Нұра ауданында ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы талқыланды

Нұра ауданында облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВТЫҢ төрағалығымен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2017-2022 жылдар аралығында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге өсіру мақсаты қойылған.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес Нұра ауданында ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі 2017 жылғы 2747,7 мың теңгеден 2022 жылы 6918,8 мың теңгеге дейін арттыру, жалпы өнім көлемін 61,6 млрд. теңгеге жеткізу көзделген.

Биылғы жылғы ауданның ауыл шаруашылығы саласында 32,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,7%, негізгі капиталға 3 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осы межеленген көрсеткіштерге жету жөнінде Нұра ауданы әкімінің орынбасары У.Оспанов баяндады.

Облыс әкімінің орынбасары бұл көрсеткіштерге жету үшін ауыл шаруашылығының ет, сүт, өсімдік, суармалы егін шаруашылығы мен өнімдерді экспорттау бағыттарында атқарылатын жұмыстарға ерекше назар аудару керектігін айтты.

– Мемлекеттік бағдарламаны басқару жобалық тәсілдемені қолдана отырып жүзеге асырылуда. Бұл үшін барлық деңгейлерде жобаларға жедел бақылау мен нақты мониторинг жүргізіп отыру керек, – деді С.Шайдаров. – Мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару стандарттарына сәйкес облыстық, аудандық бағдарламаларға декомпозицияланды. Дегенмен, аудан көлемінде оны ары қарай шаруашылықтар мен жобалар кескінінде анықтап, сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығындағы нақты инвестициялық жобалармен толықтыру қажет.

«Жобалық басқару» аясында өңірлік бағдарламаны іске асыру бойынша ауылдық округ, аудан әкімі, бағдарламаның облыстық деңгейдегі басқарушыларының жұмыс кестелері пысықталды.

Сонымен қатар, С.Шайдаров ауданда пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін айналымға тарту, мемлекеттік бағдарлама аясында қалпына келтірілетін суармалы жерлерді игеру мәселелерін айта келіп, ауданда етті мал шаруашылығын дамыту салалық бағдарламаласының нысаналы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып, оларды орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Саяш Ахметов осы екі сала бойынша атқарылған және атқарылуы керек жұмыстар бойынша мағлұмат берді.

Кездесуге келген фермерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары мазалаған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.