Нәзік жандар бизнеске бет бұрды

Қазіргі қоғамда белсенді әрі жеке кәсіппен айналысып, белгілі бір дәрежеге жеткен әйелдер туралы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Бұл соңғы уақытта әйелдер қауымының бизнес құрылымдардағы үлесі артып келе жатқанының айқын дәлелі болса керек.

Әрине, бизнестің қандай түрімен айналысу керек екенін шама-шарқына, қабілет-қарымына қарай таңдау – әркімнің өз еркінде. Әдетте, бизнестегі әйел адамды елестеткенде жеңіл өнеркәсіп, тағам және қызмет көрсету салалары бірінші ойға оралады. Алайда, қазіргі таңда әйелдер арасында да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ер-азаматтармен қатар кәсібін дөңгелетіп жүргендері баршылық. Солардың бірі – Ирина Габдрахманова.

Осакаров ауданының тұрғынының бизнес-жобасы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тапты.

Жеңілдетілген 6,5 млн. теңге несиеге бірден 16 бас жылқы алып, бүгінде мал шаруашылығымен айналысып отыр.

– Бағдарламаға қатысып, оқу курсынан өттім. Жылқы малын өсіру бойынша бизнес-жоспар жасап, қорғап шықтым. Мен өзімнің болашақ кәсібімнің бағытын курсқа қатысардың алдында айқындап қойғанмын. Жылқыларым әлі жас, мал өсіретін бөлек учаске бар, қысыжазы сонда. Оның пайдасын енді көруге тиіспіз, – дейді Ирина Габдрахманова.

Жалпы, ауданда Ирина Степановна секілді белсенді әйелдер қауымы аз емес екен. Мәселен, өткен жылы Осакаров ауданында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде 881 әйел қамтылды.

– Оның жартысы бос жұмыс орындарына орналастырылды. 32 адам қысқа мерзімді оқу курсын тәмамдаса, кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бизнес бастау» бағдарламасына 86 адам қатысты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 16 адам, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 30 адам жұмыс тапты. 44 әйел шағын несие алып, өз ісін бастауға мүмкіндік алды, – дейді Осакаров ауданы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Башаров.

Жалпы облыс бойынша ағымдағы жылда 12399 әйел бағдарламаға қатысты. Оның ішінде 11286-сы жұмыспен қамтылды. Тарқатып айтар болсақ, бос жұмыс орнына 7202 нәзік жан ор наласса, 1471 қатысушы қысқа мерзімді оқуға жолданды. Әлеуметтік жұмысқа орналасқандар – 349, жастар тәжірибесіне тартылған – 585 адам. Қоғамдық жұмыстарға 4590 адам жіберілді. Ал, «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізінен дәріс алғандардың қатары 515 адамды құрайды. Сөйтіп, 141 қатысушы өзі ісін дамыту үшін шағын несие және 18 мемлекеттік грант алды.

Бүгінгі күні қазақстандық әйелдер мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 40%-ын қалыптастырып отыр екен. Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің 47%-ын осы нәзік жандар құрайды. Заңды тұлғалардың 26%-ын, шаруа қожалықтарының 19%-ын қызкеліншектер басқарады. Жалпы, әйелдердің 40%-ы ауылдық жерде тұрады. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке баулитын осындай бағдарламалар керегі анық. Бастысы, мемлекеттің қолдауын жеткізіп, ниеттенген әйелдер үшін бағытбағдар көрсете білсек болғаны. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербететін әйелдердің қолынан бизнестің кез келген түрін алып кету келеді.

Жансая ОМАРБЕК