«Садақаны саулығыңда бер»

Адам өмірі құпияға толы. Алла бойына шексіз мүмкіндікті жиып берсе де, алдында не боларын білмейді. Қандай қуаныш, немесе сынақ күтіп тұрғаны әуелден жұмбақ. Міне, сондықтан да «Жақсы ниет – жарым ырыс» деп, ізгілікке ұмтылады. Ал, жаманшылықтан сақтану үшін жақсылық жасап, садақа береді. Ол адам баласын қауіп-қатерден қорғап, келе жатқан қауіптің бетін қайтарады екен…Жалпы садақаны Зекетпен шатастырмаған жөн. Зекет беру – әуелден мұсылман баласының бес парызының бірі. Алла бұйыртқан несібесі мен нығметіне шүкіршілік айтып, оның белгілі бір мөлшерін мұқтаж жандарға беріп отырған. Бұл туралы Құранда (51.Зарият-19): «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» делінген.

Ал, садақа беру әркімнің өз еркінде. Мұны ата-бабамыз адамгершілік сипаты деп санаған.

«Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) деген хадиске сүйеніп, садақа беруді үрдіске айналдырған.

Бір күні Иса алейһиссалам жолда кір жуып жатқан адамды көріп, сәлем беріп өтеді. Ол жерден біраз алыстағаннан кейін:

– Қайтарда бұл адамның жаназасына дайын болыңдар, – дейді. Кейін қайтар жолда әлгі адамның тірі екенін көреді. Бұған таң қалған Иса алейһиссалам Жәбрейіл алейһиссаламнан:

– Иә, Жәбрейіл! Бұл адамның өлетіні маған білдірілген еді. Тірі қалуының себебі не? – деп сұрайды.

– Иә, Иса, оны жылан шағып өлтіруі керек еді. Бірақ, оның садақа беруі, өмірін ұзартты, – деп жауап беріпті.

Қазір кей адамдар садақаны тіленшілікпен шатастырады. Өйткені, жалқау адамдар аярлықтан тіленшілікке бой алдырып, оны кәсіп етіп жүр. Аяқ-қолы сау адамның қайыр-садақа сұрап жүргенін көргенде іштей қынжыламын. Аманат етілген денсаулықты адал еңбекке жұмсамай, жиіркенішті әрекеттерге барып жатады. Бұл үлкен қалаларда көп кездеседі. Жаман әдетке үйір болып алған. Ондайларды көрсем, өзім ұялып тұрамын. Намыссыздық тіленшілік ауруға душар еткен. Әлде, шарасыздық па екен?..

Көшеде қайыр сұрап отырған аяқ-қолы жоқ адамды көрсем, тиын-тебен тастап өтемін. Өйткені, ол оған мұқтаж…

Абайдың 37-ші қара сөзінде: «Тоқ тіленші – адам сайтаны, харекетсіз – сопы монтаны» деп тіленшілікті сынға алған. Ал, Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Адам егер, бір күндік тамағын табуға күш-қуаты жетіп тұрса, оған садақа беруге болмайды» дейді.

Абайтанушы ғалым Омар Жәлел басқа көзқараста. «Садақа бергеннен гөрі, қарыз берген дұрыс. Өйткені, садақаны мұқтаж емес адам да сұрауы мүмкін. Ал, қарызды тек қана мұқтаж адам сұрайды» – дейді. Ол Абайдың «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» дегенін алға тартады. Демек, өзі болайын деп тұрған жанға қол ұшын беру қажет. Көрінгенге көмектесуге болмайды. Неге десеңіз, «Жақсыға жақсылық қылсаң, есінен кетпейді. Жаманға жақсылық қылсаң, есігіңнен кетпейді» деген сөз бар. Яғни, біз адамдарды масылдыққа үйретпеуіміз керек. Сонымен қатар, «Жаман малды асырасаң, аузы-мұрныңды май етеді. Жаман адамды асырасаң, аузы-мұрныңды қан етеді» дейді ол.

Ал, пітір-садақа қасиетті Рамазан айында беріледі.

– «ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл пітір-садақа мөлшері жан басына 370 теңге деп бекітілді. Шариғат бойынша, зекет, пітір және підия садақалары жағдайы жоқ жандарға, түгі жоқ міскінге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы таусылып, жолда қалып қойған жолаушыларға берілуі тиіс. Мешітке беру – халқымызда ежелден қалыптасқан игі үрдіс», – дейді облыстық Әнет баба мешітінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдәулет Әбілдаев.

Сөз соңында пітір-садақаның 10 пайдасына тоқталғанды жөн көрдік. Осы дүниедегі 5 пайдасы: мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жанды қуантады, ризықты арттырып, табысты берекелі етеді.

Ақыреттегі 5 пайдасы: қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады, тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сырат көпірінен өтуі мен дүниесінің есебін беруді жеңілдетеді.

Ендеше, жақсылық жасайық, ол өзімізге айналып келеді. Шамамыз келіп жатса, қайыр-садақа берейік. Ол – қауіп-қатердің бетін қайтарады…

Жәлел ШАЛҚАР.