Бас тақырып

Онлайн-касса фермерге опа бере ме?

Фермасына онлайн-касса орнатпақ түгілі, отын-суына электр жарығын әзер жеткізіп жүрген қожалықтар жаңа жылда қызыққа батайын деп тұр. Салық кодексіндегі өзгерістер бұдан былай фермерлерді де онлайн бақылау кассалық аппараттар орнатуға міндеттейді. Орнатпаған жағдайда, оңдырмай айыппұл салады. Әлбетте, жабайы сауда-саттықтан өркениетті жолға өтудің кезеңі әлдеқашан туған. Бұдан қожалықтар да құр қалмауы тиіс. Алайда, олай тартсаңыз өгіз, былай тартсаңыз арба сынатын жағдай. Екеуін де аман алып қалатын қандай амал бар? Ол жағы бізге – беймәлім. Бір білеріміз – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, фермерлер қолма-қол есеп айырысуда кассалық аппараттарын алып, сақадай- сай болуы тиістігі. Жаңартылған, жетілдірілген салық жүйесі соны талап етеді.

АППАРАТЫ ЖОҚТАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

Салықтың сырт елге таңсық емес әдіс-тәсілдері бізде де біртінбіртін қолданылуда. Қолма-қол ақшадан түскен табыстан көбіне-көп салық төленбейтіні де ешкімге құпия емес. Ал, сол қаржы бюджет қоржынына түссе, халықтың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. 2017 жылы қабылданған еліміздің Салық кодексіндегі өзгерістер мен жаңалықтар былтырдан бері қолданыста. Соның бірі – онлайн бақылау кассалық машинасын кәсіпкерлердің жаппай орнатуы қажеттігі еді.

Фермерлердің сауда-саттығына да салық тәртіп енгізеді. Бұрын фермердің саудасындағы қолма-қол есеп айырысудағы тиын-тебенін салық санап келген жоқ-тын. Енді жаңа жылдан бастап, шаруа қожалықтары онлайн бақылау кассалық аппараттарын орнатуға міндетті. Сөйтіп, қолма-қол есеп айырысқанда, әлгі аппарат арқылы өткізіп, тұтынушысына түбіртек беруі қажет. Сол арқылы, яғни, тапқан табысы арқылы салық төлейді. Бұған дейін арнайы салық режиміндегі фермерлер үшін салық төлеу нысаны – жер болса, енді олай емес. Шаруа қожалықтары жалпы тапқан табысынан салық төлеуі тиіс. Мейлі, ол табыс аударымдар мен онлайн бақылау кассалық аппаратынан өтсе де, мұнда табыс негізге алынады. Ол салық табыстың 0,5 пайызын құрайды.

2017 жылдың желтоқсанында қабылданған жаңа Салық кодексі бойынша кәсіпкерлердің барлығы онлайн бақылау кассаларын орнатуға міндеттелген еді. Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес онлайн бақылау кассасына көшу 2019 жылдан бастап, кезең-кезеңімен жүргізілді. Онда шаруа қожалықтары аталған аппаратты орнатудан босатылды. Ал, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті. Осылайша, барша кәсіпкерлер онлайн бақылау кассаларына толық көшуі тиіс-ті.

Қарағанды облысының мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру басқармасының басшысы Зәуреш Қанатқызы бұл орайда фермерлердің барлығы орнатуға міндетті екенін айтады. Кассалық бақылау қолданылмаса, айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, қожалық иесіне 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қарағанды облысының мемлекеттік кірістер департаменті 2020 жылдың 1 қаңтарынан Салық кодексіндегі бірыңғай жер салығы негізінде арнайы Салықтық режимді қолданатын шаруа немесе фермерлік қожалықтар түріндегі салық төлеушіге салынатын салық нысанына қатысты өзгерістердің күшіне енетінін хабарлайды.

– Егер қазіргі таңда салық салу нысаны – жердің бағалау құны болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан жеңілдетілген декларациядағыдай, тапқан табысы саналады. Салықтың ставкасы табыстың 0,5 пайызы шамасында, – дейді Қарағанды облысының мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру басқармасының басшысы Зәуреш Қанатқызы.

