Бас тақырып

Қорымға көңіл бөлер кез келді

Қайғы мен қасіретке толы қаралы күндерді басынан кешірген қазақ халқының есінен өткен ғасырдың 30-50 жылдары ешқашан кетпейді. Өз халқының арасынан жау іздеген сталиндік тоталитарлық саясат адам айтқысыз қырғынға ұшыратты. Қазақстанда 103 мың, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында сегіз мыңдай адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Сан мыңдаған жесірлер мен жетімдер зар заманның зардабын тартты. Құрбандардың көрген қорлығы мен зорлығы, зардап шеккендердің тауқымет тағдыры тарих қойнауында кетті.

Десек те, бүгінгі күні тәуелсіздік шапағатын көріп, есімізді жиған шақта солардың соңында қалған қазіргі ұрпақты толғандыратын мәселе туындап тұр. Ұлы нәубет құрбандарының есімдерін есте қалдыру үшін шама-шарқымызша шаруа тындырып жатырмыз дейміз. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Көптеген іс-шаралар іске асуда. Жарайды делік. Бұл – аруақтар алдындағы парызымыз.

Құрбандардың балалары, немерелері, туған-туысқандарын ендігі мазалайтын сауалдар – «Әкем, атам қай шұңқырда қалды екен?», «Қашан, қай жерде қайтыс болды, қайда көмілді?», «Қайдан табамыз, кімнен сұраймыз, қайда барамыз?», «Кімнен, қай органнан көмек сұраймыз?». Бұл сұрақтарға жауап табу жеңілге түсе қоймайды.

Әңгіме негізсіз болмауы үшін өз басымнан нақты мысал келтірейін. Әрине, мен сан мыңдаған жетім қалған балалардың бірімін ғой. Мен бір жасқа толған 1937 жылдың қыркүйегінде әкемді «Жапонның тыңшысы» деген жаламен абақтыға жауып, қараша айында атышулы үштіктің шешімімен ату жазасына үкім шығады. Жансыз екеніне дәлел таппаған болу керек, үкімде «молданың баласы» деп жазылған. Үкімнің орындалғаны туралы құжат жоқ. Кейінірек, 10 жылға сотталды деген хабар берілген.

1955 жылы Омбы қаласында оқып жүргенімде Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің Президиум төрағасы К.Ворошиловқа әкемнің өлі-тірісі жөнінде хабарлауды сұрап, сауал жолдадым. Омбыдағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (МҚК) маған «әкең Мағаз Сағындықов 1943 жылдың 10 сәуірінде Қарағанды облысында жазасын өтеп жүрген жерінде туберкулезден қайтыс болды» деген ауызша жауап берілді.

 «Бақсақ, бақа екен» демекші, әкем жіберілген, яғни, жазасын өтеген бұрынғы «Гигант» совхозындағылар КарЛаг-тың ауылшаруашылық саласындағы ақысыз-пұлсыз жұмыс күші екен. Марқұм әкем көппен бірге сол лагерге этаппен апарылыпты…

Содан мүрдесі көмілген зиратты іздеуге кірісейік…

 Солтүстік Қазақстан облысынан КарЛаг-қа жөнелткені немесе Қарағанды облысына жеткені туралы ешқандай құжат жоқ. Омбы МҚК-нен «әкеме қатысты құжатты қайдан алдыңыздар?» деген сауалыма жауап жоқ, тек Мәскеуге сілтеді. Ондағы үш құзырлы органнан алған жазбаша жауапта «бізде тіркелмеген, республика прокуратурасы мен Жоғарғы сотына сауал жолдаңыз» делінген.

 Індете келгенде бұрынғы КарЛагтың орталығы болған Долинка кентінің жанындағы бір зираттан әкемнің қабірін іздеуіме кеңес берілді. Долинка мұражайында зираттың тіркеу журналы бар, бірақ, беттері мейлінше ескіріп кеткендіктен, оны оқу қиынға соғатынын да ескертті.

Ақырында Долинка кентіне де жеттік. Ондағы мұражай басшыларының көмегімен «халық жаулары» жерленген іргедегі қорымға бардық. Толған қабір төмпешіктері. Ешқандай белгі жоқ, қай сысында кім жерленгені, қабір саны белгісіз. Бір ғана ескерткіш тас орнатылған, онда «1891 жылы туған, 1943 жылы қайтыс болған Ахметжан Қажыкенұлы Омархан» деген жазу ғана бар. Иесіз, қоршаусыз қалған қорым.

Не дерсің?! Ішіміз удай ашыды, жандүниеміз толқып, көзімізге жас іркіліп, әкеміз өмірден енді өткендей күйде болдық!

 Кеңес заманында бұл орынға жерленгендерге халық жауы ретінде жиіркенішпен қараған шығар, бәлкім. Алайда, егемен ел болғалы қорымға үкіметтік, яки болмаса, қоғамдық ұйымдардың көңіл бөлмегеніне қынжыласың. Зират үстінде мал жайылады, жаз мерзімінде шетелдіктер өздерінің әкелерін, аталарын іздеп келетін көрінеді…

Қиянат құрбанына айналған жандардың ескерусіз жатуы жаныңды күйзелтері анық. «Ештен кеш жақсы» демекші, осы бағыттағы игі шараларды кешіктірмей қолға алу керек-ақ.

Өзім басқаратын Солтүстік Қазақстандағы «Память» қоғамдық қоры атынан тиісті тұлғалар мен мемлекеттік құрылымдарға осы қорымды абаттандыру жөнінде сауал жолдаған едік. Ресми жауапты Қарағанды облысы Абай ауданының әкімдігінен алдық. Сөйтсек, біз сөз қылып отырған зираттың ресми статусы жоқ екен. Зират ретінде «Мамочкина» ғана есепте бар және ол Абай ауданына қарайды. Қысқасы, қамқорлыққа алып, абаттандыру үшін қорымға бірінші кезекте зират статусын беру қажет. Бұл қажеттілік қазір қаралып жатқан сыңайлы, ұзамай оң нәтижесін беріп қалуы тиіс.

 Біз көтерген қорымның жайы тек қазақстандық емес, халықаралық деңгейде мәні бар саяси-әлеуметтік мәселе. Өйткені, КарЛаг Кеңес өкіметінің құзырында болған. Мұнда әр ұлттың өкілдері – бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары мен ІІ дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскендер жазасын өтеген. Сондықтан, шетелдерден делегациялардың келуі – түсінікті жайт.

Қалай десек те, көкейкесті мәселеге көңіл бөлер уақыт жетті.

 Болат САҒЫНДЫҚОВ,

«Память» қоғамдық қорының төрағасы,

 Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button