Әлеуметтік саланың әлеуеті артады

Кеше кенді аймаққа Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келді. Бердібек Мәшбекұлымен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Республика бойынша барлық облыстар мен ірі қалалардың әкімдері мен олардың орынбасарлары, денсаулық басқармалары басшылары қоса келіп, аймақтың әлеуметтік әлеуетін бағамдады.

САҚТАНДЫРУ БАРЫСЫ САРАПТАЛДЫ

Қонақтар жоспарланған шараларға сәйкес, әуелі бір-екі медициналық нысанға арнайы барды. Кейін аймақта пилотты режимде енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің барысын талқылап, Қарағанды медицина университетінде жиын өткізді.

Жиында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, халықтың 90%-ын медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмекпен қамту жоспарланып отыр.

– Қазіргі таңда 6,5 млн. адамнан жарна мен аударымдар түсті. Оның 5,5 млн. – жалдамалы қызметкер, 800 мың – жеке кәсіпкер мен 176 мың – бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер. Жеңілдік жасалған 15 санатқа кіретін азаматтар, яғни, 10,6 млн. адам үшін келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет ақша төлей бастайды. Халықтың қалған 6,7%-ы МӘМС жүйесінде жарна төлеп, медициналық көмек ала алады.

Медициналық сақтандыру  жүйесін енгізу барысындағы басты қиындық қазақстандықтардың мәртебесін анықтауда болып тұр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады.

Министрдің мәліметінше, бүгінде 663 мың адамның мәртебесін анықтау қажет. Анықтау барысында 117,4 мың адамның шетелге көшіп кеткені, 34,1 мың азаматтың қайтыс болғаны белгілі болған. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктерге Әділет, Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, жеке тұлғалардың базасын өзектендіру қажеттілігі баса айтылды.

Ал, техникалық қамтамасыз ету тұрғысынан өңірлердің әзірлігі жоғары екендігін көрсетті, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына 100% медициналық ақпараттық жүйе енгізілген, жұмыс орындарының 97,4% компьютерлік техникамен жарақтандырылған. Премьер-Министрдің орынбасары алыс ауылдардағы жағдайды есепке алып, толықтай қамтылуын тапсырды. Бұл тапсырма біздің аймаққа ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріне берілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында компьютерлік техника жеткіліксіз. Сондай-ақ, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстарында медициналық ақпараттық жүйе жоқ. Аталған аймақтардан келген өкілдерге айтылған кемшіліктерді келесі ай басталғанға дейін шешу қажеттілігі баса айтылды.

Жиын барысында жарналар мен аударымдар бойынша жүргізілген сараптама қорытындысы да талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, жұмыс берушілердің салық және еңбек заңнамасын сақтамауынан тұрақты аударым жасамаған жалдамалы қызметкерлердің МӘМС жүйесінен шығып қалу қаупі бар. Бұл ретте жергілікті әкімдіктерге мемлекеттік кіріс комитетінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, салық заңнамасының сақталуын бақылауға алу тапсырылды. Себебі, жарнасы дұрыс аударылмаған жұмыскерлер 3 айдан кейін сақтандырылмаған болып шығуы мүмкін.

Мұндай кемшіліктердің барлығы облыста басталған пилоттық жоба барысында анықталып, зерттелуде. Сонымен қатар, өткен бір ай ішінде оң нәтиже де байқалады.

Аймақта МӘМС жүйесі аясында диагностикалық зерттеулердің (КТ және МРТ) қымбат түрлерін тұтынушылар қатары айтарлықтай өскен. Егер бұрын ай сайын орта есеппен 1265 қызмет көрсетілсе, қыркүйекте бұл көрсеткіш 22%- ға артты. Оңалту көмегінің қолжетімділігі 38%-ға жақсарды. Осы жылдың 8 айында орташа есеппен 690 адам оңалту көмегін алған болса, қыркүйекте ғана бұл қызмет 949 адамға көрсетілді. Медициналық бригадалар жергілікті жерлерді аралауға шықты, жоспарлы алдын ала тексерулер басталды. Қазірдің өзінде 15 мыңнан астам адам дәрігердің қабылдауында болды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров атап өтті.

