Облыс оқушылары «SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасында бақ сынауда

Қарағандыда «SportFEST Kazakhstan» ауқымды республикалық жобасының іріктеу кезеңі басталды. Оған облыстың 18 өңірінен 594 оқушы қатысуда.

Жарыстың жалауы бүгін желбіреді. Үш күн бойы қатысушылар шағын футболдан, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен, шахматтан, үстел теннисінен, баскетболдан және тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан жарыспақ. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 28 сәуірде өтеді.

Жарыс аяқталғаннан кейін іріктеу турында қолданылған барлық спорттық құрал-жабдықтар облыс мектептеріне сыйға беріледі.
«SportFEST Kazakhstan» Жастар жылы аясында ұйымдастырылған. Бұл – бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын және жастар арасында патриоттық тәрбие беруді насихаттауға бағытталған жоба.
Жастар жобасын «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар Қоры» ЖҚ бірлесіп өткізуде.