ӨЗГЕРІСТЕН НЕ ПАЙДА?

Сонымен қатар, басқарманың айтуынша, шаруа қожалықтары жеңілдіктерді қолдануда заңнамамен қарастырылған талаптарды орындауы тиіс. Сонымен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан шаруа және фермерлік қожалықтарды қолма-қол есеп айырысуда бақылау кассалық машиналарын қолданудан босату туралы заңнама күшін жояды.

Қолма-қол есеп айырысуда аппаратты қолдану – шарт. Мамандардың айтуынша, онлайн бақылау кассасы көлеңкелі экономиканың жолын кесуге бір мүмкіндік. Оған қоса, салықтық әкімшілікті жақсартады. Сөйтіп, тексерістерді азайтуға ықпал етпекші.

ФЕРМЕРЛЕР ҚАУЫМЫ ДАЙЫН БА?

 Бұл орайда пікір сан алуан. Бірқатар фермерлер мұның аса қиындық тудырмайтынын айтады. Енді біреулері – селсоқтық танытады. Қайсыбірі – Үкіметтің тарапынан туындап отырған заң болғандықтан, оны орындауға міндетті екендіктерін жеткізеді.

– Бұл – заң, ал заң баршаға – ортақ. Олай болса, орындауға міндеттіміз. Ол заңдарды орындамасақ, несіне мемлекет болып отырмыз? Әрине, бұл орайда кедергілер болуы мүмкін. Мысалы, қайсыбір фермерлер қыстақта, жайлауда жүреді дегендей. Оларда интернет байланыс, телекоммуникация жағы кемшін. Ал, бірақ салық органдары дұрыс түсініктеме беріп, шаруа қожалықтарына ұғындырса, мұнда қиындықтар орын алмауы тиіс. Оған қоса, салықтық жеңілдіктері де болатыны анық, – дейді Шет ауданындағы шаруа қожалықтары қауымдастығының президенті Тілеуғабыл Есенбеков.

Енді бірі фермер өнімінің маусымдық сипат иеленетіндігінен оның тиімсіздігін айтады. Жалпы, фермерлер қауымын жергілікті билік өкілдері құлағдар еткен. Мән-жайды біліп отыр. Бірақ, оның ұсақ шаруа қожалықтарына пайдасы аз деген ұстанымда.

Гүлім КӘУКЕРБЕКОВА, мал шаруашылығы бағытындағы жеке кәсіпкер:

– Бізге әкімдік кассалық аппарат алу туралы ескерткен. Алайда, кей шаруа қожалықтарында тұрақты табыс жоқ. Аппарат орнатқан соң, оған ай сайын есеп беру қажет. Егер, табыс болмаса, қандай есеп жүргізіледі? Есеп берілмесе, табысын жасырды деген айыппұл тағы бар. Мысалы, біз мал басын өсірумен ғана айналысып келеміз. Малдың етінен басқа өнімін сатпаймыз. Өйткені, оны алатын, оған қызығушылық танытқан ұйымдар жоқ ауыл шалғай болған соң. Сол себепті, күзде және қыста малдың етін өткізіп қана қоямыз. Бұл болса, маусымдық сипатқа ие. Сондықтан, мұндай кассалық аппарат орнату тек ірі тауар айналымын үздіксіз жүргізетін шаруашылыққа болмаса, өзгеге қиындық тудыратын секілді. Оның үстіне шаруашылықтарда интернет жоқ. Сонда қалай болмақ? Мен кассалық аппараттан ет сатып алып тұрған адамға чек беру үшін 136 шақырымдағы Қарқаралыға баруым керек болады.

НҮКТЕ

Фермерлердің көкейіндегі жүрген көп жайттың бірі – осы. Әзірге әркім әртүрлі уәж айтады. Енді мұның қаншалықты пайда-зиянын келесі жыл көрсетеді. Жаңа жылды күтейік.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button