Президенттік институтқа – 30 жыл

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасындағы Президенттік институттың 30 жылдығына арналған конференция өтті.

Жиында ҚарМУ оқытушылары студенттерге Мемлекет басшысының лауазымдық қызметі жөнінде айтып берді. Сондай-ақ, заң шығару, атқарушы және сот биліктерінің ара қатынасында кең өкілеттіліктерге ие халықтың ресми өкілі болып табылатын Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесіне тоқталды.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының доценті Руслан Ботағарин «бабаларымыздың егеменді Қазақ мемлекетін орнату жөніндегі тарихи миссиясы Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент ұлттардың бірігуіне, бейбітшілік пен келісімнің нығаюына, сыртқы саясаттың дұрыс бағытталуына үлес қосты. Еліміздің төл тарихында тұңғыш рет мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі жүзеге асты» деді.

Жиынға қатысушылар алда өтетін президенттік сайлау ел экономикасының тұрақтылығын арттыратынын, сайлауға еліміздің азаматтары ретінде атсалысуымыз керек екендігін ерекше атап өтті.

Аяулым Совет