Сәтбаев қаласында халықаралық айтыс өтті

Сәтбаев қаласында Жастар жылы мен Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы аясында «Ұлы дала үні» атты Халықаралық жас ақындар айтысы өтті. Жарысқа қазақ ақындарымен қатар, Моңғолия, Қытай және Қырғызстан елдерінен келген 18 айтыскер қатысты. Ақындардың өнерін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы бағалады. Ақындар додасын филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді.

Соңғы бес жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген айтыс биыл халықаралық деңгейде өтті.  Өнер көрсеткен айтыскерлердің ешқайсысы да марапатсыз қалған жоқ.

ІІІ орынды  павлодарлық Нұрқанат Қайрат пен Жаңаарқа ауданының ақыны Сырым Бейсенбек иеленсе, ІІ орын Сәтпаев қаласының тұрғыны Абзал Мақашқа бұйырды. Ал, І орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген ақын Жұлдызай Маратбек еншіледі. Бас жүлде тараздық ақын Қанат Мырзаханға бұйырды. Өзге қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.