Бас тақырыпОнлайн-айтыс

«Орталықта»  онлайн-айтыс: Қайрат АСҚАР – Ботагөз МҰХИДЕН

Халықтық сарын мен көркем әдебиет мұраттарын бір арнаға тоғыстыра білген жаңа жобамыз – жазба айтыстың кезекті жұбына да төрімізді ұсындық. Сонымен, республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат АСҚАР мен айтыстың жарық жұлдыздарының біріне айналып келе жатқан жас талант Ботагөз МҰХИДЕННІҢ де сөз сайысына куә болып, қос жүйрікке жанкүйер болыңыздар, ағайын!

ҚАЙРАТ:
Шалқыған шартарапқа шалқар әні,
Тілінен өнерпаздың бал тамады.
Армысың, ағайын-жұрт, туысқаным,
Киелі аймағымның әр тарабы.
Бармысың, алтын достар, жарқын жастар,
Асқарға жетелейтін нар талабы.
Дүниеге дүрбелең туған шақта,
Елден де уайым бұлты тарқамады.
Мен бүгін Қарағанды ақынымын,
Дегенмен, туған жерім – Қарқаралы.
Баршаңызға онлайн сәлем бердім,
Ардақты арда жұртым Арқадағы.

Армысың, Ұлытаудың ұлар құсы?
Бармысың, ағасының тіл алғышы?
«Орталық» екеумізді жұп қылыпты,
Бұл ағаң – жан сырыңды ұғар кісі.
Қазақтың қандай қиын күн туса да,
Өнерін жандандыру – сыралғы ісі.
Вирустың талайларын көрген елміз,
Мынасы боп тұр дейді тым әлдісі.
Әлемге у таратып жатыр енді,
Қытайдың ағытылып «шлангісі».
Аман ба, Жезқаланың жайсаң жұрты,
Жақсыға үзілмеген мың алғысы?
Есен бе, Кеңгірдегі кеңпейіл ел,
Бойында бөрі рухы, қыран күші?!

Ботагөз, Астанадан Кеңгір өтіп,
Жүрмісің жалауыңды желбіретіп?
Келмеді биыл көктем, әттеген-ай,
Емінтіп, еркелетіп, елжіретіп.
Уайымға түсті ме екен бір көре алмай,
Көркіңе жүрген жандар көңлі кетіп?
Жер мен көк тұмшаланған уақытта,
Деп жүр ме «жолығамыз енді нетіп?»
О, тоба-ай, үйқамақта отырмысың,
Ботадай көздеріңді мөлдіретіп?..

БОТАГӨЗ:
Таяқтың болады екен екі жағы,
Ағам мені уайымдап аһ ұрады.
Көркіңді көре алмай жүр қанша адам деп,
Мына жерде құр бекер опынады.
«Ғашықтықтан оқыған» жігіт болса,
Онлайн жолығуға шақырады.
Ал, ол үшін, маңызды бірақ маған,
Жігіттің жүрегінің оты бары.
Содан соң маска, қолғап, антисептик,
42 000 түсетін счеті бары.
Көркімді көргісі кеп жүрген жандар,
Әуелі ескерілсін осы жағы.
Сондықтан үйқамаққа қамалдың деп,
Ағасы, жүзің бекер тотығады.
Онсыз да отыз жыл «отырған» қыз,
Карантинде оп-оңай отырады.
«Қырық үйден тыйылған» қазақ қызға,
Қырық күн үйде отыру не тұрады?!

Ақынның арда жырын ақын жалғар,
Ағайын, ең шабытты сәтімді аңғар.
«Орталыққа» онлайн жиналыпты,
Жан-жақтан жыр қымызын сапырғандар.
Әлемді дүрліктірген «тілсіз жауға»,
Қарсы қара өлеңмен атылғандар.
«Орталықтың» ұжымы – ордалы елдің,
Асқақ рухын көтерген батыл жандар.
Енді, міне, ерекше айтыс жасап,
Сабырға халқымызды шақырғандар.
Армысың, Арқа еліне айна болған,
«Орталықты» оқитын оқырмандар.
Қаншама қашықтықта отырса да,
Жүрегі мен тілегі жақын жандар.
Экраннан онлайн айтыс «оқып»,
Шапалақ соққысы кеп отырғандар!!!

