Саннорманы сақтау қатаң талап етіледі

Бұған дейін мәлім етілгендей, наурыздың 20-нан мамырдың 21-і аралығында Қарағанды облысында КВИ жұқтырған 455 науқас анықталды, оның 170-і, яғни, 39, 4 пайызы аурудан айықты, 3-еуі қайтыс болды. Жалпы, облыстағы індет жұқтырғандар көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 30,3 пайыз шамасында. Күн сайынғы өсім облыста – 43,3 пайыз. Бұл туралы онлайн брифингте облыстың бас дәрігері Қанат АСҚАРОВ мәлімдеді.

Сонымен қатар, Бас дәрігер Қарағанды қаласында карантиннің қайтадан күшейтілген шаралары енгізілмейтіндігін де жеткізді. Назар карантин жарияланғанда ұсынылған қауіпсіздік шараларға барынша аударылады. Арнайы құрылған дербес топ сол санитарлық нормалардың сақталуын жіті тексеруге шығады. Мұның сыртында, түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстары күшейеді. Бірақ, облыста науқастар саны артып, 7 күндегі өсім бүгінгі бір тәуліктегі 7 пайыздан асса, шектеу шаралары қолданылады.

Қанат Қырғызбайұлы мамырдың соңына дейін бүгінгі карантиндік шаралар сақталатынын еске салды. Осы айдың аяғында балаларды дамыту орталықтары ашылады. 30 адамға арналған қоғамдық тамақтану орындары мен кафелер жұмысына рұқсат беру маусымның 2-ші жұлдызынан жоспарлануда. Балаларға арналған жазғы лагерьлер мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Балқаш қаласындағы демалыс орындарының демалушыларды қабылдау жайы да әзірге талқыда.

Кешегі күнге дейін індетке шалдығудың Қарағанды қаласында –172, Теміртауда – 186, Шахтинск –10, Абайда – 5, Жезқазғанда – 4, Бұқар жырау ауданында – 26, Саранда – 11, Сәтбаевта – 1, Шет ауданында –1 оқиғасы орын алды. Он төрт науқас өзге қалаларда тіркелді. Облыстағы эпидемиялогиялық атқарылған шаралардың нәтижесінде науқастармен байланыстағы 10 045 адам анықталды. Оның ішінде, жақын қатынастағы адамдар – 2267, ықтимал байланыстағылар – 7778.

21 мамырдағы деректе «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не қарасты «Нұрқазған» кенішінде 133 жағдай тіркелген. Оның 41 пайызы, 54 адам – Теміртау қаласында, 48 пайызы, 65 азамат – Қарағандыда, 11 пайызы, 14 адам – Бұқар жырау ауданында тұрады. Олармен қарымқатынастағылары – 1515, жақын байланыстағылары – 244, ықтималы – 1271. Анықтау жұмыстары әлі жалғасуда. «Нұрқазған» кеніші 1 маусымға дейін жұмысын тоқтатты. Бас дәрігер өткен тәулікте КВИ-дің өсу деңгейі 7 пайыздан асқандығын атады. Енді Қарағанды қаласында күшейтілген шара нысандарда және халық арасында түсіндіру жұмыстарында көрініс табатынын айтты.

– Бүгінгі таңда нысандар мен субъектілердің біз ұсынған талаптарды орындамайтыны белгілі болып отыр. Егер тұрғындар мен нысандар азаматтық ұстаным мен талаптарға жауаптылық танытса, індеттің таралу қаупін төмендете аламыз. Басты міндет – осы, – дейді Қанат Асқаров.

Бас дәрігер кәсіпкерлерді және тұрғындарды карантин шараларын қатаң ұстануға шақырады. Бұл енді ұсыныс емес, алдағы уақытта қатаң талап ретінде іске асады.

Қызғалдақ АЙТЖАН