Бас тақырыпРуханият

Тәңір төбесіне тұтсын!

Бүгін көктемнің алғашқы күні – Қазақ даласында Алғыс айту күні. Осыдан төрт жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен бекіген мемлекеттік мереке аз уақыт ішінде бұқаралық сипат алып үлгергені – дүйім елдің қуанышы.

Бұл күні Ұлы Дала кеңістігін ризашылық сезімі кернейді. Атамекеніміз Алаш жұртында тұрақтаған адамзат баласы бір-біріне алғыс жаудырып, құрметін білдіреді. Ілтипат көрсетіп, бір-бірінің ізгілігін оятады деген сөз. Ізгілік үстемдік құрған жерде, зұлымдыққа жол жоқ. Адамзат жаралғалы бері пенденің жүрегіне толық жетпей келе жатқан асыл қасиет – ізгілік, достық, махаббат. Онсыз ештеңе де болмаған, болмайды да. «Жылқы кісінескенше, кісі сөйлескенше» – бір-біріне жақын тартып, бауыр баса бастайды. Бауыр тартып, бірлік орнай бастағанда барып береке шөгеді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерден ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Адам баласының арасындағы азғантай ғана жақындастық, азғантай ғана көңіл осындай үлкен дүниелерге бастайтынын ертеден білген атам қазақ. «Көңіл көңілден су ішеді» дей ме, әйтпесе. Кісі бойына қуат бітіретін көңіл болса, сол көңілдің өзі қуатты екінші бір көңілден алатын болып тұр ғой сонда. «Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық, Қыр артылмас болған соң – мінсе қырқың» депті Абай. Демек, басқаны былай қойғанда, бір қазақ екінші қазақтың көңіліне қуат бітірсе, жігерлендірсе, елге тигізген пайдаң – сол. Сенің ақша, пұл бергенің емес. Оған жетпейінше, ақылды ұлтқа айналамыз дегеннің бәрі далбаса тірлік болып шығады. Ойланатын жағдай. Елбасының «Ассамблея, татулық, тұтастық» деп ұран көтеруінің мәні – тереңде. Алғыс айту күнін Ассамблеяның  құрылған күніне орайластырып белгілеуінен біз осындай мән іздеуіміз керек шығар. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған мереке туралы алғаш сөз сөйлегенде, «Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болады» дегені белгілі. Алғыс айту күнінің арқауы Ассамблея болғанда, оның алтын тамыры сонау бағзыдағы қазақтың ақылманы, идеологиялық көсемі Бұқар жырауда, беріге келсе Абайда болып тұр ғой. «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұл үйректей болыңыз» деп, құс-екеш құстың топтанып ұшқанынан ғибрат тартқан Бұқардың жыры. «Тозған қазды топтанған қарға алған» замана – бұл. Топталып ұшқан үйректер мысалының соңын «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» демеді ме Бұқар-екең?! Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» дегені үлкен парасат биігінен айтылғаны анық. Бұл өлеңнен біз келтірген екі жолдың алғашқысын ұран қылып жүргеніміз болмаса, байыбына бара алдық дей алмаймыз. Дегенмен, осы жұқанасының өзі ту қылып көтеруге жарап тұр бүгін бізге. Абайды түсініп, соған сай әрекет ету – адамзаттың алдына түсіп, үлгі шашумен пара-пар, одан артпаса.

Үлкен бір ұлыстағы ұлт пен ұлтты былай қойғанда, алғыс айту – әуелі адам мен адамның достық пейілінен туатын ілтипат. Ұлт пен ұлт та бірбірімен достық қарым-қатынасқа белгілі бір өкілдері арқылы барады. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөздің астары осы жерден қылаң ұрады. Қазақ пен шешеннің, қазақ пен немістің, қазақ пен орыстың достық қарым-қатынастарынан жүздеп мысалдар келтіруге болады тарихтан. Әсіресе, неміс халқының қазаққа деген ықылас-ілтипаты ерекше. Германияға көшіп кетсе де жүрген жерлерінде қазақ халқына алғыс жаудырудан танбайды. Ғаламтор беттерінде, әлеуметтік желілерде кездесіп қалып жатады ылғи. Тіпті, басқасын айтпағанда, жалғыз Герольд Бельгердің өзі неге тұрады?! Қазақ арасына жеті жасында келген неміс ұлтының өкілі. Күллі ғұмырын қазақ рухы мен мәдениетін көтеруге арнаған аяулы жазушымыз. Ұлты неміс болса да, қазақ жазушысы, қазақ, неміс, орыс тілдеріне судай. Сөйте тұра, еңбектерінің негізін қазақ тілінде қашап қалдырды. Герольд Бельгерді оқыған қазақтың жаны қайта түлеп, өзінің қазақтықтан, ұлттық тамырынан ажырап бара жатқанын түсінер еді. Тәңір төбесіне тұтсын рухын! 

Қазақ бір-біріне әбден разы болып, кісінің өзіне қылған жақсылығын қанша қайтарғанымен, өтей алмасын білгенде, «Тәңір төбесіне тұтсын» дейді. Әрине, Алланың мейірімі шексіз, өзі жаратқан құлын жарылқаусыз қалдырмайды. Бірақ, бәріміз бірдей лайықтымыз ба, мәселе – сонда.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button