Тарту етіп кетейік жыр елге біз,
Жұп болған соң көңіл де, тілеу де егіз.
Қадірлі Қайрат аға, амансыз ба,
Жанымды жабырқаған бір емдеңіз.
Өзіңдей қарындасты құрметтеген,
Ағаның ақ тілеуін тілеудеміз.
Мен Ұлытау, өзіңіз Қарқаралы,
Болсақ та, біз біргеміз, бір елдеміз!
Тек қана үйден шықпай вирус деген,
Қарсы төтеп береміз дүлейге біз.
Жез далаға «Covid» әлі келмесе де,
«Наконец» келмесін деп үрейдеміз.
Сіз болсаңыз вирустың ортасында,

Қарағанды жерінде «плендесіз».
Сондықтан өзіңізге сеніп жүрмін,
Ер жігіт ел-жұртына тіреу-негіз.
Қарындасың қауіпсіз жүрсін десең,
Cол бәлені ағасы жүгендеңіз.
Әйтпесе ағалыққа минус болар,
Вирусты біздің жаққа жібермеңіз!

ҚАЙРАТ:
Өмірдің өнер атты көкпарында,
Сен де сырлы сөзіңді саптадың ба?
Жезқазғанға вирусты жібермеспін,
Жанда жігер, жүректе от барында.
Карантин таптырмайтын уақыт боп тұр,
Өзіңнің отбасыңмен шаттануға.
Ұрпақты көбейтуді ойлау керек,
Отауыңда оңаша жатқаныңда.
Осыны ойлансын əр жас отбасы,
Ата-баба сап кеткен соқпағында.
Сұм заман, қатал тірлік ерік бермей,
Оты өшті, ұрпақ қалмай көп дарында.
Жастар бүгін күнкөріс қамын жеді,
Қайраты қабындаған шақтарында.
60-тың жартысына кепті жасың,
Біреудің таңы болып атпадың ба?
Ежелден «қыз мұраты – кету» деген,
Лайықты сыңарыңды таппадың ба?
Түтінін түтетіп бір шаңырақтың,
Келіні болып отын жақпадың ба?
Жақсы бір жайлы жерде жатар ма едің,
Жатырсың карантиннің қақпанында.

Ынтымақ, бірлік болмай ырыс бар ма?
Сен онсыз жеткізбессің бір істі алға.
Үкімет үйде отыр деп айтып жатыр,
Ағайын, қонақшыл ел, туысқанға.
Əттең, сол бір тəртіп пен қағиданы
Біздегі тойшыл қауым нық ұстар ма?
Тəртіпті қатаң сақтап біраз елдер,
Ұқсайды өзара бір ұғысқанға.
Білгенге құлақ аспай талай елдер,
Опық жеді індетпен жұғысқанда.
Халық болып тəртіпке бағынған жөн,
Мемлекет, ұлт барда, ұлыс барда.
Ондаған адам шығып көшелерге,
Əн салып, би билеумен тынышты алды, ə?
Бұл жайды «31» мен «КТК»-дан,
Көрсетіп, ел ренжіп, бұрыс болды, ə?
Карантинде ой жиып, кітап оқып,
Көңілін бөлмесе оғаш жұмыстарға.
Ораза айы келіп қалған екен,
Соларды қояйықшы дұрыс жолға.

Ботажан, қиналамыз, ал, несіне,
Халықтың нұр сыйлайық əр кешіне.
Алдымен иман менен ар құтқарар,
Тірліктің түссең сынақ, əуресіне.
Оразаң қабыл болсын, айналайын,
Жан едің шуақ құйған кеудесіне.
Жаратқан Жер бетіне сынақ беріп,
Ой салып жатқан болар пендесіне.
Көп асқанға бір тосқан бар екенін,
Тойымсыз адамзаттың салды есіне.
Əлемді соғыс, қылмыс, кір жайлаған,
Келтірді Тəңірі өзі тəубесіне.
Сондықтан, оразада ойланайық,
Ұмтылып ізгіліктің сəулесіне.

БОТАГӨЗ:
Бұл өмір шыр айналған диірмен ед,
Өзіңе деген аға, сыйым бөлек.
Карантиннің түстің деп қақпанына,
Мен үшін қапа болып күйінген ед.
Бұл күнде жайлы жерде жатар ең деп,
Тіліңіз неге сонша сүйірленед?!
Карантиннің боларын болжаппын ба,
Әйтпесе менде талап, зейін бөлек.
Өзіңнің жатқан жерің жайлы шығар,
Бұл жағдай біреулерге тиімді ерек.
Басқаларды білмеймін, бұл карантин,
Бәрінен бойдақтарға қиын боп ед.
Сондықтан қайта-қайта соза бермей,
Ақыл-есті тезірек жию керек.
Қабырғаға қамалып жүре бермей,
Қабырғам болар жанды сүю керек.
«Біз біргеміз» деп өзім айта бермей,
Бірге жүрер, бағынар биім керек.
Төтенше жағдай мынау біткен күні
Төтенше түрде байға тию керек!

