Ресми

Мерейлі істер жалғасады

Былтыр жезқазғандықтар мысты қаланың 65 жылдығын атап өтті. Мерекелі жылы бірқатар мәдени және спорт шарасы өтті. Көптеген әлеуметтік және бизнес жобалар жүзеге асты. Қала басшысы Қайрат БЕГІМОВ тұрғындармен кездесуінде бір жылда әлеуметтік-экономикалық салада атқарылған жұмысқа талдау жасап, биылғы жылдың жоспарына тоқталды.

Өткен жылы жалпы қала экономикасы 1,5 есе өсті. Бұрнағы жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 60%, негізгі капиталға инвестиция салу – 12%, құрылыс қарқыны – екі есе, баспаналы болғандар саны – 2%, сауда-саттық көлемі 7,6 % артты.

Өнеркәсіп өнімі көлемінің ұлғаюына 2018 жылы желтоқсанда мыс қорыту зауытындағы екінші рудотермиялық пештің қатарға қосылуы елеулі ықпал етті. Жаңадан 600 жұмыс орнын ашып, жылына қосымша 100 мың тонна мыс алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында өнеркәсіпті одан әрі өркендетуге кең жол ашатын инвестициялық жобаларға назар аударылды.

Биыл өнеркәсіп секторы одан әрі өркендейді. 18,1 млрд. теңге инвестиция салу көзделген төрт жаңа жобаны «Қазақмыс» компаниясының қара мыс концентратын гидрометаллургиялық тәсілмен өңдейтін тәжірибелік зауыты, «Казхимсинтез» ЖШС-нің өнеркәсіптік реагент өндіретін химиялық зауыты, «С и Жест» ЖШС-нің құрылыс материалын шығаратын зауыты, «KazGreenEnergy» фирмасының биоэлектрстансасы) жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде жаңадан төрт жүздей жұмыс орны ашылады.

Негізгі капиталға құйылған инвестицияда жекеменшік сектордың үлесі қомақты – 77% немесе 24,5 млрд. теңге. Қалған 7,2 млрд. теңге (23%) бюджеттік буынға тиесілі. Қазір денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жалпы көлемі 430 миллион теңге болатын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Кездесуде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жағдай мен ауызсумен жабдықтау жайы көбірек алаңдататыны аңғарылды. Қала басшысы Қайрат Бегімов қойылған сұрақтың бәріне жанжақты жауап беріп, тұрғындарды толғандырған түйткілді тұстарын түсіндірді.  

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр Шевченко 18 пәтерлік –  үшқабатты және жекеменшік құрылым қаражаты есебінен 30 пәтерлік бесқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Өз қаражаты есебінен «Қазақмыс» компаниясы – 6, «Молдашев» ЖК – 1, «Ютария LTD» ЖШС 3 көпбалалы отбасын пәтермен қамтамасыз етті. Жекеменшік және көпқабатты үй салу үшін қаланың батыс бөлігінен 500 жер телімі бөлініп, 948 млн. теңгеге су мен жылу, электр және байланыс, кәріз жүйесі тартылды.

Қазір 50 пәтерлік және 30 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды, жалға берілетін 60 пәтерлік көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Таяуда тағы төрт үйдің құрылысы басталады.

Былтыр 48 жаңа пәтер берілсе биыл 160 пәтердің кілті тапсырылады.

Аймақты дамыту бағдарламасымен 196 шақырымдық ішкі су құбыры жүйесін қайта құру жобасы жүзеге асырылады.

«Қазақмыс» компаниясы Есқұла сутаратқышының құрылысын аяқтауды қолға алуда. Сондай-ақ, «Қазақмыс» Қожамсейіт су көзін игеру мақсатында Үйтас-Айдос сутаратқышының жобалықсметалық құжатын жасап, мемлекеттік сараптамадан өткізуді биыл тамызда аяқтамақ. 

Кездесуге келген жұртшылық қала басшысының жылдық қызметіне оң баға берді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button