Мерей белесіндегі мектеп

Нұра ауданы, Кертінді ауылындағы Мүташ Сүлейменов атындағы тірек мектебіне – 90 жыл. Алаш арысы Абдолла Асылбековтің бастамасымен іргетасы қаланған мектеп содан бері мыңдаған түлектің алтын ұясына айналды. 1969 жылы 600 балаға арналған жаңа ғимаратқа көшкен білім ұясының шәкірттері – әр салада еңбек еткен елеулі тұлғалар. Заман ағымына қарай ұдайы жаңарып, жаңғырып отырған мектепте бүгінде 160-қа жуық оқушы білім алуда.

Алтын ұя мектептің мерейтойына Нұра ауданы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, Қарағанды мемлекеттік индустриялды университетінің ректоры Бақыт Жәутіков, Құрылысшылар кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Айқын Ахметов қатысты. Құрметті қонақтар қатарында «Даңқ» орденінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері Мүташ Сүлейменовтің, ұлағатты ұстаз Баймағамбет Мамраевтың, Уәтай Әубәкіровтің ұрпақтары болды. Зейнеткер ұстаз Ұлжан Мәмбетқызы, Жанат Манатқызы және басқалары қонақтар қатарынан табылды.

90 жылдық тарихы тамырлы мектеп бүгінге дейін сан шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Жас буынға түзу жол нұсқап, сауатын ашқан ұстаздар қаншама! Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да ұлы ұстаздан сауат алған. Уәтай Әубәкіров, Дихан Ахметов, Құлыбек Әлбатыров, Баймағамбет Мамраев, Болат Абдрахманов, Үкіжан Хасенов, Шорман Қалиев, Мүташ Сүлейменов, Секіжан Күлпейісов, Имантай Жұмаділдин және тағы басқалары сынды ұлағатты ұстаздар бүгінде ел есінде. Көпке үлгі.

Мектеп табалдырығынан аттаған түлектер бүгінгі таңда әр саланың тізгінін ұстаған. Профессор, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев, ғылым докторы Жәнібек Әубәкіров, педагогика ғылымдарының докторы Сыздық Мусин, еңбек ардагері «Қызыл Ту», Ленин ордендерінің иегері Аман Қонысов, «Пржевальское» ЖШС директоры, «Құрмет» орденінің иегері Ысқақ Тәттібаев пен қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Жұмажан Жүкенов сынды шәкірттерімен мақтанады бұл мектеп. Бүгінде мектеп түлектері ұшқан ұяларынан алыс кетпей, әрқашан қол ұшын созып келеді.

Қонақтар алдымен мектеп мұражайын аралады. Білім ошағының өткеніне көз жүгіртіп, қазіргі ахуалымен танысты. Сондай-ақ, оқушылардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесін тамашалап, өнерлеріне лайықты бағаларын берді.

Қазір мектеп кітапханасының қорында 7600 дана кітап бар. Олардың 5 мыңнан астамы – көркем әдебиет. Ұстаздарға арналған әдістемелік оқу құралдары да жеткілікті.

Мектепке Баймағамбет Мамраевтың ұрпақтары қамқорлық жасап, тарих және география кабинетін заманауи технологиялармен жабдықтаған екен. Сондай-ақ, оқу озаттарына және талантты балаларға барынша қолдау көрсетіп, заманға сай сапалы білім алуларына көмектесуде. Өткен жылы мектеп кітапханасына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 500-ге жуық кітап сыйға тартыпты.

Тірек мектебінің оқушылары тек білім алумен шектелмейді. Олар өмірге қажетті машықтарды меңгеріп, кәсіп түрлерінен хабардар болып шығады. Мәселен, жыл басында бюджеттен бөлінген 1 млн. 800 мың теңгеге 6 тігін машинасы сатылып алынған. Оқушылар өз қолдарымен түрлі бұйымдар тігіп, жәрмеңкелерде саудаға шығарады. Одан түскен қаражатқа қажетті құралдар мен материалдар сатып алынады. Осылайша, оқушылар ерте бастан еңбекке жақын болып шығады. Сондай-ақ, химия кабинеті заманауи технологиямен, яғни, интерактивті тақта және түрлі оқу құралдарымен жабдықталған. Мұнда оқушылардың сабақ барысында түрлі тәжірибе жасап, алған білімдерін шыңдай түсуіне еш кедергі жоқ.

Мектеп түлегі Бейбіт Баймағамбетұлы мектеп мұражайына түрлі деректер мен жәдігерлерді табыстады. Оның ішінде Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы шеңберінде жарық көрген кітапты сыйға тартты.

Айта кету керек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Сүлейменов атындағы мектеп 2018 жылы Қарағанды мемлекеттік индустриялды университетімен ортақ меморандумға қол қойған болатын. Ондағы мақсат – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ынтымақтаса жұмыс жасау. Қазіргі таңда осы мектептен түлеп ұшқандардың біршамасы аталған оқу орнында білімін жетілдіруде.

Шара оқушылар дайындаған концертке ұласты. Қонақтар Абай, Сәкен оқулары жүлдегерлерінің өнерін тамашалап, спорт жанкүйерлері мектептің ашық алаңында шағын футболды қызықтады.

Білім ошағының 90 жылдық торқалы тойында ұрпақ сабақтастығына куә болдық. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әр адам туған жерін қадірлеп, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосуы керек екенін айтқан болатын. Туған ауылын ұмытпай, өз мектебінің мерейтойын жоғары деңгейде өткеруге атсалысып, әкелерінің есімін ұлықтаған ел азаматтарының ісі – көпке үлгі.

90 жыл ішінде жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарын ұлықтаған, түлектерінің жетістіктерін мақтан еткен мерейтой әлі де жалғасын таппақ…

Ербол ЕРБОЛАТ