Жөнім жоқ бүгін сөзден тосылатын,
Ағам едің дұғама қосылатын.
Қасиетті Рамазан төрлетіп тұр,
Оразаң қабыл болсын, асыл ақын!
Сағындырған мейірім айы келді,
Ниеттер теңіздей боп тасынатын.
Жайылған алақандар қайтарылмай,
Шуағы бар ғаламға шашылатын.
Нәпсілердің есігі жабылатын,
Жәннаттың қақпалары ашылатын!
Карантинге жабылсын бар жамандық,
Адам түгіл, жәндіктер шошынатын.
Карантиннің бітуін тілейікші,
Адамдай ауыз ашуға асығатын.
Қасиетті айда дұғамыз қабыл болсын,
Алланың мейіріміне бас ұратын!!!

Ағасы, үйде жатқан батырсыз ба,
Жайлы жерде жатуға жақынсыз ба?
Жеңгемнің тамағымен домаланып,
Қалам ғана көтерген ақынсыз ба?
«Жастар орталығында» істеуші едің,
Талайларға бас болған ақылсыз ба?
Бірақ жас қатарына жатпайсыз ғой,
Осы айтқан сөздерім татымсыз ба?
Жоқ әлде, құр әйтеуір жүре берер,
Жастарды қорғап тұрған шатырсыз ба?
«Еріктілер жылында» еңбек етпей,
Оқшауланып құр үйде отырсыз ба?
Жоқ, әлде 42 500-ді алып,
Ақырын жұмсап қойып жатырсыз ба?!

ҚАЙРАТ:
«Жас едім өмірге еркін бойламаған.»
Өзімді қартайдым деп ойламағам.
«Жастар орталығында» істеймін, рас,
Сондай жер – сіз үшін де майдан, алаң.
Мүгедек, зейнеттегі қарт жандарға,
Күнім жоқ көмегімді сайламаған.
Нан мен сүт, азық-түлік тасып жүрмін,
Жасымнан солай баулып қайран анам.
42 500-ді алу керек,
Жандар бар, оны қайтіп пайдаланам?
Мен емес алақанын жаятын жан,
Ақша түсе берсін деп айдаладан.
Халықтың күтетіні мейірім ғой,
Біз секілді көңілі бай баладан.
Әр адам – туған елдің бір бөлшегі,
Шықса да қандай ұлттан, қай қаладан.
Бұл таңда бірлік пенен ынтымақсыз,
Ешбір ел, ешбір ұлыс жайнамаған.
Алауыз, бірлігі жоқ көп елдерді,
Кезі жоқ соғыс өрті жайламаған.
Асыл болып ер туған талай атам,
Жасын болып бұлтқа да жай қадаған.
Бейбіт күннің бесігі тербетіліп,
Болса екен қалың жұртым, қаймана аман.
Осындайда қадірлі болады екен,
Ғаламзатқа құшағын жайған адам:
Дәрігерлер, полицей, әскерилер,
Ұстаздар есен жүрсін қайда да әман.
Ағайын өзімізден бастайық та,
Игілік күтер болсақ айналадан.

Жас жаның жақсы күнді қиялдаса,
Ғажап қой көңіліңнен күй арнаса.
Əлемді құттықтаймын Рамазанмен,
Жақтырмас жан болсам да «пиарды» аса.
Мен дұрыс иман жолын ұсынар ем,
Жатқанда түрлі діндер жиі арбаса.
Не пайда ас-су ішпей ашыққаннан,
Құлқынын, қу нəпсісін тыя алмаса?
Ораза тұттым деуден нендей қайыр,
Бастарын ізгілікке ие алмаса?
Жүректің көзі ашылмас, Абайша айтсақ,
Жаратқан Хақ сəулесін құя алмаса,
Аялаған қызыңнан қылық кетіп,
Ес кіріп, етек-жеңін жия алмаса.
Ұлыңнан ірілік пен ұят безіп,
Сатудан ар-иманын ұялмаса.
Қару ап, шаһидпін деп Сирия асып,
Өзін де, өзгені де жиі алдаса.
Абайдың ұлт ертеңі туралы айтқан,
Түйінін түйсігіне түйе алмаса.
Ерік берсең ібіліс – сұр жыланға,
Береке болмақ емес ұяңда аса.

БОТАГӨЗ:
Қолыма домбыра етіп, қалам алдым,
Сөзіндей боп жеткенде Саралардың.
Қайрат аға, қартаймас жігітсің ғой,
Баладай көңіліңмен дараландың.
Бетін қақпай отырған қарындастың,
Бетінен ала алмаймын жан ағамның.
Алдынан кеспе деген ағалардың,
Ақылын тыңдап өстім жан анамның.
Еркін елде еркелеп еркін ұшқан,
Табиғатпен тілдескен шағалаңмын.
Еркіндік – қанымдағы рухымда,

Қанатымды биікке қаға алармын!
Күніне он бес рет қол жуса да,
Тазалық – жүрегінде әр адамның.
Өзіңдей таза жандар көп болса екен,
Тез жетсін аман-есен қол алар күн.
Ғаламның дағдарысы ештеңе емес,
Дағдарысы қасында саналардың!

