Ән өнерінің аймаңдайы

«Өлімге жан екенсің қия алмайтын, Өлеңнің құшағына сыя алмайтын…» (С.Мәуленов) демеске шара жоқ. Алаш ән өнерінің алыбы Мейірхан АДАМБЕКОВ туралы айтқанда. Тебіренген жүрек, толқыған жан, алабұртқан көңіл, «махаббатпен жаратқан адамзатқа» тән барша құбылысты дауыс ырғағымен, үн әуезімен әуен тілінде әйгілеп кеткен үнпаз! Бес күн өмірдегі жорығы баянсыз емес, демек. Алған орны, салған жолы сайрап жатыр. Пенде баласы қалт кеткенімен, ажал қателеспейді, тегі. Бұйрықты күні Алладан. Адам затының асылы болған соң, жақсысын қимайды елі. Еске алады, сағынады, жоқтайды.


Әуелі қалың қазағы қайғырып, жоқтаған. Аза тұтты. Қырқы өткені кеше ғана. Осы жолы өзі басшылық етіп, берекесін кіргізіп, мейманасын асырып кеткен ұжымы – Тәттімбет атындағы өнер колледжі еске алу кешін ұйымдастырып, Қарағандыдағы өнер мен мәдениет майталмандары, шәкірттері қатысты. Бәлен жыл баспанасыз ғимараттан ғимаратқа көшіп жүрген колледж осы Мейірхан аға бас болып тұрғанында өз алдына жеке отауға шыққанын қалай ұмытайық?! Сол жылдары колледждегі күллі аспаптар жаңадан алынып, өнерпаз студенттер сахнаға шығатын арнайы киім үлгілері де жаңадан тіктіріліпті. Базары тарқайтынын білгендей әншілік парызымен қатар, басшылық міндетін де толығымен мүлтіксіз тиянақтап кеткен екен дестік. Ансамбльдің орындауында Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйімен ашылған еске алу кешінде оның бәрін колледж ұжымы жасаған бейнекөрсетілімнен білдік. Онда Алаш ән өнерінің жұлдызы Мейірхан Сәйдіұлының әншілік өнері мен қалыптастырған мектебі, шығармашылық жолы мен қызметтегі қыруар еңбегі дәріптеліпті.
Иә, асыл өнерпаз ағамызды қалай дәріптесек те артық емес. Әнші ретіндегі биігін айтып тауыспаспыз. Айтқан күнде салған әнінің сұлу ырғағын тап басып, даусы жеткен шырқау биікті шаларлық сөз саптай аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Ал, бірнеше жыл бірге істеген әріптестері ол кісінің талғампаз қасиеті мен талантты ұйымдастырушылығын, адамгершілік өнегесін өте жоғары бағалайды. Тәттімбет колледжінде ертеден бірге істеп келе жатқан ежеттестері – Гүлнар Сарыбаева мен Олек Плицын «талантты әнші, талғампаз музыка майталманынан ғана емес, білікті басшы, біртуар азаматтан айрылып қалдық» деп егілді. Ж.Массненің әйгілі «Размышление» туындысын Т.Передеро мен Е.Холопайнен пианино мен скрипкада орындап шықты.
Салған әні жүрекке жетіп, сезімді қозғамай қоймайтын. Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін шырқағанда, сай-сүйегің сырқырар еді. Әнді мұнша мәпелеп жеткізген жүректің үнін тыңдап өскен біз де армансыз болсақ, ондай өнер иесінен айрылғандағы өкініштің салмағын бағамдап болмас. Кеудесінен аяулы ән төгілген жан мен жүректе ізгіліктен басқаға орын жоқ. Соны тап басқандай әріптесі, қобызшы Жаңқаш Жұмабеков те әншінің киелі өнерге деген кірпияз тазалығын тілге тиек етті. Қимастықпен асыл қасиеттерін еске алды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні хормен шырқалды. Мейірхан ағаның шәкірттері Медет Осатаев пен Азат Әбдіғалым да ән түлетті. «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әртіс Қайрат Кемалов қорытынды сөз сөйледі.
Рымбала ОМАРБЕКОВА: «Мейірхан Адамбеков туралы маған өткен шақта сөйлеу өте ауыр. Менің туған бауырымдай болып кетіп еді. Талантына тәнті болып, сахнаға әр шыққанында елмен бірге қуанып жүрдік. Ол ән салған сайын даусын естіп сүйсінетінбіз. Мейірхан барда «әнді кім айтады?» деп алаңдамай, сенімді жүруші едік. Орны үңірейіп бос қалды. Бойындағысының бәрін елге берді. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауын дүниеге әкелді. Дәстүрге айналдырды. Осы колледжді қалай көркейтіп кетті?! Аяулы әнші ғана емес, ардақты азаматтың рухына мәңгі тағзым! Елі барда, есімі де өшпес көкейімізден!»

Жәнібек ӘЛИМАН