Жаңалықтар

Үстеме ақы алатын дәрігерлер саны артады

Елімізде коронавирусқа қарсы күреске қатысқаны үшін қосымша ақы алатын дәрігерлер саны 2 есеге  артады. Бұл туралы instagram-дағы тікелей эфирде Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді. 

Сәуір айындағы жалақыға үстемеақыны вирус белгілері бар, коронавирусқа күдікті пациенттерді қабылдаған сүзгі-кабинеттерінің қызметкерлері және қалаға кіретін жолдарда блок-бекеттерде кезекшілік еткен медициналық қызметкерлер де алады.

Инфекциялық, провизорлық және карантиндік госпитальдерде жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне берілетін төлем мөлшері өзгермейді.
Наурыз айында Қазақстандағы медицина қызметкерлеріне төленетін қосымша ақы көлемі 3,3 млрд. теңгеден асып түскен еді. Қаражаттың басым бөлігі, яғни, 1,9 млрд. теңгесі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы медицина қызметкерлеріне төленді.
Айбатыр Жұмағұлов жалақыға үстеме ақы республикалық бюджеттен бөлініп, әр облыстың аймақтық штаб комиссиясы бекіткен тізім бойынша қор тарапынан төленетінін атап өтті.

– Үстеме ақы бойынша тікелей шешімді комиссия қабылдайды. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға сүйене отырып, медициналық ұйымдар комиссияға өтінімдер жіберген, ал, комиссия оны бекіткен. Қор қабылданған шешімдердің бұйрыққа сәйкестігін талдайды. Кейбір қызметкерлер тізімге кірмеген жағдайлар да болды. Бізге шағымдар келіп түсті және комиссияға адамдарды тізімге енгізуді сұрауға тура келді. Сонымен қатар, қате есептеулер де болды және тізімге ережелер мен талаптар бойынша сәйкес келмейтін қызметкерлер енгізілген сәттер де кездесті, – деді медициналық сақтандыру қоры басқармасының төрағасы.

Өңірлік штаб комиссиясы сондай-ақ өз қалауы бойынша медицина қызметкерлерін үстеме ақылары бойынша тізімге қосымша енгізе алады, бірақ, бұл жағдайда төлемдер арнайы бөлінген қаражаттан емес, жергілікті бюджеттен, демеушілер есебінен немесе медициналық ұйым қорынан қаржыландырылатын болады.

Медициналық сақтандыру қоры басқармасының төрағасы қосымша ақы жұмысқа қатыстылығына және нақты жұмыс істеген уақытына байланысты есептелетінін еске салды.

– Егер адам бір күн жұмыс істеп, өтемақының толық көлемін алатын болса, бұл белсенділікті төмендетуге алып келер еді. Сондықтан да, менің ойымша, процесске қатыстылығына және жұмыс істеген уақыт кезеңіне байланысты төлемдер жасау бойынша осындай әділ шешім қабылданды, – деп түсіндірді Жұмағұлов мырза.

Басқа материалдар

Back to top button