Соңғы қоңырау соғыла ма?

Мектеп оқушылары қазіргі таңда қашықтықтан білім алуда. Ол үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, аталған формат оқу жылының соңына дейін сақталады. Оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталады. Соңғы қоңыраудан кейін еліміздің мектептеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы орайда Қарағандыдағы 171 білім беру нысанын жөндеуге 6 млрд. 417 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл жөнінде бейсенбіде өткен брифингте облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ мәлімдеді. Сонымен, ТЖ режимінен кейін Қарағандыда қашықтықтан білім беру жалғаса ма? Ұлттық бірыңғай тестілеу өте ме? Колледждерде құжат қабылдау қалай жүзеге асады?

БАЛАБАҚШАЛАР ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Облыстың білім басқармасының мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстың бас санитарлық дәрігерінің ресми рұқсатымен мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтар өз жұмысын бастады. Бірінші кезекте жұмыс бабымен балаларды үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ ата-аналардың балаларын қабылдау жоспарланған. Алайда, кезекші топтардағы толымдылық 15 баладан аспауы тиіс. Балаларды таңертең қабылдау жіті назарға алынатындықтан, жұмысқа шығатын қызметкерлер тізіміне де ерекше көңіл бөлінбек.

– Балабақшаға келген бүлдіршіндер алдымен медицина қызметкерінің тексеруінен өтеді. Егер балабақшада 3 күннен артық болмаған жағдайда, учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтама ұсынылуы – міндетті. Күн сайын таңертең балабақшаның барлық қызметкері де толық тексеруден өтеді. Медицина қызметкері күніне екі рет топтарды аралап, балалардың жағдайын бақылап отыратын болады, – дейді білім басқармасының мамандары.

ТЕСТІЛЕУ МАУСЫМДА ӨТЕДІ

Республиканың барлық қалаларында түлектерге аттестат тапсыру соңғы қоңырау салтанатымен бірге 3-4-ші маусымда өтетін болды. Бұл жөнінде Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook-тегі парақшасында «Жыл сайын бұл іс-шара маусым айының ортасында өткізілетін. Бірақ, мектеп бітірушілері үшін қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтінін және ҰБТ-ға дайындалу қажеттілігін ескере отырып, бұл іс-шараны маусым айының басынды өткізу туралы шешім қабылдадық. Іс-шара аясында салтанатты түрде аттестаттар тапсырылып, 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады» деп мәлімдеді.

Биыл облыс бойынша 7 673 түлекке аттестат тапсырылады. Оның ішінде «Алтын белгіге» – 374 түлек, ал үздік аттестатқа – 322 мектеп бітіруші үміткер.

– Аттестат тапсыру және соңғы қоңырау салтанатына қаладағы 377 орта мектеп атсалысады. Салтанатты шара мектептер аумағындағы ашық алаңдарда өтеді. Адамдардың санына шектеу қойылады. Түлектер аттестат алу рәсіміне мектеп формасында келуі тиіс, – дейді облыстың білім басқармасының бас маманы Гүлдана Нұрсұлтан.

Салтанатты шарадан кейін мектеп бітірушілер ағаш отырғызу акциясына қатысады. Кейінгі жылдары мұндай акция дәстүрлі түрде 25 мамырға орай ұйымдастырылып жүр.

ҰБТ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Қарағандыда Ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айында 15 пункт базасында (5 жоғары оқу орны, 10 жалпы білім беретін мектеп) штаттық режимде өткізіледі. Бүгінгі таңда облыста тестілеуге қатысу үшін 6 625 түлек өтініш берген.

Осы орайда ҰБТ-ға тек биылғы мектеп түлектері ғана емес, сонымен қатар колледж түлектері және өткен жылдардағы мектеп бітірушілер қатыса алатынын айта кеткен жөн. Ал, маусым айындағы тестілеудің қорытындысы бойынша шекті баллды жинаған түлектерге мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік бар.

 Қайта тапсыратындар үшін тестілеу тамыз айында немесе 2021 жылдың қаңтар айында (бағасы – 2 242 теңге) өткізіледі.

Қазіргі таңда әрбір ниет білдіруші онлайн тестілеуден өте алады. Үміткерлер үшін Ent 2020.testcenter.kz сайтына әр пән бойынша тегін тесттің 70 нұсқасы енгізілген.

ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ

Облыстың білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандандырылған білім беру ұйымдарына түсу үшін конкурсқа қатысуға өтініштер қабылдау 15 мамыр – 1 маусымға аралығына бекітілген. Емтихандар маусым айының соңында өтеді. Тек, «Білім-инновация» лицей-интернаттарына өтініштер 15 мамыр – 15 маусым аралығында қабылданады.

Ата-аналар конкурстық іріктеудің қорытындысын мамандандырылған білім беру ұйымдарының сайтынан көре алады.

КОЛЛЕДЖДЕР ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТАДЫ

Қазіргі таңда аймақтағы 70 колледжде 35 530 студент қашықтықтан білім алуда. Студенттердің қорытынды аттестациясы да онлайн режимде жүзеге асуда. Ал, дипломдық жоба электронды форматта дайындалып, 15 минут ішінде презентация түрінде қорғалады. Жауап берер алдында студент жауап парағын көрсетеді, комиссия хатшысы экран скриншотын жасайды. Қорытынды бағалар колледждердің сайтында орналастырылады.

Биыл колледждерге құжаттарды қабылдау «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды портал арқылы тапсыру кезінде талапкердің жатақханадан орын алуға және тегін тамақтануға өтініш беруге мүмкіндігі бар. Себебі, әр талапкердің әлеуметтік жағдайы ЖСН (жеке сандық нөмірі) бойынша анықталады.

«Электрондық үкімет» веб-порталы демекші, алдағы уақытта балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына қабылдау электронды түрде жүзеге аспақ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімдері немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асатын мемлекеттік қызметтер балабақшаларға, мектептерге, колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылдау процесін автоматтандырып, қағазбастылық деңгейін төмендетуге сеп.

Аяулым СОВЕТ