Мұқтаж жандарға – тегін көмек

Өңірімізде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беруге қатысты бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – облыс орталығындағы «Шығыс» сауда базарының 2-қабатында орналасқан №7 «Хадия» дүңгіршегінде белсенді атқарылуда. Мұнда қалалық әкімдікте тіркеуде тұрған жәрдемге мұқтаж отбасыларға тегін көмек көрсетіледі.

«Хадия» дүңгіршегінің ашылғанына екі жылдай болды. Көпбалалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетеміз. Қала тұрғындары азық-түлік, өздері тұтынбайтын тұрмыстық бұйымдары мен таза киімдерді әкеліп тапсырады. Ол дүниелерді мұқтаждықты сезінген басқа адамдар қолданады. Дүкеннің негізін «Асыл ірге» және «Зекет» қорлары қалаған. Сондай-ақ, қаржылай көмек те көрсетеміз. Біздің дүкенге өз қалтасынан шығарып, қаражат тапсыратын кәсіпкерлер бар. Сол қаржы есебінен пәтерақысын төлей алмай отырған аналарға қолдау көрсетіледі, дейді игілікті істің басы-қасында жүрген Сарқыт Атымтайқызы.

Аталмыш дүңгіршекке жәрдем алу үшін аптасына бір рет келуге болады. Алған дүниелерін әр жерге тастамай киіп, керек болмаса қайта әкеліп өткізулері керек. Өйткені, соған зәру адамдар бар. Киілген киім-кешектерді де қабылдап, жуып, тігіп мұқтаж жандарға береді.

Жеті балам бар. Қазір заман қиын. Бәрі қымбат. Сатып алуға жағдай келе бермейді. Қиналған кездері үнемі мешіттен, осы орталық жетекшісі Ержан аға мен Сарқыт тәтеден көмек сұраймын. Балам ауруханада жатқан кезде де, осы кісілердің көмегі мол болды. Қолымды қайтарған емес, дейді көпбалалы ана Әсия Рамазанқызы.

Сондай-ақ, бұл жерде ұлтына, дініне қарамай, кім көмекке мұқтаж болса, бөліп-жармай барлығына бірдей көмек көрсетіледі. «Хадия» дүкені көмек беруші мен көмек алушы тараптардың арасындағы алтын көпір іспетті.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы «Зекет» қорының Қарағанды облысындағы филиалы 2015 жылдан осындай үлкен жұмысты бастадық. Ерікті жамағаттың көмегімен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарды қамқорлыққа алдық. Құлшылық тек намазбен, оразамен ғана шектелмейді. Шын мәнісінде дін мейірімділік шуағын да шашуы керек, дейді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа.

Орталықты ұйымдастырушылардың бірі Марат Түсіповтің айтуынша, бұл ешқандай да ұпай жинау емес. Жағдайы төмен отбасыларға шын жүректен көмек беру. Сонымен қатар, мұнда 6 баласы бар отбасына пәтер алып беруге ақша жиналуда, бүгінде 1 млн. теңгеге жетіпті. Былтыр үйі өртеніп кеткен отбасына үй де салып берген. Әлеуметтік желілерде де жұмыс жасайды. Соңғы 1 айда 300 адамға киім-кешек, 200-ге тарта адамға азық-түлік таратылған. Қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жәлел ШАЛҚАР