Ұлыңа сүйсін, Алаш жұрты!

17 тамыз – Алаштың абыройы асқақтаған күн болды. Қазақтың даңқты ұлдарының бірі – Данияр ЕЛЕУСІНОВ Рио төрінде көк Туымызды көкке көтерді. Әнұранымыз Америка құрлығының аспанында әуелей шырқалды. Иә, тәубе!

Алтын жүректі

Даниярдың алтыны

69 келі – қазақтың салмағы! Меншігіміз! Бұл салмақта қаракөз жігіттердің ғана атойлап ортаға шығуына болады. Естеріңізде болса, 2004 жылы Афиныда – Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде – Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда – Серік Сәпиев тура осы салмақта алтыннан алқа тағып еді. Тіпті, түу сонау Сиднейдегі Олимпиадада (2000 жыл) жеңістің жалауын желбіреткен Ермахан Ибраимов 71 келіде қарсылас шақ келтірмеген-ді (ол кезде 69 келі салмақ дәрежесі болмаған). Міне, ағалар дәстүрін Данияр жалғастырды.

Даниярдың жартылай финалда жарақат алғанын білесіздер. Француз Сүлеймен Сиссико сүзіп жүріп, қабағын жарып тастады батыр ұлдың. Алтынға таласатын ақтық сында Даниярдың жанды жері осы болды. Өзбек Шахрам Гиясов үнемі маңдай тұстан ұруға құлшынып бақты. «Қабағынан қан саулатсам, жеңісті оңай алып кетемін» деп ойлады өзбек. Мұны Данияр да білді. Мысықша қимылдап, Гиясовтың соққыларынан жалтарып кетіп отырды. Өзбек болса жұдырығын ауаға сермеумен шаршады. Даниярдың жалтарып кете отырып жасаған соққылары оны әбден қалжыратты. Нәтижесі сол, айқын басымдықпен АИБА-ның төрешілерінің әділ бағасына ие болды. Үш раундта да отандасымызға жеңіс жазылды.

Даниярдың биігіне қуанбаған қазақ жоқ шығар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жеделхатын жолдады. Жиырма бес жасар оғланның жетістігіне балаша шаттанып біз де мәз болдық. Бұған дейін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы атанған Данияр Олимпиада чемпионы атағын қанжығасына байлады. Төгілген тер, тынымсыз еңбек пен мұқалмас жігердің өтеуі – осы болар.

Сүйін, ұлыңа сүйсін, Алаш жұрты!

Қарағандылық

қызда – қола

Риоға еліміздің намысын арқалап аттанған бойжеткендеріміз ерлеп тұр. Қарағандылық Эльмира Сыздықова – Жазира Жаппарқұловадан кейін Олимпиада жүлдегері атанған екінші қазақ қызы атанды.

Эльмира әйелдер күресінен 69 келі салмақта сайысқа түсті. Қолаға болған таласта мысырлық Энас Мұстафа Юссеф Ахмед белдесті. Мысырлық қыз да осал қарсылас емес еді. Бірақ, бабы келіскен Эльмираның бағы жанды. Сөйтіп, Қазақстан қоржыны алтыншы қола медальмен толықты.

Айта кетейік, бұл белдесуге жұбаныш матч арқылы жеткен еді. Алғашқы қадамында өткен Олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьевадан ұтылып қалған Эльмира жұбаныш белдесуінде моңғол қызы Насаанбурнаа Очирбаттан басым түсті. Соның нәтижесінде, қола медаль сарапқа салынған кезеңге жолдама алды. Ал, Воробьеваның өзі Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Ресейліктен жапон қызы Сара Досоның айласы артық шықты.

Эльмира СЫЗДЫҚОВА, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері:

Бірінші кездесуімде қиын қарсылас түсті. Өте мықты балуан. Мен жоғары дайындықпен келген едім. Бірақ, жеткіліксіз болды. Олимпиадаға барлық спортшылар жеңу үшін келеді. Өйткені, артында ормандай елі қарап отырады. Мен аз да болса елімнің үмітін ақтағаныма ризамын. Өзім – қарағандылықпын. Тек, әке-шешем Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Барша жерлестеріме қолдау жасап, сенім білдіргені үшін алғысымды айтқым келеді.

Эльмира Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының түлегі. Халықаралық санаттағы спорт шебері, жастар арасындағы Азия чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Бапкер В.Суторминнің қол астында жаттығады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.