Бас тақырып

Отбасылық медиация: түсіністік пен келісім жолы

Отбасы – тірі ағза. Өседі, өркендейді, жапырағын жаяды. Бірақ, бәрі бір қалыпта болса жақсы. Өзегіне құрт түскен ағаштың күндердің күнінде құлайтыны тәрізді, бір кездері гүлдей жайнаған отбасының да тірі ағза ретінде «өсуін тоқтататыны» өкінішті. Ал, оның арғы жағында өмірге енді ғана қадам басқан баланың меселінің қайтуы, өмірге өкпелі болуы жатыр… Осыдан, «Алланың аманатына» қиянат жасап, баланың емес, қарақан басының қамын ғана ойлаған жарымжан ата-аналар қоғамы пайда болады. Екі оттың ортасында қалған баланың жайын күйттеген кім бар дейсің?! Әркім «өз қотырын өзі қасыған» заманда, қоғамның осы қасаң қағидасына бағынбаған мектеп қана десек, артық айтқанымыз емес. Бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, ұстаздардың олардың өзімен ғана емес, ата-аналарымен де біте қайнасып, отбасының бір мүшесіндей болып кетуі заңды құбылысқа айналды. Содан да болар, отбасылық дауларды шешу – педагогикамен тікелей байланысты әрі әр мұғалімге етене таныс…

Отбасылық дауларды шешу күрделі жайт болғандықтан, қазір сот екі тарапқа да медиатордың көмегіне жүгінуді ұсынады. Оның өзінде, отбасылық медиаторлардың көмегіне. Ал, олар, әлбетте, жоғарыда айтқанымыздай, мектеп мұғалімдері. Демек, баланың жанын түсінетін, қажеттілігін ескере алатын бірден-бір адам. Шыны керек, жай күннің өзінде баланың жағдайын білу үшін мұғалімге хабарласып жататынымыз рас. Осы орайда мектеп мұғалімдері арасынан, оның ішінде, психологтар мен әлеуметтік педагогтарды кәсіби медиатор ретінде оқыту – дұрыс шешім екені анық. 

Қарағанды қаласы білім бөлімінің мамандары отбасылық медиация бойынша «Диалог – кикілжіңді шешу» орталығымен тығыз жұмыс істейтіндіктерін айтады. Жұмыстарының негізгі мақсаты – отбасындағы кикілжіңнің алдын алу. Мәселен, 2018 жылдың өзінде қаладағы 10 отбасы соттың қатысуынсыз медиация көмегімен кикілжің түйінін тарқатып, келісімге келген. Ажырасуға арыз жазғандардың 60 пайызын сотқа жеткізбей, татуластыруға мұрындық болғандар да осы, отбасылық медиаторлар, яғни, мектеп мұғалімдері. 

– Бүгінгі таңда Қарағанды облысы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған курстан қала мектептерінің 54 маманы оқудан өтті. Тренер-медиатор сертификатына ие болған 4 маманымыз каскадты әдіспен облыстағы білім беру ұйымдарының мамандарына отбасылық медиация бойынша курстар өткізіп тұрады. Сондай-ақ, директорлар мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар білім берудегі медиация жобасы аясында оқыту курстарында білім алған, – дейді білім бөлімінің әдіскері әрі психолог Рыскүл Ұзақбаева. 

Әдетте, дербес медиаторлардың қызметі ақылы екені белгілі. Бұлардың мектептегі медиаторлардың қызметіне қатысы жоқ. Мәселен, олар 2018 жылы 253 ақысыз кеңестер мен медиациялық отырыстар өткізіп, ажырасқан отбасылардың баламен қарым-қатынасын реттеуге көмектесіп, шағын кикілжіңдерді шешсе, 2019 жылдың басынан бері мамандардың көмегіне 210 отбасы жүгінген. Отбасын сақтап қалу, оның ішінде, баламен арадағы қарым-қатынасты реттеу мақсатында ата-аналармен бірлескен шаралар, тақырыптық кездесулер, конференциялар өткізу де дәстүрге айналған. 

Рыскүл ҰЗАҚБАЕВА, Қарағанды қаласы білім бөлімінің әдіскері:

– Психолог маман ретінде отбасында шешілмейтін мәселе болмайтынын айтқым келеді. Кез келген кикілжіңнің немесе түсініспеушіліктің алдын алуға болады. Қарым-қатынас, оның ішінде, бала мен ата-ана арасындағы мәселе бір тараптан қарастырылмауы керек, ортақ келісімге келіп, түйінін табуға болады. Қандай мәселеде де мамандардың көмегінен бас тартпаған абзал.

Отбасындағы келіспеушіліктер, көп жағдайда өзара тіл табыса алмау әсерінен болады, – дейді №74 орта мектеп психологы, медиатор Нұргүл Бәкірова. Маманның айтуынша, медиаторға жүгінетіндердің дені – ажырасу кезінде баланы бөлісе алмай жүргендер. Олардың көзқарастарын реттеп, ортақ шешім қабылдауға ықпал ету арқылы ең алдымен баланың мүддесін, содан кейін, отбасын сақтап қалуды ойлаған медиаторлардың еңбегін ерекше атап өту керек.

– Ажырасу әлегімен жүрген ата-ана баланың жағдайын көрмеуі де, білмеуі де мүмкін. Ал, бала оны сезеді, біледі. Қазір, шыны керек, адамдар бірін-бірі тыңдауға құлықсыз. Айтар ойын жеткізе алмай, бізге келіп жүгінетін ата-аналар да бар. Екі жақты да тыңдап, отбасылық өмірде мүлт кеткен жерлерін дөп басып көрсеткеннен кейін, ажырасудан бас тартқан талай отбасы болды. Әлбетте, біздің де көздегеніміз осы, ата-анасының екеуі де қасында болған баланың көңіл-күйі көтеріңкі, демек, үлгерімі де жақсара түседі, – дейді Нұргүл Бекайдарқызы.

Шынымен де, отбасының шырқы кетпесін десең, бір-біріңді сыйлауды, тыңдауды үйрену керек, сонда ғана тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Ерін сыйлаған әйелдің қадір-қасиеті өзгелердің алдында арта түседі. Ұйыған отбасы мүшелерінің тату тұрмысы, бір-біріне адал ниеттері, отбасының беріктігі – олардың күнделікті іс-әрекеттерінің нәтижесі екендігін айтады мамандар.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button