Мықты мінезді меңгеру – міндет

«Абай жолы» роман-эпопеясында Қодар мен Қамқаны «жолсыз жазаға» жықты деп айыпталатын Құнанбайдың көркем образын суреткер Мұхтар Әуезовтен соң дұрыс пайымдаған жанның бірі Жұмекен Нәжімеденов шығар.

Жұмекен ақындық сезім-түйсікпен жазушы, ғалым Мұхтар Әуезовтің романдағы Құнанбай бейнесіне артқан көркем-идеялық жүгін сонау Абайдан келе жатқан бір-ақ сөзге сыйдырып жібергенін қапысыз таныған және де дәп сол арман-образды академик Ахмет Жұбановқа арнаған «Дирижер», «Әңгіме», «Ақаң» атты өлеңдерінде өте сәтті, ұтымды, өз орнымен, әділ пайдалана білгендігін бұлардың шебер сызған білімді сөздерінен көреміз.

Жазушы салған сурет: «Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші».

Құнанбай – сақшы, сергек, қатал күзетші. Мұндай мінездеме романға қайдан келді? Әрине, Абай сөзінен: «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі». Ал, ар-ұят сынбас үшін мінез атты мықты сауыт қажет.

Шынында, мына заман ағымы да ар мен ұяттың сәт сайын сынға түсеріне куәлік етуде. Мысалы, бір қаланың атын «Алматы» емес, «Алма-Ата» деп өзгерту керек деушілердің арғы жағында біздің елдегі тілді де, дінді де, ділді де азып-тозған ескі жұртқа алмастыру мүддесі тұрғаны анық. Әрине, мұндай ой-ойындарда сыртқы һәм ішкі күштер бірігіп, бір майданда жүрмек. Ол туралы композитор Ахметтің туған ағасы, профессор Құдайберген Жұбанов 1935 жылы еске салғанын ұмытпаған дұрыс болар.

Құдайберген Жұбанов айтпақшы, еліміз тәуелсіздік алып, шаңырақ көтергеннің өзінде де сыртқы күш елге өзін-өзі дұрыс басқаруға мүмкіндік бермеуге тырысып бағады. Ықпал етудің бір амалы – тіл, мәдениет. Тіл ғылымының жетік білгірі Құдайберген Қуанұлы әр мәдениеттің өз мінезі бар, жат, ұрт мінезді мәдениеттің кері, зиян әсері барлығын атап өткен.

Олай болса, жат мінездердің кері әсерінен сақтанудың амалы қайда, не десеңіз, «ол – ұлттық мәдениет, ұлттық тіл, ұлттық өнер, ұлттық мінез» дейді академик А.Жұбанов.

Академик Ахмет Жұбанов – жасынан өнерді сүйген, 1930 жылдары Лениградта консерваторияда оқыған, қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетіне адал, таза қызмет еткен адам. 1952 жылы академиялық ғылыми дәрежесінен заңсыз айырып, қызметтен қуған соң, уақытша Мәскеуге ауысып кетіп, түрмеден аман қалыпты. Екі-үш жыл өткеннен кейін ғана елге оралып, өзі құрған, алғаш ректоры болған консерваторияда халық аспаптары кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқару мүмкіндігіне қолы жеткен.

1956 жылы консерваторияға оқуға келіп түскен қарағандылық кенші, солақай домбырашы Жұмекен Нәжімеденовке ұстаз болғанын мұрағат деректері және ақын өлеңдері бекітіп отыр.

Жұмекеннің академик Ахмет Жұбановқа арнаған «Әңгіме» өлеңінен: «Бас жалғыз, Жүрек жалғыз, Көз де жалғыз – Күйдегі Құнанбайға ел қарап қапты».

Жұмекеннің қаламы скрипканың үзіліп кеткен ішегі мен найзаның қымы тиіп зақым болған көздерді емес, көңіл көзінің бірлігін, сергектігін суреттеп отыр. Ойы – жалын, даңқы лаулаған, «Абай» поэмасын, операсын жасаған Ахмет Жұбановты үлкен, кесек, ірі істердің адамы Құнанбаймен бір бағалап отыр. Абайдың әкесі Құнабай қазақтың жақсы мінезінің күзетшісі болса, академик Ахмет Жұбанов – сол мінезден жаралған қазақ өнерінің күзетшісі.

