Әлемді дүрліктірген «Ухань» синдромы

Дәрігерлер бетін қайтаруға дәрменсіз болып отырған коронавирус қарқын алды. Бұған дейін Қытайдың 12 миллион тұрғыны бар Ухань қаласына карантин жарияланса, бүгінде оның қатарын Сяньнин толықтырды. Одан бөлек бірқатар ірі қалаларда коронавирус қаупіне байланысты қоғамдық көліктер тоқтатылған. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда пайда болған вирусты жұқтырудың ресми расталған жағдайлары АҚШ, Оңтүстік Корея, Австралия, Таиланд, Жапония сияқты бірқатар елдерде тіркелген. Сарапшылар аталған елдерде адам өлімі сирек дейді. Дегенмен, ғалымдар вирустың қалай берілетінін біле алмай дал. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусқа «2019- nCoV» атауын берді.

Қытай билігі анықтағандай, барлығы жергілікті теңіз өнімдері сатылатын базардан басталған, алғашқы ауырғандар бір сауда нүктесінен балық сатып алған тәрізді. Дене қызуын көтеріп, соңы құрғақ жөтелге ұласатын вирустың белгілері кәдімгі тымау тәрізді екенін айтады дәрігерлер. Бір аптаға созылатын инкубациялық кезеңнің ұзақтығы да инфекциямен күресуді қиындатады. Қазірдің өзінде вирус жұқтырғандар саны 600-ден асса, қайтыс болғандар – 17.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұрын бұл инфекция адамнан адамға жұқпайды десе, қазір адамнан адамға жұғуда. Яғни, вирус көп шоғырланған кезде осындай жағдай орын алады.

Қазақстанда бұл вирус әзірге тіркелген жоқ. Еліміздің бас санитарлық дәрігері – Жандарбек Бекшин осы жағдайға байланысты Қытаймен шекараға қатаң бақылау қойылғанын айтып отыр. Сондай-ақ, осы елден келетіндердің барлығы қашықтықтан термометриялық бақыланады. Қытайдың барлық қалаларынан келетін ұшақтар тексерістен өтеді. Қытай елімен шекаралас теміржол және автокөлік өткелдерді де осындай тексерісте.

– Бақылауды күшейттік. 13 мыңнан астам жолаушы тексерілді. Бақытымызға орай, коронавирусқа байланысты науқастарды тіркеген жоқпыз. Бірақ, инкубация кезеңі 2-ден 10 күнге дейін. Сондықтан, жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен суық тию белгілері бар кез келген адам дереу дәрігерге қаралуы керек, – дейді ол.

Вирус зертханалық жолмен ғана анықталады. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус құрылымын анықтаған. Осылайша, мамандар ағзада оның бар-жоғын біле алады. Біздің еліміздегі зертханаларға вирус түрін анықтауға мүмкіндік беретін праймерлер екі ай шамасында келеді деп күтілуде.

Коронавирус 30-дан аса вирустан тұратын ауру түрі. Алғаш 1965 жылы анықталған оны көп жұқтыратындар – адамдар, үй жануарлары, құстар және ірі қара мал. Ол тыныс алу жүйесін, асқазанішек жолдарын, жүйке жүйесін зақымдауға әсер етуі мүмкін.

Мутацияға ұшырауы мүмкін делінген вирусқа вакцина әлі табылған жоқ. Дегенмен, дәрігерлер оған қарсы тұратын күш – адамның иммунитеті дейді. Сондай-ақ, таза ауада жаяу серуендеу, түрлі жаттығулар ағзаның вирустар мен бактерияларға қарсы тұру қабілетін арттырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Ухань» вирусының өршу жағдайын талдау қорытындысы бойынша әлемнің барлық елдеріне эпидемияға қарсы іс-шараларды толық көлемде жүргізуді және жұқтырудың барлық жағдайлары туралы ДДҰ-ны хабардар етуді тапсырды. Тіпті, әлем бойынша төтенше жағдай жариялануы да мүмкін.

Салтанат ІЛИЯШ