Ұлттық құраманың киім үлгісі анықталды

Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитеті 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысатын Қазақстан Ұлттық құрама командасының парадтық және спорттық киім үлгісінің дизайнына арнап, ашық конкурс жариялаған. Сол конкурстың жеңімпаздары анықталды.

Жалпы, 19 қатысушының жұмыстары ҰОК сайтына шығарылды. Жеңімпаздарды Қазақстан ҰОК спорт дирекциясы мен Ұлттық паралимпиадалық комитетінің өкілдері, Қазақстан ҰОК спортшылар мүшелерінен құралған комиссия анықтады.

«Комиссия өте жақсы жұмыс істеді. Конкурсқа қатысушылар олимпиадалық форманың бір емес, бірнеше дизайн нұсқасын ұсынды. Қатысушылардың барлығы қазақстандық дизайнерлер болды. Біз үшін бұл өте қуанышты жағдай. Себебі, олимпиадалық форманы дайындауда отандық мамандардың өнімдерін қолдау біздің басты мақсатымыз болатын. Айта кетерлігі, таңдалған жұмыстар барлық талап-нұсқаларына сәйкестендіріп жетілдірілетін болады. Ал, соңғы шешімді 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың өздері таңдайтын болады» – дейді ҰОК ресми өкілі Жігер Әзбергенов.

Комиссия қорытындысы бойынша, «КазСПО-N» ЖШС «спорттық форма» және «Marino Madi» компаниясы «парадтық форма» аталымында жеңімпаз деп танылды. Байқау жеңімпаздары арасында олимпиадалық форма дизайнының, технологиялық талаптарының (мата, керек-жарақтар, гигроскопия, мемлекеттік рәміздерді қолдану және тағы басқа) түпкілікті тұжырымдамасы бойынша одан әрі жұмыс жүргізілетін болады.

Қазақстан ұлттық құрама командасының олимпиадалық формасының дизайны биыл жазда Қазақстан ҰОК ресми таныстырылымында көрсетілетін болады.

Қасымхан ҒАЛЫМ