Жаңалықтар

Ұлағатты ұстаз

      

 Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің радиофизика және электроника кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Қанат ЕРМАҒАНБЕТОВ – 80 жаста. Профессордың қазақстандық қоғам игілігі жолындағы, білім мен ғылым саласындағы жемісті қызметі – кейінгі буынға көп үлгі.

Қарқаралы ауданының Екпінді ауылында ауыл еңбеккерлері отбасында дүниеге келген Қанат Төлеуханұлы өмірінің 57 жылын Қарағанды мемлекеттік университетіне арнады.

Әкесі, Төлеухан Ермағанбетұлы Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек әскері қатарында еңбек етіп, колхоз төрағасы, совхоз директорының орынбасары болды. Анасы, Рахыш жеті баланы тәрбиелеумен айналысты. Балалық шағы соғыс және соғыстан кейінгі сұрапыл жылдарға келіп түсті. Балалардың тұңғышы жастайынан ата-анасына көмектесіп, бауырлары мен қарындастарына қамқор болды.

1955 жылы Қарқаралы қаласының №1 орта мектебін бітірген соң Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оқуын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында жалғастырып, оны сәтті 1960 жылы тәмамдады. Ең үздік түлектердің бірі ретінде Қазақ КСР Білім Министрлігі тарапынан туған жоғары оқу орнына жұмысқа жіберілді. Сөйтіп, еңбек жолын 1960 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының жалпы физика кафедрасының ассистенті қызметінен бастады.

1961-1963 жылдары Кеңес армия қатарында алдымен курсант, одан кейін бөлімше командирі, содан соң лейтенант шенінде әскери парызын өтеді. Әскери қызмет жылдары ұйымдастырушылық қабілеті, мақсатқа талпыну, табандылық, ұжымға жауапкершілік қасиеттерінің ашылуына әсер етті. Әскери борышын өтеген соң Қарағанды педагогикалық институтына қайтып оралды.

Оның мақсатқа талпынушылығы, табандылығы, білімге деген құштарлығы мен іргелі ғылымға қызығушылығы жоғары оқу орнында жұмыс істеген бірінші жылдардан-ақ айқын көрінді.

Аңғарғыш та талаптылығы жаңа білімге, үлкен ғылымға жол бастап,  Новосибирск қаласына қарасты орналасқан Академқалашықтағы қарқынды дамып отырған білім орталығына әкелді. 1965 жылы КСРО ғылымдар Академиясының Сібір бөлімінің жартылайөткізгіштер физика Институтының тағылымгер-зерттеушісі болды.

Жас, белсенді де, табанды адамды институт тез байқады. Өзі де тәулік бойы зертханада тәжірибелік қондырғыдан бас алмай жұмыс істеп, Новосибирск университетінің алдыңғы қатарлы профессорларының дәрістерін де тыңдап үлгерді. Тағылымдама біткен соң, 1967 жылы қабылдау емтиханын сәтті тапсырып, КСРО ғылымдар Академиясының Сібір бөлімінің жартылай өткізгіштер физика Институтының аспирантурасына түсті. Ал 1972 жылы ҚарПИ жалпы физика кафедрасының аға оқытушысы бола тұра, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

1972 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институты университет атанған шақта, қайта құрудан кейін жаңа факультеттер, кафедралар, зертханаларды құрудың қажеттілігі туындады.  Оның дәрістері студенттер тарапынан үлкен қызығушылық танытты. Қатты дене физикасы кафедрасының бірінші зерттеу зертханасы Қанат Төлеуханұлы мен оқушы-студенттер еңбегінің арқасында құрылды.

Радиоэлектроника кафедрасына (кейін радиофизика және электроника кафедрасы) ауысқан шақта  кафедрада терең ғылыми білгірлігі, студенттермен жұмыс істей алу қабілеті мен ынтасы, тіл тапқыштығы сияқты ең үздік адамгершілік пен кәсіби қасиеттерімен танылды. Осыдан кейін КСРО Жоғары аттестаттау комиссиясы Қ.Ермағанбетовке доцент ғылыми атағын ұсынды.

Жаңа білімге деген талпынысы мен тынымсыздығы Қанат Төлеуханұлын «Органикалық қосылыстар мен комплекстердің молекулярлық люминесценциясы» атты жаңа ғылыми бағытпен айналасуға әкелді. Зерттеу нәтижелері алдыңғы қатарлы ғылыми журналдарда жарияланып, жалпыодақтық конференцияларда оқылды. Бұл жұмыстың нәтижесі ретінде Қ.Ермағанбетовтің ғылыми жетекшілігімен Л.Чиркованың (қазіргі уақытта радиофизика және электроника кафедрасының профессоры) кандидаттық диссертациясы қорғалды.

Өмірдегі жаңа маңызды белестердің бірі – радиофизика және электроника кафедрасының меңгерушісі қызметі еді. Бұл қызметте ол өзінің бұрынғы арманын жүзеге асырды. Ойы – қара металлургия өндірісін автоматтандыру саласындағы бұрынғы Кеңес Одағының алдыңғы қатарлы ұйымдардың бірі болған «Черметавтоматика» ғылыми-өндірістік ұжымдастығының тәжірибелік өндірісі бар арнайы жобалық-конструкторлық бюро тұсында кафедра филиалын құру болатын. Оның басшылығымен кафедрада мамандарды дайындаудың оқу жоспарлары толықтай қайта қаралып, заманауи өндірістің талаптарына сай өңделді. Студенттерді оқытуда өндірістің тәжірибелі мамандары, ТЖКБ ҒӨҰ «Черметавтоматика» алдыңғы қатарлы қызметкерлері белсенді қатысып, студенттер зертханалық жұмыстары барысында курстық және дипломдық жұмыстарын орындап, өндірістік іс-тәжірибеден өтті.

