Шахтинскіде 30 пәтер тапсырылды

Шахтинск қаласында кезекте тұрғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан 30 пәтер тапсырылды. Қоныс тойын тойлағандар қатарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар.

Қайта қалпына келтіру арқылы жөндеу көрген пәтерлер халықтың әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері үшін жалға берілмек. Бұл үйдің бір бөлігі осы жылдың көктемінде қайта жөндеуден өткен болатын. Сонымен қатар, осы үйден дәрігерлерге ведомстволық пәтерлер де берілген.

  • Бұл — тұрғын үйге мұқтаж отбасылар үшін айтарлықтай көмек. Біздің өңірдегі абаттандыру мен құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Біздің негізгі ұстанымымыздың бірі – барлық азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, – деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.

Бұған дейін баспана жалдап, туғантуыстың үйінде тұрақтап келген азаматтар тұрғын үймен қамтыған жергілікті билік өкілдеріне дән риза.

  • Мен үй кезегінде 2010 жылдан тұрмын. Осыған дейін туыстарыммен бірге тұрып келдім. Пәтер алғанымды естігенімде, қуанышымда шек болмады. Өз баспанаңның табалдырығын аттағаннан артық еш бақыт жоқ деп санаймын, – дейді Шынғыс Малгелдиев.

2020 жылы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша өңірдегі құрылыс көлемі 1,5 есеге ұлғайуы тиіс. Бұл болса, кезекті қысқартуға және алдағы жылдары халықтың әлеуметтік әлжуаз тобының барлық өкілдерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз тілшімізден