Жалпы жиын қорытындысы бойынша, жиналғандар облыста МӘМС жүйесі апробациясының алғашқы айы денсаулық сақтау жүйесінің келесі жылдан бастап жаппай медициналық сақтандыруға көшуге әзір екенін көрсетті десті. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев атап өткендей, медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жоғары. Ал, бұл бағыттағы жұмыстар үнемі бақылауда. Лауазымды тұлға Мемлекет басшысының аталмыш жүйені енгізуде «қателесуге құқымыз жоқ» деп ескерткенін жиналғандардың есіне салды.

БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

Сапар барысында Вице-Премьер Қарағанды политехникалық колледжі қабырғасында ұйымдастырылған «Индустрия 4.0 бойынша мамандарды дайындау STEM – технологиялар» халықаралық форумының жобаларымен танысты. Одан кейін облыстың педагогикалық қауымдастығының өкілдерімен жүздесті. Онда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы Президент берген тапсырмалардың орындалысы туралы баяндады.

Министр барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекет тарапынан мұғалімдерді қолдау бойынша нақты шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасы Парламент қабырғасында талқылануда. Асхат Қанатұлы ол Заң жобасы мұғалімдерге қатысты бірқатар түйткілді жайттарды шешетінін атап отыр. Осы орайда білім жүйесіндегі қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясына қатысып, министрлік алдына 8 міндет қойды. Оның барлығы қоғамның көкейінде жүрген мәселелер. Қазіргі уақытта бұл сұрақтардың баршасына жауап берілді, – деді Асхат Аймағамбетов

«Білім саласының негізін мектепке дейінгі білім беру ошақтары құрайтыны мәлім. Мемлекет басшысы осы ұйымдарға ерекше назар аударды. Оның ішінде, жекеменшік балабақшаларда талапты күшейту тапсырылған. Президенттің тапсырмасына сай, министрлік қазіргі уақытта осы мәселемен айналысуда. Оны шешудің екі жолы қарастырылуда» – деді министр. «Біріншісі – балабақшаларды аккредитациялау. Екінші жолы – лицензия беру жүйесін қалпына келтіру. Сөйтіп, «саннан сапаға көшетін кез келді», – деді министр. Оның айтуынша, қазіргі таңда балабақшамен қамту 90 пайыздан жоғары. Сан бар, енді сапа қажеттілігі туындағанын атады. Сонымен қатар, балабақшадағы қызметкерлердің жалақы мәселесін өсіру де назарда екенін мәлімдеді.

Мектептерде ағылшын тілін оқытудағы өзгерістер де жиында жария етілді. Президент, ең алдымен, бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет екендігін ескерткен болатын. «Ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды, әрі тиімді болады» деген тапсырмасы бүгінде орындалуда.

Сонымен қатар, ұстаздардың еңбекақысын алдағы жылдары еселеп көтеру мәселесі де айтылды. Колледждерде дәріс беретін мұғалімдерге санат үшін қосымша төлем жасалмайтындығы да бір шешімін табатынына сендірді. Педагог қауымынан түскен сауалдарға жауап берді.

Бұдан соң вице-премьер Қарағанды облысының білім беруде өзге өңірлерден озық тұратынын айрықша атады. Тіпті, сонау Кеңес кезінен-ақ сапалы білім берудегі үлгілі істерімен өзгеге өнеге болғанын тілге тиек етті.

– Қоғамда ұстаздың орны – бөлек. Мемлекет дамуына үлес қосатын әрбір білімді азаматты тәрбиелейтін ұстаздар. Мемлекет сол үшін ең бірінші ұстаздардың жағдайын жасайды. Алдағы уақытта осы саясат жалғасын табады. Біз өзіміздің міндеттерімізді орындаймыз, – деді Бердібек Мәшбекұлы. Сөзінің соңында білім саласында жүрген бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хаттарын табыстады.

Аймақтың белсенді жастарымен кездесу Қарағанды мемлекеттік политехникалық университетінде жалғасты. Содан соң Бердібек Сапарбаев қоғам өкілдерімен жүздесті.

(Вице-Премьердің жұмыс сапары туралы кеңейтілген ақпарат газеттің алдағы санында жарияланатын болады).

Жансая ОМАРБЕК,

Қызғалдақ АЙТЖАН.