Құндақтаулы құпия құндылығы

«Темiртау оқиғасында қанша адамның қырылғанын әлi күнге дейiн ешкiм бiлмейдi, ол тарих ашылған жоқ. Кiсi өлiмi көп болды, оның iшiнде талай адам сотталды, атылды»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

«Егемен Қазақстан» газеті, 1997 жылғы 5 шілде.

Әркімнің өмірінде үлкенді-кішілі қуаныштар болып жатады. Біздер де сондай жағдайдамыз. Біздің қолымызға Мәшекеңше айтқанда мейміл мес келіп түсті. Оның иесі КСРО-ның 60-шы жылдардағы №1 құрбандығы және №1 құтқарушысы Шырақбек Қабылбаев еді. Иә, иә… ҚазССР-нің сол кездегі Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Ш.Қабылбаев. 1959 жылғы Теміртау оқиғасында жаппай қару қолдануға бұйрық берген делінген Қабылбаев. Адвокатсыз-ақ өзінің қарақан басын ғана емес, әлем алдында сол кезде солқылдақтық танытқан СОКП-ның және жалалы болған советтік милицияның абыройын қорғап қалған Қабылбаев. Біздің қолымыздағы месте Шырақбек Қабылбаевтың өз қолымен жазған күнделігі, СОКП ОК Бірінші хатшысы Н.Хрущевке, СОКП ОК хатшысы Л.Брежневке, ҚКП ОК бірінші хатшысы Д.Қонаевқа жазған өтініштері, сотта сөйлеген сөздері, басқа да осы іске қатысты құнды жазбалары сақталған екен. Төмендегі жазбамызда біздер осы құжаттарды басшылыққа алдық. Осы жазбамыз арқылы 60 жыл бойы құндақтаулы жатқан Теміртау оқиғасына сәуле түсіруге ұмтылдық.

1959 жылғы тамыздың алғашқы үш күнінде өткен қанқұйлы Теміртау оқиғасына да 60 жыл толып отыр. Бұрынғы Одақ тарихына «Теміртау оқиғасы», «Теміртау ереуілі», «Теміртау көтерілісі», «Теміртау бүлігі» деген атпен енген осынау қаралы күндер отандық тарихымызға сол күйі еш талғаусыз көшірілді. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде де іргелес отырған көршімізден аса алмай, тарихи баға беруге жалтақтадық. Оқиғаның себеп-салдары жөнінде де ой жүгіртіп, ешқандай бір іргелі зерттеулер жүргізбедік. Отандық басылымдарда Теміртау оқиғасын тәуелсіздік ұшқыны-мыс сынды бағалаған бірді-екілі материалдар да жарық көріп жатты. Оған да селт еткен жан бол- мады. Соның салдарынан күні бүгінге дейін Теміртау оқиғасы жөнінде екіұшты пікір қалыптасып, қоғамдық санаға дендеп енген жайы бар.

Расында да Теміртауда сонау 59-дың тамызында не болып еді? Көтеріліс пе? Ереуіл ме? Оқиға ма? Әлде бүлік не жаппай тәртіпсіздік пе? Бүгінгі таңда отандық БАҚ-та осының бәрі де жарыса қолданылып жүр.

Біз болсақ оқиға дер едік. Олай дейтініміз онда оқыс оқиға болды, мылтық атылды, кісі қолынан ондаған, керек десеңіз, жүздеген адам қаза болды. 1960 жылы 26 наурызда бекітілген айыптау қорытындысында «…1959 жылғы 2-3 тамызда оқ атудың қарқындылығынан 10 мыңға дейін атыс патронын, ал 2 мыңға жуық бос патронды əскери қызметшілердің конвой күзетшілері мен милиция қызметкерлерінің шығындағанын көрсетіп отыр» деп жазылған.

Оның салдары қандай қырғанға әкеп соққанын санап білу қазір оңайға соқпайтыны мәлім. Өйткені, деректер көзі жоқ… Мұрағаттарда құндақтаулы күйде жатыр…

Халқын қорғауға міндетті әскерилеріміз бен милициямыз бейбіт халыққа мылтық кезенді. Ешқайсының ақ-қарасын айырмады. Бұл Теміртау оқиғасының ең бір нәзік, осал тұсы дер едік. Өйткені, «оларды атуға бұйрық берген кім?» деген сауалдардың сауалына әлі күнге жауап қайтарылған жоқ.

Ал, бұйрық беруі мүмкін тұлғалар тізімі де шексіз емес еді. Олар – ең алдымен, СОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.Хрущев еді, СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Л.Брежнев еді. Ондай бұйрықты ҚКП ОК бірінші хатшысы Н.Беляеев те, республиканың Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев та, ҚКП Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы П.Исаев та, тіпті, Қарағанды облыстық ІІБ бастығы Н.Любых та бере алатын еді.

