Облыс әкіміРесми

Стадиондағы жұмыс қызды

Қарағандыдағы «Шахтер» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда ауқымды жаңғырту шаралары соңғы рет алты жыл бұрын жасалған. Аталған жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Қазір стадионда мамандар мінбедегі орындықтарды ауыстыруда. Қасбетті сырлауға дайындап жатыр. Мінбедегі және аумақтағы үй-жайларды, шешінетін орындарды, жуынатын бөлмелерді жөндейді. Бұдан басқа, жаңа газон үшін алаң дайындайды. Жасыл жабын енді жылыту және автоматты суару жүйесімен жұмыс істейді. Алаң төртінші санатқа сай және Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА талаптарына сәйкес келеді.
– Алаңды пайдалану күніне 8 сағатқа дейін артады. Бұрын мұнда бір сағат бойы жұмыс істей алатын еді. Осылайша, балаларды басқа алаңдарда жаттықтыру қажеттілігі туындады. Ал, негізгі футбол командасы наурыз айынан бастап ойнай алады, – деді «LCW group Kazakhstan» директоры Игорь Амалатов.
Сонымен қатар, стадионды жарықтандыру жүйесі жақсарады. Алаңда электр қуаты ұлғайтылды. Кешенді жөндеу шеңберіне жүгіру жолдары мен белгілеулерді ауыстыру да кірді. Жоспар бойынша барлық жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталмақ.
– Біздің қаланың танымал нысаны – осы «Шахтер» стадионы. Ол 60 жылдан астам уақыт бойы қала тұрғындары мен қонақтарын орталыққа кіреберістен қарсы алып тұр. Бұл жерде спортшылар мен жанкүйерлерге жайлы болуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі.
«Шахтер» стадионының директоры Вячеслав Мазитов өз кезегінде «Локомотив» және «Литейщик» стадиондарында жөндеу жұмыстарын бастайтынын айтты. «Литейщикте» жасанды газоны бар алаң жасалады. Тартанды жүгіру жолдары төселеді, қоршау, жарық шамдары, дәретхана орнатылады. Жұмыс тамыз айының соңына қарай аяқталады. «Локомотив» стадионында қасбеттер, трибуналар, спортзал және қызметтік бөлмелер жөнделеді.
Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары «Жастар» спорт кешенінде де басталды. Құрылысшылар ғимараттың қасбетін, үй-жайларын жаңартуға кірісіп кетті. Шағын футболға арналған алаң да қалпына келтіріледі.
Биыл балалар аула клубтарын жөндеуге ақша бөлінді. Оның ішінде, Майқұдықта – үш, қалада – бір клуб жөндеуден өтеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button