Жаңалықтар

Мерейі асқан мектеп

Кез келген мемлекеттің келешегі – бiлiмдi жастардың қолында десек, оларды білім нәрімен тәрбиелеп, үлкен өмірге аттандырып салатын ұлағат ұясы – мектеп. Ауданымызда осы үдеден шығып жүрген білім ошақтарының бірегейі – Нұркен Әбдіров атындағы №10 орта мектептің орны тіптен ерекше десек, артық айтқандық емес. Аталған білім ұясын облыс көлемінде білмейтін адам некен-саяқ. Елге еңбегі сіңген небір айтулы тұлғалар осы ошақтан қанат қаққан. Осындай ордалы шаңырақ биыл 90-ға толып отырғанын көпшілікке неге жарияламасқа?!

Мектеп іргетасы 1928 жылы қаланды. Ал, 1929 жылы мектеп пен интернат ғимаратының құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Жарлы өңіріне қарасты Ақтерек, Қарақуыс, Түнқатар, Ақкісі елді мекендерінің балалары осында келіп оқыған. Сол кездегі талапқа сәйкес, интернат үйінің қажетіне 5 ат, 4 өгіз және 50-ден астам сиыр берілді.

Мектептің алғашқы директоры – Оралдан келген Рафаэль Фляк. Түсіп Ажақанов, Саттар Аужанов, Ахмедия Сқақов, Қажкен Смайылов, Дәуренбек Нұржанов, Әзімбек Құрманбаев, Смағұл Кәдірбаев сынды алғашқы ұстаздарын да атамай кетуге болмайды. Нағима Кәдірбаева, Абзалбек Медеубаев, Мәкіш Изақова, Рысбала Молдақашова бастаған жауапкершілігі жоғары ұстаздардың арқасында оқушылардың білім сапасымен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасы да қалыптасты.

Алғашында білім ошағы ауылдық жерлердегі және балалар үйіндегі ересек балаларды оқытатын шаруа-жастар төртжылдық бастауыш мектебі болып жұмысын бастайды. Кейіннен оқушылар мен ұстаздар санының артуы мен сапалық құрамының көтерілуіне байланысты онжылдық мектеп дәрежесіне көтеріледі.

Мектеп-интернаттың алғашқы түлектері арасында елге танымал тұлғалар баршылық. Мемлекет қайраткері, ғалым Нұрымбек Жанділдин, Ақтоғай, Ұлытау аудандары мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Қалкен Мәкембаев, Айтбай Ділдәбеков, Елубай Нұрмағанбетов, Нұрғали Жуанышов, Тілеш Жаров, Әжікен Оспанов – осы буын өкілдері.

Сол қиын кезеңдерде бар білгенін шәкірт бойына дарыта білген ұстаздардың ұлы жолын бүгінгі ұлағатты буын жалғастырып келеді. Жоқтан бар жасап, қажырлы еңбек етіп, бүгінгі Нұркен Әбдіров атындағы заманауи мектептің қанат жаюына еселі еңбек еткен ұстаздар есімі қашанда зор құрметпен аталады.

Білім ошағының іргетасын қалап, білімнің алғашқы қазығын қаққан ұстаздар есімі тарихқа алтын әріппен жазылды. 1960-1980 жылдары білім берген Зинат Жолдасбаев, Қоқымбай Аралбаев, Бейсенбек Наурызбаев, Тұрсын Наурызбаев, Азанбай Жұманбаев, Шоқатай Әуезханов, Қапиза Елубаева, Күлімжан Сарлыбаева, Флюра Құлбақова, Жәнібек Жаманқұлов, Жамбыл Какенов, Егінтай Мұхамедин, Қабыл Айнабаев, Амантай Садырбаев, Шолпан Қашқынбекова, Бәтіш Байтұрымова, Бәтіш Тауықбаева, Айтбану Баймақанова, Нұртай Смақова, Ермек Есенқұлов, Айкен Барлыбаева, Рая Түшкенқызы, Биғайын Әбдуова есімдері де құрметке лайықты. Тереңнен тамыр тартқан мектептің бүгіні жарқын, мәртебесі биік. Алдыңғы толқын аға буын салып кеткен сара жолды дара шәкірттері жалғастырып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деді. Әу бастан қаланған мызғымас білім негізін бүгінгі педагогикалық ұжым абыроймен жалғап келеді. Шәкірттерінің қанатын қатайтып, биікке ұшырып келе жатқан мектептің жетістігі ұшан-теңіз. Қасиетті қарашаңырақтан өмір жолы өнегеге толы мыңдаған шәкірт шығып, жетістіктерге жетіп, абырой биігінен көрінді. Бүгінде дамудың даңғыл жолында келе жатқан мектептің ұстаздары – Жадыра Мүсілімова, Мейрамгүл Борханова, Жібек Нұрмағанбет, Меруерт Алдашова, Әсел Зинатуллина еселі еңбек етуде.

Білім ошағынан Бақия Атшабаров, Жансұлтан Дайырбеков, Серғазы Әдекенов, Қарлығаш Қадашқызы, Мереке Төлекова сынды ғылым докторлары білім алған. Боранқұл Нұрпейісов, Аманай Мырзабаев, Дархан Әбітаев, Ербақыт Баймұқанов, Мінәра Әмрина, Лора Тілегенова, тағы басқа жиырмадан астам ғылым кандидаты шыққан. Жайнагүл Әбдірахманова, Жадыра Мұхтарова, Қуаныш Түсіпбек, Меруерт Абзалбекова бастаған 17 ғылым магистрі бар. Заң саласының тізгінін ұстаған Ерентай Байқотанов, Балапан Әбенов сынды шәкірттері де мақтан тұтарлық азаматтар. «Ленин» орденінің иегері Әлібек Тәженов, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Берменбет Қанафин бастаған еңбек майталмандары да мектеп мақтаншы.

Бәсекеге қабілетті елдер көшіне ілесу үшін сауатты ұрпақ тәрбиелеуде мектеп ұстаздары барынша еңбектенуде. ҰБТ жүйесі жүзеге асырыла бастағалы мектептен қырықтан астам оқушы грант иегері атанды. Мектеп ұжымы жас ұрпақтың ғылымды, заманауи технологияны игеруіне барынша жағдай жасап отыр. Барлық сыныптар оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда 11 сынып жиынтығы бар. Оқушылардың ақпараттық технологияны меңгеруіне қолайлы болуы үшін 50 компьютер ғаламтор желісіне қосылған. Сонымен қатар, заманға сай талапты жүзеге асыруда балалар игілігі үшін 5 интерактивті тақта орнатылған.

– Тоқсан жылдық тарихы бар мектептің ұстаздары шәкірттерінің адами қасиеті мен сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететінін айқын біледі. Тәуелсіз елдің өркендеуі мен тұғырының берік болуы – тек білімді ұрпақтың қолында. Біздің міндет – осы ұлы мұрат жолында талмай еңбек ету, – дейді мектеп директоры Қымбат Жиенқұлов.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button