Алайда, олар мұндай бұйрықты бұзақылық оқиғасы орын алған жағдайда ғана бере алатын… Оның өзінде реттік, мезеттік сипаты болған жағдайда ғана бере алатын еді. Жаппай қару қолдануды тек Мәскеу шешетін.

Соған қарамастан, Теміртау оқиғасына кінәлі адам ретінде Қазақстанның Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев таңдалды. Бұл құрбандық еді. Таңдау Мәскеудікі еді. Оған облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Н.Любых қосақталды.

Теміртау оқиғасы кезінде ҚКП ОК бірінші хатшысы Н.Беляев республикадан тысқары жерде болған. Еңбек демалысынан Мәскеуге 2 тамыз күні оралады. Оқиға жөнінде ОК хатшысы Ф.Кәрібжановтан естиді және тәртiпсiздiктердi жұмысшы-коммунистердiң күшiмен басуға нұсқау бередi. Алайда, араға ішкі істер қызметі араласып, жағдай ушығады. Мылтық атылып, кісі өлімі болады. Сонда ғана, яғни, 3 тамыз күні таңертең оқиға туралы Хрущевке баяндайды. Қарағандыға ұшып келiп, жағдайды өз көзiмен көрiп, СОКП ОК хатшысы Л.Брежневке хабарлайды. Ал, ол Н.Хрущевке мәлiмдейдi. Хрущевтiң тапсырмасы бойынша Брежнев пен Беляев оқиға қайғымен аяқталған күннiң ертеңiнде, яғни, 4 тамызда Темiртауға келедi.

Сол күндері «Бірінші хатшы елде болмады-мыс» деген дерек те ұшырасады. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Без правыx и левыx» кітабының 52- 53 беттерінде «…Как раз в те дни Хрущев наxодился в США, встречался с президентом Эйзенxауером… Эйзенxауер дескать спрашивает:

– Что за город у вас новый в Казаxстане?

– Темиртау, – говорит Хрущев, – металлургический гигант мы там строим.

– А почему народ бунтует? – снова спрашивает президент США.

– Ничего подобного, – отвечает наш лидер, – никакого бунта в Казаxстане нет…» деген дерек бар.

Хрущевтың елге оралған соң құзырлы органдарға Теміртау оқиғасы бойынша қандай тапсырма бергенінің көрінісін қолда бар құжаттардан білуге боларлық.

Атыс оқиғасы 2 тамыз күні тіркеледі. Бұл – сол тұстағы ресми БАҚ беттерінде жарияланған мәліметтерден алынған деректер. Оған кейінгі уақытта да ешқандай өзгеріс ене қоймады. Әбден саясаттанған кеңестік тарихқа оның қажеттігі де жоқ еді. Өйткені, әлемдік ақпарат арқылы ондай бұйрықты берген адам Қазақстанның Ішкі істер министрі, генерал-майор Шырақбек Қабылбаев деген сынды ақпарат тарап үлгергенді. Көзге шұқып тұрып, Шырақбек Қабылбаев демесе де, жалпақ жұрт солай түсінді, әлем солай қабылдады.

Әлем алдында Теміртау оқиғасын бүгіп қалудың еш амалы қалмаған еді. Оны әлем жұртшылығы сол күні-ақ естіді. Ал, біздікілер оны жасырып, шала бүлініп жатты. Совет адамдары тек 4 тамыз күні ғана естіді. Оның өзінде ұзынқұлақ арқылы… Шетелдік радиохабарлар арқылы… Кейіндеу бұ- зақылық оқиғасы деп ұсынылды.

Ал, әлемдік БАҚ саяси оқиға деп қабылдады. Бұл жағдайда кінәні КСРО Орталық Комитетінен іздеуге тура келер еді. Оның өзінде Бірінші басшысынан… Сондықтан, советтік идеология оқиғаны «жаппай тәртіпсіздік» деуден танбады, сол негізде кінәлілерді бұлтартпай тапты. Сөйтіп, оқиғаға кінәлі ретінде әмірі күшті СОКП да емес, советтік элита да емес, қаскөй бұзақылар да емес, өз қателігін қалай жасырудың амалын іздеген партия советтік милицияны айыптап, Шырақбек Қабылбаевты құрбандыққа шалады.

Сөйтіп, СОКП ОК жаппай қару қолдануға бұйрық берген адамды тапты. Коммунист Ш.Қабылбаев бұл ұйғарыммен келіседі деп ойлады. Келіскен жағдайда ол бар-жоғы жұмыстан шеттетілетін еді. Тіркемеге алынған Н.Любых та қарсы болмайды деп ойлады. Ешкім де оларға ауыр жаза беруді ойлаған жоқ.

