Мұрагерге айналған мұражай

Астанаға алғаш барға­нымда Сәкен Сейфуллин көшесінің бойындағы ағаштан өрілген шағын үйге көзім түсе берді. Сәу­леті келісті, жұп-жұмыр, көзге жылы ұшырайды. Кейіннен сұңғыла Сәкен­нің есімі берілген мұражай екенін ескеріп, арнайы барғанмын… Астана төріндегі рухани­ят ордасының бірі һәм бірегейі – Сәкеннің бүгінгі қарашаңырағын елорда күні мен дауылпаз ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфул­линнің 125 жыл мерей­тойын ұштастырмақ ниет­те назарларыңызға ұсын­бақпыз.

Мұражай қаланың оң жағалау­ындағы Мұхтар Әуезов пен Сәкен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы ХІХ ғ. ІІ-ші жартысы мен ХХ ғ. басын­да салынған ғимаратта орналасқан. Екі ағаш үйдің біреуі бұрын көпес Казанцевтің әкімшілік үйі болған. Сәкен осы үйге жұмыс бабымен келіп жүрген. Екіншісі – мұражайдың әкімшілік үйі. Сәкеннің досы, дәрігер Благовещенскийдің үйі.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен 1988 жылғы ақпанның 20-сында облыстық мұражай бөлімі бо­ лып ашылған болатын. Оған сол кезде­гі Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың өзі қол қойған екен. 1995 жылы 17 тамызда Елба­ сы Нұрсұлтан Назарбаев мұражайға ат басын тіреп, Сәкен ескерткіші­ не тағзым жасаған. Сол сапарында С.Сейфуллиннің «Көкшетау» атты кітабына қалдырған қолтаңбасында: «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің аруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін» деп жазған.

Бұл қара шаңырақ ақынның қам­шының сабындай ғұмырынан сыр шертеді, оның азаматтық тұлғасын халыққа таныту, мұраларын жаңғырту бағытында жұмыстар атқарып жа­тыр. Мұнда ақын өмірі мен қызметіне байланысты материалдық, рухани ескерткіштері қойылған. 1937 жылы тұтқындалғаннан кейін Сәкеннің қол­ жазбаларын, кітаптарын, хаттарын, жеке заттарына дейін тәркілеген. Де­генмен, біршама жәдігерлер сақталып қалған.

Ақынның адал жары Гүлбаһ­рамның арқасында бүгінде Сәкен мұражайында оның көзі тірісінде қолданған, әр кезеңдеріне қатыс­ты жәдігерлер жинақталып, мұражай төрінде тұр. Мәселен…

Жары Сәкен ақталғанға дейін аман-есен оралар деген үмітпен, біраз затта­ рын көзінің қарашығындай сақтайды. 1973 жылы Гүлбаһрам дүниеден өткенде Сәкен Сейфуллиннің заттары Алматы мұражайына өткізілген. Соның ішінде, Сәкеннің алтын сағаты да бар. 1936 жылы кеңінен аталып өткен С.Сейфуллинің әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған шарада ел Үкіметі сыйға тартқан. Жұбайының қолында сақталып, 1960 жылдары Целино­град қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылған. 1988 жыл­дан бері мұражай жәдігерлерінің қатарын толтырып тұр. Ақынның ал­тын қалтасағаты щвецарияның «НҮ МОZER» фирмасының шығарған өнімі. Көлемді сағат жоғарғы проба­лы алтын, салмағы – 100 гр., диаметрі – 45 мм. Інісі Мәжит Сейфуллиннің отбасында сақталып қалған заттардың бірі – «Ундерву» маркалы баспа маши­насы. Деректер бойынша, 1903 жылы Нью-Йорк қаласында жасалған. 1937 жылы Сәкен «Халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындалғаннан ке­йін, жәдігерді кіші інісі жертөлесінде жасырын сақтаған екен. Мұражайға 1994 жылы Сәкеннің туылғанына 100 жыл толуына орай тапсырылды. Мате­ риалы – темір, ағаш, қара, сары және жасыл түспен боялған. Уақыт өте келе машина аяқтары бұзылып, бірнеше жерінде бояуы кетіп, тот басқан. Ма­ шина жұмыс істейді, 48 дана баспа тақталары бар.

