Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Бауырым езіліп барады»

Дүниеден қажыған қазаққа қаламымен нәр берген бір қаламдасымыз фәниден бақиға көшіп барады… Онымен бірге «Орталық Қазақстанның» бір дәуірі қоса көшіп барады. Бір кездері Совет өкіметіне қасқая қарап: «Бұл – мемлекеттік төңкеріс!» – деген Нұрмахан Оразбектің заманы еді ғой ол! Алаштың ең көкейкесті мәселелерін көтерген біздің заманымыз еді. Қоштасар күн туды – кеттің бе қайта келмеске?!..

Мағаш қаршадайынан осы газетте тер төккен. Ол үшін мына жарық дүниеде «Орталықтан» басқа қасиетті түк жоқ еді… Ол талантты редактор, қанатты қаламгер болды. Көргенді азамат еді. Қамшыдай қысқа ғұмырында ылғи жақсы, жайсаңмен жүрді: Шерхан Мұртаза, Нұрмахан Оразбек, Рамазан Сағымбеков, Ғабиден Құлахмет… Бүгінде олардың бәрі де жоқ…

Жанына жан жуытпайтын Мұхтар Мағауиннен интервью алған қазақтағы жалғыз журналист Мағауия Сембай болды – тарих оны кейін тарқатып айтады әлі.

«Орталық Қазақстан» – қаралы,

Нұрағам күрсіне қарады.

Басымнан бір дәурен көшкендей,

Бауырым езіліп барады…

Қош, Мағаш!

Жүрегім жаралы,

 Кім жалғар үзілген араны?!

Бақиға сен кеттің, мен қалдым,

Бауырым езіліп барады.

 Салыстырып Ақ пенен Қараны,

Саған да болармыз зар әлі!

…Осынау опасыз фәниде,

 Бауырым езіліп барады.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.