Қазақ өнерінің күзетшісі, Күй Құдайы Құнанбай аталған, музыка әлемінің бар сырын жетік білген академик Ахмет Жұбановтың консерваториядағы шәкірті, ақылды ақын Жұмекен өнерінің де күзетшісі болғанын көреміз. Жұмекен академик Ахмет «күлкіге мұңын қосқан» кездерінде сөйлескенімен сыр бермеген: «Бәрімізді іздеді ол күнітүні, Бірімізді маңына жақындатпай».

Ахаңның жастарды өзіне жақындатпау себебі белгілі еді, сақ болу. Өз басы үнемі бақылауда жүрген үлкен кісі өнерге жаңа келген жастарға кесірім тиіп кетпесе игі деп, бар ойы, ниеті солардың өнерін күзету болатын.

Ахаңның бұл іс-әрекеті, мінез-қылығы – қазаққа қызмет етудің ашық, анық үлгісі. Ахаң – мықты құйылған мәдениетті мінез. Ахаң шәкірттерін қазақ өнеріне, қазаққа адал қызмет етуді үйреткен. Соның бұлтартпас бір дәлелі – Жұмекен жыры.

Қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітованы көзі көрген, әнін тыңдаған Ахаң әнші өнерін былай сипаттайды: «Күләштің басқалардан артық қасиеті, ол тек әнді айтып қоймай, сол ән арқылы образ жасайтын».

Күләш – ән поэзиясы. Поэзия дегеніміз – «жоқтан бар болу процесінің себебі». Ол себептің аты – ән мен күйді өсіруді аңсау шабыты. Ұлы шабыт. Ұлттық өнер – қазақ рухының гүлі. Гүл өсіру оңай болып па? Ән мен күйді өсіру – мықтылық, қазаққа қызмет ету.

Жұмекен – «Қазақ бұлбұлының» үлгі-жолымен қазақ поэзиясындағы өлеңмен образ жасауға ұмтылған ақылды ақын. Жұмекеннің «Дирижер» атты Ахмет Жұбановқа арнаған өлеңін алып қараңыз. Не деген күш, ерік-жігер, анық сезім, талант тасқыны, шабыт құдіреті! Еркіңнен тыс күш Ахаңды Жұмекенге ілесе «Күй Құдайы Құнанбай» дегізеді.

Ахаңды Құнанбайға теңесек, асыра айтқандық емес қой, бұл – Жұмекен жасаған көркем бейне, өнер, образ. Абайдың өзі де жазбай ма әкесі һақында: «Жарықтықтың өнері, Айтуға тілді тербетті», – деп.

Абай баласы Әбдірахман өлгенде де әкесін еске алған еді: «Жасқа жас, ойға кәрі едің, Атаңның атын жоймаған».

Құнанбай өнерінің бір қыры – дүниеге көңілін бөлмеген, қазаққа адал қызмет еткен ақылды адам.

Әкесінен үлгі-өнеге алған Абай да «малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік» дегенде қазаққа қызмет етуді басты мақсат етіп қоюды міндет еткен: «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек».

Үйрену керек! Ол үшін мінез керек. Абай нұсқаған мықты мінез — «ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмақтың ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын».

Иә, жазуға жеңіл болғанмен, Абай аңсаған мықты мінезге барудың жолы да оңай еместігі анық нәрсе. Мысалы, жақсы, іске мықты кісілер, мықты мінез иелері Құдайберген Жұбанов 1938 жылы «халық жауы» атанып 38 жасында атылып кетті, Ахмет Жұбановтың да тағдыры күрделі, қиын болды. Ол 1968 жылы қиянат пен қудалаудан ауыр дертке шалдығып, 62 жаста қайтыс болды. Жұмекен 1983 жылы 48 жасында өмірден өтті.

Дегенмен, Абай айтқан, арман еткен мықты мінезге үйренбесек, мықты мінезді меңгермесек, бар өміріміз көп өкінішпен өтері заңды болмақ.

Марат АЗБАНБАЕВ.