1934 жылы өзбек ақындарының Сәкен 40 жасқа толғанда сыйға тарт­ қан шапаны мен тақиясын да кез­ дестіресіз. Жақындарының естелік­ терінде, Сәкен бұл киімді үйде өзінің туындыларын жазғанда кигенді ұнатқан екен. Ақынның Мәскеуде Кеңес жазушыларының I сьезінде делегаттардың арасында осы шапан мен түскен фотосуреттері бар. Бұл бейнесін 1964 жылы түсірілген деректі бейнефильмнен көреміз. Шапан мен тақия – өзбек шеберлерінің қол туын­ дысы.

Сәкеннің майлы бояумен салынған портретін де айта кету керек. Бірақ, сол жылдары Гүлбаһрам апай салдырған портреттің авторы белгісіз. Сондай-ақ, жазушының қылқаламы «Фабри­ка «Прометей – Леп» атты өндірістен шыққан. Ағаштан жасалынып, жыл­ тыр қара көк эмальмен боялған. Қылқалам – қарапайым оқушы қаламы. Ұзындығы – 145 мм.

Ақын пайдаланған ыдыс-аяқтар, қабырға сағаты, кілемше-төсеніштер, киім ілгіш, кәдесыйлар кейін мұ­ ражайға табысталып, келушілерге үлкен әсер беріп тұр. Сондай-ақ, Сә­кеннің 1930 жылдары киген костюмі Мәскеуден сатып алынған екен. Атал­ ған жәдігерлер «Әдеби қызметі» за­ лында тұр.

***

Музейдегі жәдігерлер арасынан ақын музасы Нина Мокинаның суреті, анасының суретін, қолжазбаларын, сүйікті кітаптарын да кездестіруге болады. Сонымен қатар, қайраткер төңірегіндегі тұлғалардың құжаттары топтастырылған.

Б.Майлин, І.Жансүгіров, А.Бай­тұрсынов, Ш.Құдайбердіұлы т.б. қаламгерлерге байланысты деректер тізбегін Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Қажымұқанға қатысты мағлұматтарды да табуға бо­ лады. Ақын Ш.Иманбаева мен башқұрт жазушысы Ғ.Шәріповаға қатысты, орыс жазушысы, қуғын-сүргін құрбаны Г.Серебрякованың Сәкенге қатысты деректері мұражай қорында сақтаулы. Сәкеннің өмірі мен шығармаларын зерттеген ғалымдардың еңбектері де жинақталған. Жоғарыдағы айтылған құнды құжаттардың қатарын музейдің ықпалымен шыққан кітаптар толық­ тырып тұр.

– Сәкен музейінде тоғыз жылдан бері Елорда күніне арналған респуб­ликалық мүшәйра өтіп келеді. Соның нәтижесінде «Мүшәйра», «Ел тіре­гі – Елорда» атты екі кітап жарыққа шықты. Сәкенге арналған өлеңдерден құралған «Сәкен сұңқар», «Сәкен музейі» атты кітаптар да – бір төбе. Сондай-ақ, «Сыр сандық» атты серия­ мен жылына бір кітап шығарады. Биыл 125 жыл мерейтой қарсаңында Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арналған «Сыр сандық» сериясының «Үш бәйтерек» атты бесінші томы жарық көрген, – дейді музей директоры Несіпбек Айтұлы.

Музей Нұр-Сұлтан қаласының тілдерді дамыту және архив ісі бас­ қармасының «Руханият» орталығымен және қаладағы білім ошақтарымен тығыз жұмыс жасайды. Сондай-ақ, жылына екі рет жылжымалы көрмемен мектептерге дәріс оқиды екен. Әлеу­ меттік жағынан аз қамтылған, көп­ балалы отбасыларға айына 2-3 рет те­ гін экскурсия ұйымдастырып отырады.

Расымен, дауылпаз ақын атындағы музейдің атқарып жатқан жұмыстары – қыруар. Біз игілікті істердің бір пара­ сын ғана сөз еттік. Түйіндей айтқанда, Сәкен қазынасының мұратты мұрагері – Нұр-Сұлтан қаласындағы ақын мұражайы.

Қасымхан ҒАЛЫМ.