Нұра ауданында жаңа дәмхана ашылды

Нұра ауданының орталығында «Ақшуақ» құймақ дәмханасы ашылды. Бұл – жеке кәсіпкер Жеңісгүл Бакишеваның ғұмыр бойғы арманы еді.


Арманын іске асыру үшін кәсіпкер аянбай еңбек етті. Былтыр «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік жүргізу негіздерін оқыту курсын аяқтағаннан кейін Нұра ауданы әкімінің 450 мың теңге грантын ұтып алған. Сондай-ақ, өткен жылы желтоқсан айында ауылдық жерде шағын бизнесті дамытуға қаржылай қолдау көрсету жобасы аясында 1,2 млн. теңге көлемінде облыстық «Экоцентр» экологиялық орталығының грантын жеңіп алды. Осының арқасында бүгінде өзінің жеке кәсібін ашты.
Жаңа бизнес нысанының салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Есет Байкен құттықтау сөз сөйледі. Нұра ауданы әкімінің орынбасары Уәлихан Оспанов пен бар ғұмырын сауда саласына арнаған ардагер Бақыт Қайболдинова кафенің лентасын қиып, ақ тілектерін білдірді.
Дәмханада тегін Wi-Fі желісі орнатылған. Іші заманауи жиһаз бен керек-жарақтармен жабдықталған. Бұл, тек, бастамасы ғана. Жеке кәсіпкер келешекте кешенді ас мәзірін әзірлемек. Кафе арқылы екі адам жұмыспен қамтылды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.