«Кінәлі» жандарға батқаны өздерін орынсыз қаралағандары еді. «Бақсақ бақа екен» дегендейін, бәріне кінәлі милиция екен. Адал коммунист бәрімен келіссе де, осынау тұжырыммен келісе алмады. Сол-ақ екен, советтік жазалау аппараты іске кірісіп-ақ кеткен. Қайткен күнде Қабылбаевты кінәлі қылып шығару керек еді. Бұл жолда олар бәріне барды. Қоқан-лоқы да жасалды. КСРО Бас әскери прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі әскери тергеушісі, әділет полковнигі Грековтың астамшылығы да істі орнынан қозғай алмады. Он томдық «Дело по обвинению Кабылбаева Ш. и Любых Н.Н» деген іс анау-мынау емес, 5068 беттен тұрады.

Осы істің көптеген көшірмелері Ш.Қабылбаевтың жеке мұрағатында сақталған екен. Жасыратыны жоқ, гүлденген Қазақстан Магниткасында жағдай күрмеулі болатын. Комсомол құрылысына Одақтың түпкір-түпкірінен жастар ағылып жатты, ішінде қылмыстық элементтер де аз емес еді. Келушілердің жұмыс істемеген күндері көп болды. Өйткені, бәрі де жетіспей, жұмысты үйлестіру жағы ақсап жатты. Қолы бос жастар ішімдікке. Соған орай, тұрмыстық кикілжіңдер жиі болған. Топтасып төбелесу бой көрсете бастаған.

Оның үстіне Болгариядан жолдамамен жас жұмысшылардың келуі істі одан әрі шиеленістіре түскен. Өйткені, жергілікті билік оларға барлық жағдайды жасауға ұмтылған. Мәселен, асханада бірінші болып солар тамақтанған. Қалған ел оның соңын тосып тұратын болған. Моншаға түскенде де солай еді. Қалған жұрт шатырларды паналағанда оларға қолайлы баспаналар бөлінді. Бұл әлеуметтік теңсіздік көпшілікке қыжыл болып жабысқан…

Теміртаудың осынау ахуалынан бәрі хабардар еді. Өйткені, бұл ахуал облыстық партия жиынында талқыланады. Өкінішке қарай, облыстық партия комитеті құлағы қылтиып тұрған бүлікті көргілері келмей, ілкімді шаралар белгілеп, жүзеге асыра алмаған еді. Бұдан хабардар да бейхабар Алматы мен Мәскеу істің аңысын бағудан аспады.

Оқиға басталғанда жергілікті басшылық барлығы да бақылауда деп елді тыныштандырумен болды. Алматы мен Мәскеу оған самарқау қарады. Әрине, шенеуіктердің құлағы Теміртауда еді. Қалаға сырттан қыруар әскер кіргізген де солар еді. Бүлікті басуға қарағандылықтардың өз күші де жеткілікті болатын. Әскери құрамалар әлеуеті жеткілікті еді…

Орталық неге қарағандылық әскерилерге сенбеді? Олар қарағандылық әскерилер жерлестеріне қару көтермейді деп сескенді. Сондықтан, әскерді сырттан енгізуге мәжбүр болды. Ал, ондай пәрменді тек Мәскеу ғана бере алатын.

Демек, Орталық білді. Ерте ме, кеш пе, Теміртауда оқ атылатынын. Әскерді сол үшін кіргізді.

Алдымен, жұмысшыларға әлеуметтік жағдай жасау Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатпайтыны белгілі, екіншіден, қалада тәртіптің нашарлағаны туралы болгар жұмысшылары дабыл қаққан кезде-ақ министр Қабылбаевтың Теміртаудағы милиция бөлімінің штат санын ұлғайту туралы ұсынысы аяқсыз қалған, үшіншіден, қару қолдануға бұйрық берген Қабылбаев емес еді…

Ш.Қабылбаев мемлекет қайраткері ғана емес, үлкен саясаткер де еді. Соған орай, ол тергеу барысында сабырлылық танытты. Сол уақытпен қабыспайтын өз пікірін іште ұстауға ұмтылды. Қалайда «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жағдайды ойластырды, соған жете алды. Ол өзі адал партияға сөз келтірмеуді ойластырды. Советтік милицияны орынсыз жаладан құтқаруды бірінші кезекке қойды.

Жалған жаладан қорғану генералға оңайға түскен жоқ, білімді, тегеурінді азамат сотта адвокаттың көмегінсіз ақиқатты айтып, өзінің бұл істе кінәсінің жоқ екенін дәлелдеп шығады. Соның өзімен-ақ ол милиция органының таза екендігін көпшілікке ұғындыра алды. Ел күткен үкім де шықты. Қабылбаев та, Любых та толығымен ақталды. 1967 жылы екінші мәрте Қазақстанның Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Л.Брежневтің қолдауымен генерал-лейтенант шеніне дейін жетті.

***

Біз қолымызда бар материалдармен ғана жұмыс істедік. Ал, негізгі материалдар құпия грифімен мұрағаттарда жатыр. Құпия грифі алынса, оларды құқықтанушылар мен тариxшылар талдаудан өткізіп, алып құрылыста орын алған әлеуметтік-тұрмыстық және құқықтық мәселелердің себептері мен салдарына шынайы баға берілер еді.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,

запастағы полиция генерал-майоры, профессор.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.