Біз жақта болжағыш көп «көріпкелдер»,
Әуелі үкіметке сеніп «шөлдер».
42 500-ді аламыз деп,
Банкке ағылды көп зеріккендер.
Жұмысынан нан тауып отырса да,
Ақшаның буына әбден еліткендер.
Қаншама мұқтаж жандар отырса да,
Көп болды өз жағдайын «кеміткендер».
Құдайдың «сотынан» да қорықпады,
Ақшаны қайта өткізіп, деміккендер.
«50 мың», «15 мың» мен «42 мың»,
Осылардың барлығын шолыпты елдер.
Ал, енді, кәсіпкерлер көмек берсе,
Оған да таласумен болыпты елдер.
Өзіңіз де ерікті болып жүрсіз,
Тыныш қана жүрсіңдер неғып сендер?!
Қол жаюшы адам көп мемлекетке,
Қоғамның көбі жалқау, желіккендер.
Ал енді «Еріктілер жылы» ғой деп,
Біздерге жол бастаған сеніпті ерлер.
Жақсылық жасап жүрген жан-жағына,
Өзіңдей үлгі болар бөрікті ерлер.
« Біргеміз» деген жалаң ұран емес,
«Еріктілер жылы» емес еріккендер!

Қазағым, төгілмесін жанар жасың,
Мен үшін мәртебең мен бағаң басым.
«Сovid» деген «көп ит» кеп
«көрінбейтін»,
Әкелді жер жүзіне залал басым.
Адамның өмірінде басты байлық

Денсаулығы жайдан-жай тоналмасын.
Балаларын әскерден күтіп жүрген,
Аналардың самайы ағармасын.
Үйкүшік боп бұрышқа байланбасын,
Соқталдай ер жігіттер- сом алмасың.
Туыстар қол алысып, қауыша алмай,
Амалсыз бетпердені оранбасын.
Қуаныш, той-думандар тоқтамасын,
Ашкөздік, қайырымсыздық жол алмасын.
Қалаларым қаңырап бос қалмасын,
Тынымсыз бұл тіршілік демалмасын.
Дәрігерлер жақынының жанында боп,
Енді мұндай қиын сәт оралмасын.
Қаншама жалмап алған адам басын,
Тәжтажал болып келді ғаламға сын.
Қоғамның бетпердесін шешіп берген,
Короновирус енді таралмасын!
Тәніңнің қамалғаны ештеңе емес,
Ең бастысы рухың қамалмасын!

ҚАЙРАТ:
Адамдықтың есігі жабылмасын,
Алаштың етсін Алла, бағын басым.
Еріктілер жүрген жоқ тыныш, қалқам,
Тәуекел деп кіреді жалынға шын.
Еріктілер ішінде бөріктілер,
Жартастай ғой нәзіктің жанында шын.
Тұратын шаршы метр тарылғанмен,
Рухани кеңістігің тарылмасын.
Үкімет бөліп жатқан жәрдем-көмек,
Көлденең көк аттыдан табылмасын.
Жазықсыз адал жандар жапа шегіп,
Қазына қаржысынан қағылмасын.
Қайырым, табандылық, ауызбірлік,
Шақырсын әрбір жанды сабырға шын.
Мыңдаған ерікті жас алғы шепте,
Мінезі жарқылдаған жалын, жасын.
Осынау дүрбелеңнің оты сөніп,
Сәбиің бейбіт күнде дамылдасын.
Әлемдік пандемия пәле болып,
Сан елдің қайыстырды қабырғасын.
Өзің де тыным таппай жүр екенсің,
Жастардың әрқашан да жанындасың.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай,
Қайырым мен мейірім қаныңда шын.
Ақ тілегім – ешқашан ауырмасын
Ардақты елім, қандасым, бауырласым.
Атанып алты Алаштың ару қызы,
Аман жүр ақ жүректі қарындасым.

Ботагөз, еліңе жыр арнағасын,
Қанатты қаршығадай қомданасың.
Иетін басын елге ару қызсың,
Сүйетін туған елдің кең даласын.
Айтысты осыменен түйіндейік,
Қиялмен шартарапты шарлағасын.
Халқымыз, жалпы әлем аман болып,
Көгімді уайым бұлты торламасын.
Ей, Алла, жетіп нұрлы таңға, Алашым,
Аман ет адамзаттың бар баласын!!!


Дауыс беру аяқталды! 

 

*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 30 сәуір сағат 21:00-де аяқталады. 


Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.

Сілтеме — @Ortalyq.kz

*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (28 сәуір сағат 21:00) 


Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.

Сілтеме — Whatsapp

Басқа материалдар

Back to top button