Сарандағы салтанат

Жыл құсындай сағындыра келетін Ұлыстың ұлы күнін Саран қаласының жұртшылығы да сән-салтанатымен қарсы алды. Қала тұрғындары мәдениет үйінің алдына күн көтеріле жиналды. Көбісі қазақтың ұлттық киімін киген. Еңкейген қариядан еңбектеген сәбиге дейін мерекелік көңіл-күйде.

Мерекелік бағдарламадан бұрын көпбалалы аналарға сыйлықтар тарту етілді. Бұл науқанға «Mansori club Karaganda» клубының қатысушылары демеушілік жасаған. Осылайша, ұлттық мейрам қайырымдылық шарадан бастау алды.

Мәдениет сарайының «Дарын» театрландырылған тобы «Қош келдің, әз Наурыз!» атты қойылымды сахналады. Ақ жаулықты аналар шашу шашты. Қала қонақтарына бауырсақ, түрлі тәттілер үлестірілді. Арнайы киіз үйлерге кіріп-шығып, дәм татып жатқан жұрт. Жастар алтыбақанның кезегінде.

  • Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін көктемнің шуақты мерекесінде отбастарыңызға амандық тілеймін. Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деп құттықтауын білдірді қала әкімі Ержан Темірханов.

Сондай-ақ, қалалық мәслихат хатшысы Өміржан Баймағанбетов те сөз сөйлеп, келесі Наурыз мерекесінде амандықпен қауышуды тіледі.

Мерекелік бағдарлама барысында ән әуеледі, би биленді. Ел мәре-сәре. Қонақтардың дені спорттық шараларға назар аударған. Тоғызқұмалақ, дойбы, қол күресі, арқан тартыс ойындары алаңды қиқуға бөледі.

– Наурыз мерекесі шуақты мерекелердің бірі. Осы қалада тұрып жатқаныма 10 жылдай уақыт өтті. Жыл сайын күтетін мейрамдардың бірі. Наурыз көже ұсынып, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Әсіресе, спорттық ойындар қызықты өтеді. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді қала тұрғыны Алексей ағынан жарылып.

Бозкілемде 16 балуан бағын сынады. Нәтижесінде, III орын Мұстафа Шүкірханға, II орын Айдын Әшімбаевқа, I орын Дидар Нықашқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бір-бір қойдан жетектеп кетті.

Тоғызқұмалақ ойынына екі санат бойынша 27 адам қатысты. Жеңіс жалауы Әзиза Құлметтенова мен Сырым Дулатқа бұйырды. Ал, арқан тартыста «СГТК» құрамасы II орын иеленсе, «Классик» командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Қол күресі сайысында 12 білекті жігіт өзара таласқа түсті. III орын Ардан Баймолдинге, II орын Алексей Аносовқа, I орын Роман Загробянға тиесілі болды. Кір тасын көтеруден де Роман алдына жан салмады.

Аталмыш шара Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бағдарламасымен қорытындыланды.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

Ortalyq Qazaqstan”