Жаңалықтар

Шенеуніктер шектен неге шығады?

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында аймақтың бірнеше шенеунігіне қатысты іс қаралды. Осакаров ауданы, Трудовой ауылдық округінің әкімі Әбдіқасым Садықовқа дөрекі сөзі үшін ауыл тұрғындары арызданған екен. Жиырма жылдан астам уақыт қызметте жүрген әкім өз қателігін мойындап, мұндай жағдай енді қайталанбайтынын айтса да, мәселені талқылағандар қатаң сөгіс беруді шешті.

Жұмыстан тыс уақытта да жұмыс көлігінен түспейтін шенеуніктердің әдеті әдеп жөніндегі кеңесте қызу талқыланды. Кеңес мүшелерінің бірі – Виталий Забарный үшін мұндай әрекет тіптен де, сөкеттік емес екен. Ол жиналғандарды жұмыс көлігін жұмыстан тыс уақытта пайдаланған шенеуніктерді сөкпеуге шақырып, «онда тұрған ештеңе жоқ» екенін алға тартты. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы мамандары жергілікті полицияның әдеп жөніндегі өкілдігімен бірлесіп өткен айда ұйымдастырған рейдінде мемлекеттік көлікті жеке мақсатта пайдаланған 20 шенеунікті ұстапты. Үшеуіне қатысты тәртіптік шара қолданса, біреуіне, облыстың дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайрат Нүркеновке іс қозғалды. «Магнум» сауда кешені алдында түн жарымда қызметтік көлікпен жүрген жерінен ұсталды ол. Сол кезде басқарма басшысы болғанымен, іс қаралып жатқан мерзімде облыстық мәслихат аппаратының басшысы болып тағайындалған Қайрат Қаршығаұлының жаңа қызметіне дақ салмауға барын салды кеңес мүшелерінің бірқатары. Дегенмен, өзгеге сабақ болсын деп, шенеуніктің бұл ісіне ескерту жасау шешімі шығарылды. Жезқазған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Қайрат Сейітовке қатысты тәртіптік істі тоқтату бойынша шешім шығарды кеңес мүшелері. Сондай-ақ, Нұра ауданы әкімінің ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алтынбек Қаусыловқа берілген тәртіптік жазаны уақытынан бұрын алып тастау туралы хаты қаралып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жапсарбай департамент қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы, оның алдын алу және мемлекеттік қызметкердің Әдеп кодексін ұстануы жайлы баяндама жасады.

Аймақта 130 табиғи монополия субъектілері бар. Оларды тексеру бес есеге азайғанымен, жұмыс көлемі кеміген жоқ. Құрамына қарапайым адамдар, қоғамдық ұйымдар мүшелері, шенеуніктер кіретін сараптамалық кеңес тариф бекітерде жұмыс жасайды, жария тыңдаулар өткізіледі,– деді ол.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button