін Нитлинг шамынан жасалған вирустық вакциналар қолданылады. Ауырған малдарды емдеу және екінші инфекциялар дамымау үшін кең спектрлі антибиотиктер мен интерферон негізіндегі препараттарды үйлестіре қолданады.

Жалпы вирустық аурулармен және басқа да жұқпалы дерттермен күресу бағытында ветеринарлық алдан алу шараларын уақытылы жүргізген дұрыс болады.

Шүкірбай ТӨКЕЕВ,

ветеринария ғылымдарының кандидаты.