Бас тақырып

Әлеуметтік бизнес: “пайда ойлама, арды ойла”

Келесі жылы Қарағандыда әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы республикалық форумы өтпек. Бұл – еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Эмин Аскеровтің идеясы. Жақында өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Эминнің ұсынысына қолдау білдірген болатын. Сонымен, өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерліктің жүзеге асу барысына тоқталсақ…

 ҚОЛДАНЫЛМАҒАН РЕСУРСТАР ҚАЙДА КЕТЕДІ?

Қарағандыдағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, қоғамда пайда табудан өзге қоғамдық маңызды түйткілдерді шешуге бағытталған өзіндік қарым-қатынас жүйесі бар. Осы жүйе – тікелей әлеуметтік кәсіпкерлікке тиесілі. Кәсіпкерлікке қатысы бар болғанымен, жүйе коммерциялық және коммерциялық емес саладан бөлек. Профиттік және нон-профиттік (ақша табуды көздемейтін ұйым) секторларда қызмет атқаратын тұлғалар осы жерден табылады. Бірақ, олардың да өзіндік жеке мақсаты, құндылығы бар. Сонымен, «Әлеуметтік кәсіпкерлік» дегеніміз не?

Бұл – жаңа немесе бұрын тартылмаған ресурстарды іздеп, оны өндірісте қолдану арқылы әлеуметтік түйткілдерді шешуімен ерекшеленетін жүйе. Бұрын қолданылмаған ресурстарды экономикалық айналымға енгізіп, елдің жағдайын көтеретін кәсіпкерліктің түрі.

Бұл жөнінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттің бірқатар функцияларын үкіметтік емес секторға беру жөніндегі ұсынысында айтқан болатын. Нәтижесінде, жақында Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер тізімі мен картасы құрылып, жергілікті атқарушы билік органдары ісін жаңа бастаған әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдайтын болды. Соның аясында жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру көлемі артуда. Бейресми есепке сүйенсек, бүгінде Қазақстанда шамамен 200 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді. «Ozgeris Ustasy» сыйлығына келіп түскен өтінім нәтижесіне сәйкес, ұйымдардың 60%-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтік бейімдеу, жалпы әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелерін шешеді. Сондай-ақ, білім сапасы мен қолжетімділігі (16,3%) және экология (9,3%) мәселелері де өзекті болып отыр.

Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Гүлзира Амантурлина әлеуметтік кәсіпкерлікті анықтау – қаржылық тұрақтылыққа тірелетінін айтады.

– Бұл, ең алдымен, ұсынатын тауары мен қызметі тұтынушы көңілінен шығуды талап ететін қатаң нарықтық жағдайдағы қалыпты кәсіпкерлік. Өйткені, әлеуметтік мәселені шешу үшін қажетті қаржыны, қызметкерлерге ұсынатын жалақыны, кәсіпорынның өзге де шығындарын сіз өзіңіз саудалайтын тауар не қызмет түріне деген сұраныс жоғары болғанда ғана қамтамасыз ете аласыз, – дейді Гүлзира Амантурлина.

Тағы бір мәселе, әлеуметтік мәселені жүйелі шешумен байланысты. Мысалы, мәселені шешуде тек коммерциялық жолды ойламай, адамның мүддесі де ескерілуі қажет.

Солай бола тұра, қиындықтарды мемлекеттің қатысуынсыз шешуге ұмтылу – маңызды. Бұл – кәсіптегі бәсекелестікке әкеледі.

– Қалыпты кәсіпкерлік нарығында бір салада екі бірдей өндіріс орны пайда болса, бір-біріне бәсекелес болады. Әлеуметтік кәсіпкерлік саласында, керісінше бір адам қолға алған бастамаға екінші кәсіпкер қызығушылық танытса, ешкім қарсылық білдірмейді, қайта қуанады. Мәселен, сіз балалар үйінің он түлегіне арнап жұмыс орнын құрған болсаңыз, тағы он адам дәл осы жобамен айналысуды қолға алса, нәтижесінде 60 жас өмірден өз орнын табады. Бұл бір жобаға қарағанда алты есе тиімдірек, – дейді қауымдастық президенті.

ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІКПЕН КІМ АЙНАЛЫСАДЫ?

 Кәсіптің аталған түрімен қоғамда шешімін таппай жүрген мәселеге бейжай қарамайтын кез келген адам айналыса алады. Дегенмен, оның кәсіп ашудан хабары болғаны – өзіне тиімді. Өйткені, әлеуметтік мәселе қоғамның әр саласында болғандықтан, ол экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бизнес түрі де болуы мүмкін. Бұл тізімде қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту, абақтыдан шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу, балалар демалысын тиімді ұйымдастыру да бар.

Көбіне әлеуметтік бизнес жобалар ұсыну арқылы жүзеге асады. Мәселен, кәсіпкер өз қол астына әлеуметтік аз қорғалған топ өкілдерін жұмысқа алу арқылы әлеуметтік бизнесті дамытады. Немесе көпшілікке пайда әкелетін жобаны іске асырады. Бастысы – адамдың әлеуметтік жауапкершілікті тереңірек түсінуі. Мысалы, қарағандылық Гүлназ Ибраева декреттік демалыста отырып, той көйлектері бизнесімен айналысуды армандайды.

 – Тігін ісіне икемі бар әлеуметтік топтағы мүгедек жандар көп. Олардыжұмыспен қамтысам деймін. Кәсіп бастауды Эмин Аскеровтің семинарлары арқылы үйренемін, – дейді Гүлназ.

ЭМИННІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ШЕБЕРХАНАСЫ

 Декреттік демалыста отырған ана тілге тиек еткен Эмин Аскеров – Қазақстандағы бірегей пилоттық жоба «Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы. Шығыс гуманитарлық институтының «әлеуметтік жұмыскер» мамандығының түлегі, «100 жаңа есім» жобасының үздігі жақында «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» семинарын өткізді.

– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге Қарағандыда әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін іске қостық. 236 адам әлеуметтік бизнестің барлық аспектілерін оқыды, – дейді Эмин.

Эминнің «Green TAL» әлеуметтік шеберханасы бүгінде жеті бағытта ағаш шеберлігі, дәнекерлеу және тігін цехтары, сайттарды құрудағы IT қызметтер, тоқу және қабырғаларды безендіру, полиграфия бойынша қызмет көрсетеді. Әлеуметтік шеберхана халықтың әлеуметтік осал топтарын оқытып, жұмысқа орналастырады. Қазір шеберханада 34 қызметкер жұмыс істейді, оның 29-ы әлеуметтік санатқа жатады. Эминнің айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлікті тек әлеуметтік әлсіз жандарды жұмыспен қамтамасыз ету деп ойлау дұрыс емес. Қалай да ақша табуды емес, қандай да бір өзекті мәселені коммерциялық жолмен шешуді ойлау керек. Бұған Қарағандыдағы «Радость» дүкені мысал бола алады.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ДҮКЕНІ

Эмин Аскеров айтқан Қарағандыдағы «Радость» дүкенінде қайырымдылық шаралары нәтижесінде қабылданған заттар сатылады. Еліміздегі алғашқы қайырымдылық дүкенін ашқан Меруерт Арғымбаеваның айтуынша, қарағандылық қайырымды жандар дүкенге әлі де қолданысқа жарамды заттарын (киім-кешек, тұрмыстық заттар, т.б.), тіпті, кейбірі қолданыста мүлде болмаған заттарын да тапсырады. «Бұйымдардың 80%-ы – аз қамтылған отбасыларға, мүгедектер орталықтарына және дағдарыс орталықтарына тегін беріледі. 20%-ы – төмендетілген бағамен сатылады. Түскен табыс ауыр науқасты балалардың «We help» көмек орталығына аударылады» –дейді ол.

 Р.S. Кәсіпкерлердің көбі қоғамның мүддесінен гөрі, өз пайдасын бірінші орынға қоятынын жасырмайды. Дегенмен, қазіргі таңда елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артып келеді. Басым дені – меценаттар

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button