Құтқару қызметтерінің үздіктері анықталды

Жұма күні Қарағандыда еліміздегі барлық құтқару қызметтерінің басын қосқан өрт-құтқару спортынан республикалық чемпионат мәреге жетті. Көш бастап, топ жарған мықтылар «Шахтер» стадионында өткен жабылу салтанатында марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілде күні облыс орталығында өрт-құтқару спортынан ерлер арасындағы ХХІІІ жазғы чемпионаты және әйелдер арасындағы ІІІ жазғы чемпионаты басталған еді. Үш күнге жалғасқан ел біріншілігі барысында сайыскерлер бірнеше кезеңде бәсекеге түсті. 400 метрлік өрт сөндіру эстафетасы, шабуыл сатысы арқылы жедел көтерілу, кедергілер арқылы 100 метр қашықтықты бағындыру және жауынгерлік қимылдарды көрсету сындарында мықтылық байқасты. Төрт халықаралық және екі ұлттық санаттағы төреші құрамына енген төрешілер бриагадасы шын жүйрікті анықтады.

Үздік нәтиже көрсеткен командаларды чемпионаттың бас төрешісі, ҚР «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы» ҚБ атқару коми­тетінің директоры Дәурен Данаев, ҚР ІІМ ТЖК Өрт сөндіру қызметі іс-әрекетін ұйымдастыру басқармасының басшысы Асылхан Құдайбергенов және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Ибраһим Күлшімбаев марапаттады.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасындағы ХХІІІ жазғы чемпионаттың жеңімпазы атағын Астана қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің құрамасы иеленді. Күміс жүлдені Алматы облысының ТЖ департаменті еншіледі. Ал, үздік үштікті Ақмола облысының ТЖ департаменті тұйықтады.

Әйелдер арасындағы додада Оңтүстік Қазақстан облысының ТЖ департаменті көш бастады. Екінші орынға Астана қаласы ТЖ департаментінің бойжеткендері көтерілді. Қола медальді шығыс­қазақстандық нәзікжандар олжалады.

Сондай-ақ, салтанатты рәсімде қос чемпионаттың ұйымдастыру жұмыстарын абыроймен жүргізген бірқатар лауазымды тұлғалар ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің Алғыс хатына ие болды. Бұл құрметке Қарағанды облысының ТЖД басшысы И.Күлшімбаев, Қарағанды облысының ТЖД басшысының орынбасары В.Магамадов, Қа­рағанды облысының ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі басшысының міндетін атқарушы И.Комаров, Қарағанды облысының ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және алдын алу қызметі басқармасының басшысы С.Коваленко мен Қарағанды облысының ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бас маманы С.Қабажанов лайық деп танылды.

Чемпионаттың ойдағыдай өтуіне үлесін қосқан «Өрт сөндіруші» АҚ облыстық филиалының директоры Е.Бушмановқа Қарағанды облысының ТЖД басшысының Алғыс хаты табысталды.

Дәурен ДАНАЕВ, бас төреші:

— Қарағанды облысының ТЖ де­партаменті ұйымдастыру жұ­мыстарын жоғары деңгейде атқарыпты. Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға же­ңіске деген жігері үшін, барша жанкүйерлерге үлкен спорт мерекесін сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін. Құтқару қызметінің шеберлігін шыңдап, кәсіби тұрғыда қалыптасуына зор септігін тигізетін осындай додалар келешекте де жалғаса береді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.