Онлайн-сауданың әлеуеті артып келеді

Облыста электрондық сауда қарқын алуда. Сатып алушылардың саудаға деген көзқарасының өзгеруі, яғни, тауарды салыстыру мен таңдауда сауда орындарындағы кеңесшілерге емес, интернетке жүгінуі осындай үрдіске алып келгені мәлім. Өңірдегі оффлайн-нарыққа қарағанда онлайннарық өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға артып, 5,8 млрд. теңгені құраған. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі «e-commerce» үлесі – 0,6%. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК өткізген аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Абылаеваның айтуынша электрондық сауданы дамыту жұмыстары 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Жоғарыда аталған мәліметтерден бөлек, 2022 жылға дейін онлайн сауда үлесін 2,6%-ға, яғни, 20 млрд. теңгеге дейін жеткізу міндеті де бар. Көрсеткішке қол жеткізу мақсатында 2019-2025 жылдарға арналған Электрондық сауданы дамыту жөніндегі Жол картасы да бекітілді.

– Жол картасы аясында электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды арттыру, сауда жүргізуде сервистік қолдау орталықтарын құруды қамтитын қолдау инфрақұрылымын құру сияқты бірқатар іс-шаралар қарастырылған, – дейді Татьяна Абылаева.

 Өткен жылы «Қазпошта» компаниясымен бірлесіп, интернет-дүкендерге қызмет көрсететін «1Е.KZ» е-коммерц орталығы іске қосылып, 530 адамға кеңес берілген. Ал, 2018 жылдан кәсіпкерлерге корпоративтік кіріс салығы мен жеке кіріс салығынан босату бөлігінде преференциялар көзделген. Преференцияны қолдану үшін келісімдер электрондық түрде рәсімделіп, төлемнің кем дегенде 90 %-ы қолма-қол ақшасыз жасалуы, сондай-ақ, жеткізу қызметі болуы қажет.

Жол картасының негізгі бағыттарының бірі – халық пен кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру. Өткен жылы 128 мың адам оқудан өтсе, оның 5 мыңы – тұрғындардың әлеуметтік осал топтарынан, 71 мыңы – ауылдық жерлерден. Оқу бағдарламасының модульдерінің бірі – электрондық саудаға оқыту, – дейді Татьяна Аблаева.

Отандық нарықтағы онлайн-сауданың негізгі өкілдері – Қазақстан бойынша халықтық тұтынатын тауарларды жеткізетін «flip.kz», тұрмыстық техника мен компьютер жеткізетін – «shop.kz», сондай-ақ, «Mebels.kz» сияқты ірі қарағандылық компаниялар. Одан бөлек,  биылдан «Price Scanner» мобильдік қосымшасының пилоттық жобасы да іске асырылады. Қосымшаға әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының атауы тіркеліп, акциялар мен жеңілдіктер, баға туралы ақпарат беріледі. Ал, тұтынушылар онлайн-режимде ең оңтайлы сауда объектісін таңдауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, 2019 жылы облыс бойынша POS-терминалдар саны 31,3%-ға артып, қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 24,4%-ға жеткен. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономикамен күресудің тиімді жолы екенін атап өтті Жеңіс Махмұдұлы.

Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек 15 ақпанда «Қазақстан» шахтасында орын алған оқыс оқиғаға да тоқталды. «ВАССКөмір» қызметі құтқарушыларының жіті қимылдауының арқасында зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазір шахта штаттық режимде жұмыс жасауда. Өңірдегі өзге шахталармен салыстырғанда, цифрландыру элементтері енгізілгендіктен «Қазақстан» шахтасында қайғылы оқиға болған жоқ. Яғни, арнайы датчиктер арқылы әр шахтерді қашықтықтан бақылау қызметі, газ бен түтінді бақылау датчиктері құтқарушыларға шахтерлерді жер бетіне шығарып, өртті жоюға мүмкіндік берген.

 Цифрландыру өнеркәсіптегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деген аймақ басшысы жағдайды жіті назарда ұстауды тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