Қарқаралы

Мешіт бой көтерді

Жақында Балқантау ауылындағы Қарабұлақ мешіті қайта жаңартудан өтті. Бір уақыттарда іс тігетін комбинат, әкімшілік, кейіннен кішірек мешіт болған ғимаратқа толығымен күрделі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, ғимарат кеңейтіліп, биіктетілді. Қосымша құлшылық рәсімдерін жасайтын залдар қосылды. Екі айдан астам уақыт ішінде ескі мешіт алыстан көз тартатын, көгілдір күмбезді, ажарлы айшықты еңселі қалыпқа енді. Мешіттің жөндеу жұмысын қолға алған Балқантау ауылының тумасы, астаналық кәсіпкер Серік Тәуекелов және балалары Дархан, Рүстем, Руслан сынды азаматтар.

  • Алдымен Алланың разылығы үшін, одан кейін ата-бабаларымның, әкем Иманаштың әруағы үшін осындай сауапты іске қадам бастық. Мешіт қасиетті орын. Өскелең ұрпақ осы жерде дұрыс рухани азық алып, имандылыққа бет бұрады. Әкем Иманаш ұзақ жылдар білім саласында жемісті еңбек етті. Егіндібұлақта аудандық білім бөлімінің басшысы, Абай, Арқалық, Балқантау ауылдарында мектеп директоры болды. Өзім осы ауылда жаттықтырушы болдым. Балаларым жастайынан спортқа ден қойып өсті. Жоғарғы жетістіктерге жетті. Алланың қалауымен осындай мәртебеге ие болып, ел мен жерден нәр алып алысқа кеткенімізбен туған жерімізді ұмытқан емеспіз. Елбасының өзі рухани жаңғыру алдымен туған жерден басталу керек. Шама шарқыңша кіндік қаның тамған жерге еңбек сіңір, қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да маңдай теріңді төге көмек көрсетуге шақырды емес пе?! Біз де отбасымызбен ақылдаса, ауыл үлкендерімен кеңесе отырып, мешітті жаңартайық деген шешімге келіп, іске кірісіп кеттік, – дейді Серік Тәуекелов.

Құрбан айт мерекесінің қарсаңында қайта жаңартылған құлшылық үйінің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа арнайы келіп қатысты. Күндердің сұлтаны жұма күні өткен рухани шарада қасиетті Құран оқылып, ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Қасымбек Шөкеновтің алғы сөзімен ашылды. Аудан әкімі Халел Мақсұтов та осындай шараны жүзеге асырып жатқан ауыл азаматтарына ризашылығын жеткізді.

Пайғамбарымыздың хадисінде «Кімде-кім Алланың разылығын үміт етіп мешіт тұрғызса, Жаратушы Ие ол адамға жұмақтан сарай салдырып дайындайды» делінген. Бұл күні ауыл халқының ғибадат орнын көрікті етіп, ішін нұрға толтырған кәсіпкер азаматтарға ауыл тұрғындары дән риза болды. Рухани шара барысында Дулат Тәуекелов, Марат Тезекбаев, Нығымет Аңсабаев сияқты кәсіпкер азаматтардың әр ісіне береке тіледі. Сондай-ақ, ауыл имамы Ербол Жұмаділов кәсіпкер азаматтардың иықтарына шапан жапты. Серік Тәуекеловке ауыл әкімі Рахметолла Смағұлов алғысын білдіріп, ауыл тұрғындарының атынан арғымақ мінгізді. Ал, Айнабұлақ ауылының тұрғындарына Иманаш Тәуекелұлы ұрпақтары атынан арнайы Алғыс хаттар табыс етілді. Шара соңында мешітте жұма намазы оқылып, ас берілді.

Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button