Ұлттық мұра ұлықталған күн

Көрмеге қазақ халқының ұлттық қолданбалы қолөнер бұйымдар мен киізден жасалған дүниелер қойылған. Алты қанат киіз үй тігіліп, көне дүниелердің барлығы осы шаңырақ астында жинақталыпты.

Атап айтар болсақ, ер-тоқым, бесік, саз аспаптары, ас үй жабдықтарынан бөлек басқа да құнды жәдігерлерді көруге болады.

– Жоспар бойынша мектеп оқушыларының қатысуымен өтуі керек еді. Өкінішке қарай, төтенше жағдай жариялануына байланысты тоқтатылды. Былтырдан бастап «Дәстүр сөйлейді» атты циклдық жобаны қолға алдық. Биыл сол жоба аясында «Аластау» рәсімі, «Наурыз бата», «Бесікке салу» сынды әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сахналап отырмыз, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартын.

Музей қызметкерлері «Аластау» рәсімін көрсету арқылы көрмені ашты. Келген қонақтарға отқа табыну дәуірінен қалған ырым жайлы кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, бесіктің ажырамас бөліктерінің бірі шүмектің қызметі туралы айтылды. Шүмек – бесікте жатқан баланың дәретін сыртқа шығару үшін қолданылады. Қойдың асықты жілігінен жасалған дүниенің пайдалану әдісіне қойылым барысында шолу жасалды.

– Биыл музей қоры жаңа экспонаттармен толықты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында былтыр «Сарыарқаның сәндік қолданбалы өнері» атты экспедиция жүргізген едік. Сол эспедиция барысында жиналған бұйымдарды көрмеге қойып отырмыз, – деді Назерке Жартын.

Дәстүрмен сабақтасқан іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табады дейді музей ұжымы.

Ербол ЕРБОЛАТ.