Ғұмыры – тәлім өзегі

Ел тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Қарағанды қаласының №101 мектеп-лицейінде Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңагүл ТҰРСЫНОВАМЕН кездесу өтті. Кешке ұстаздар қауымы мен білім ордасының жоғары сынып оқушылары қатысты.

Айтулы шара Қарағанды қаласының білім бөлімі ұсынған «Өнегелі өмір» атты бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Осыған дейін, ұлағатты ұстаз, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Нұрсахан Бейсенбековамен кездесу өткен.

Мектеп басшысы Раиса Кенешова тізгіндеген бұл кеш те өте тартымды әрі жинақы өтті.

Бір сабақтың уақытына жоспарланған кездесу барысында алдымен шараның бас кейіпкерінің өмірі мен абыройлы қызмет жолы туралы мәлімет беретін қысқаша бейнетаспа көрсетілді.

Жаңагүл Жәрекқызы Қызылордада туған. 1989 ҚазМУ-дың «Құқықтану», 2002 жылы Қазақстан-Ресей университетін «Педагог-психолог» мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылы педагогика саласында кандидаттық дессертация қорғап, еңбек жолын бұрынғы Жезқазған облысының Қайрақты кентінде балабақшада тәрбиеші болып бастаған ол осы мекеменің директоры лауазымына көтерілген. Сол сәттерден бастап Қарағанды және Павлодар қалаларында көптеген жауапты қызметтер атқарған. Өмірінің біраз уақытын білім саласына арнаған ол орта мектептерде басшылық қызметтермен қатар, жоғарғы оқу орындарында дәріс берді, тәжірибелік курстарға жетекшілік етті. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген Жаңагүл Тұрсынова бүгінде Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің басшысы қызметінде. Көптеген ғылыми мақалалары мен монографиялары жарық көрген. Ол қайда жұмыс істесе де, ісіне адал, жан-жағына үлгі бола білді. Өзәі қызмет еткен әр мекемеге жарқын ізі мен үлкен өнеге қалдырды. Тынымсыз еңбегінің арқасында көптеген сыйлықтар мен марапаттарды да иелеген.

Шара барысында архив ісі туралы қызықты бейнетаспа көрсетілді. Оқушылар үшін архив саласының маманымен кездесу үлкен жаңалық болғаны сөзсіз. Олар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Кеш иесінің өн бойынан оның терең білімі мен көп жылдық тәжірибесі және адам жанын, әсіресе балалардың жан-дүниесін жете түсінетіндігі байқалды. Сонымен қатар, оқушыларға қызығы мен шыжығы мол архив ісі жөнінде көптеген тың деректерге тоқталып, тартымды естеліктерімен бөлісті.

  • Біз осындай қоғамда өз орны бар, өнегелі өмірі мен тағылымды қызмет жолы бар белгілі тұлғалармен кездесу өткізу арқылы оқушыларды көшбасшылыққа, патриоттыққа, алғырлыққа тәрбиелейміз. Әр кездесу тың мәліметтерге толы болатындықтан оқушылар қуана қатысады. Бұл бастама болашақта да жалғасын табады, – дейді мектеп басшысы Раиса Әміртайқызы.

Кеш соңында оқушылар қонақтармен естелікке суретке түсіп, қолтаңба алды. Жаңагүл Жәрекқызы әріптестерімен бірлесе жазған монографияларын мектеп кітапханасына сыйға тартты.

Жәлел ШАЛҚАР.