Бұл уақыт мерзімінде Қ.Ермағанбетовтің бастамасымен радиофизика және электроника кафедрасында орналастырылған физика факультетінің ғылыми-өндірістік бөлімшесі құрылып, сәтті жұмыс істеді. Бұл бөлімшенің көптеген түлектері қазіргі уақытта өндірістің электрондық техниканы қолдануымен байланысты әр түрлі салаларында сәтті жұмыс істеп жүр.

Көптеген идеялары уақыттан озық болды деп бар сеніммен айтуға болады. Қазіргі уақытта елімізде дуальды білім беру, әлеуметтік серіктестік сәтті дамып келуде. Оның болашақ үлгісі Қанат Төлеуханұлы ұйымдастырған кафедра филиалы болды. Оның бастамасымен Қарағанды облыстық радиотелетарату орталығымен, «Экоэксперт» ЖШС АО, Қазтелерадио Қарағанды филиалымен мамандарды дайындау саласында серіктестік бойынша келісімшарттарға қол қойылды. Кафедраның спорттың техникалық түрлері мен оқушыларға облыстық спорт мектебімен байланыс орнатты. Кафедра мен факультет бірқатар жылдар бойы өткізіп келе жатқан электроника бойынша оқушылардың олимпиадасын өткізу идеясы осы серіктестік негізінде туындады. Шәкірттерімен электроника бойынша жоғары сынып оқушылары үшін екі республикалық олимпиадасы ұйымдастырылды. Қазірге дейін жыл сайын жоғары аталған мектептің негізінде өткізілетін жас радиоәуесқойлардың облыстық сайыстарын ұйымдастыру мен өткізуіне белсенді түрде қатысады.

1997 жылдан бастап Қанат Төлеухан-ұлы радиофизика және электроника кафедрасында доцент қызметінде жұмыс істеп, ал 2005 жылдан бастап Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры болды. Әлі күнге дейін күш-қайратының арқасында идеяларға толы сәтті жұмыс жасап келеді. Соңғы жылдары Ж.Абишев атындағы ХМИ термохимиялық процестерінің зертханасының ұжымымен белсенді қарым-қатынас орнатып, әлсіз магнит өрістерінің датчиктерін құру мақсатында магниттердің физикалық қасиеттерін зерттеу саласында қызмет істеуде. Екіжақты серіктестіктің жұмыс нәтижесі ретінде екі монография ашық баспаға жарияланып, оның ішінде ағылшын тілінде, шетел жоғары рейтингті ғылыми журналдарында мақалалары жарияланды.

Оған қоса жас мамандарды дайындау мен тәрбиелеуде көп те қажырлы да еңбек етуде. Оның авторлығымен физика-техникалық факультетінің бакалавриат пен магистратура мамандықтарына арналған 18-ден астам жалпы және элективті курстар дайындалып оқылуда.

Қанат Төлеуханұлы қазіргі таңда ғылыми жұмыспен айналысуда. Ғылыми әрі әдістемелік еңбектерінің саны 150-ден астам, оның ішінде ҚР 1 патенті, 2 монография. Басты бағыты –  республикамыздың білікті мамандарын дайындап, жастарға өзінің бай тәжірибесін, білімін беруге бағытталған. Ғылыми жетекшілігімен ғалым кандидаты мен 10-нан астам магистр дайындалды.

Сондай-ақ, қазақ және орыс тілінде жазылған төрт электронды оқу құралы мен екі электронды оқулықтарының, жеті оқу құралының, екі оқулықтың авторы. Оқулықтар мен екі оқу құралы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқу процесінде қолдануға ҚР БҒМ ұсынысына ие.

Жалпы, Қанат Төлеуханұлы бойындағы жоғары азаматтық белсенділігімен туған тілін дамыту және туған тілінде оқытуды жетілдіруде тынымсыз ерең еңбек етуде. Дайындап шығарған он бес оқулық пен оқу құралының, электронды оқу басылымдарының он бірі қазақ тілінде шығарылып, Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқу процесінде белсенді түрде қолданылуда.

Ауқымды ғылыми-педагогикалық тәжірибе мен энциклопедиялық білімі «Радиофизика және электроника», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Техникалық физика» мамандықтары бойынша мемлекеттік жалпыға білім беру стандарттары мен типтік бағдарламаларын дайындауда қолданысқа ие болды.

Ол әрдайым көпшіліктің ортасында. Университет пен факультеттің абаттандыру жұмыстарында, кафедра студенттерімен шахмат ойындарында да ұжыммен бірге. Өзінің көпжылдық педагогикалық және ғылыми жұмысы үшін университет басшылығы, аудан, облыстық білім басқармасы, Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігінің мадақтамаларымен бірнеше рет марапатталды. Еңбек ардагері әрі «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанған Қанат Төлеуханұлы  – 2016 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды.

Ол – жанашыр жолдас қана емес, балалары мен немерелерін сүйетін әке әрі сүйікті ата. Жұбайы Роза Хасенханқызымен бірге 50 жылдан астам уақыт бақытты да, баянды өмір сүріп, екі қыз бен ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта Ермағанбетовтер отбасы немерелерінің қызығын көруде.

Қанат Төлеуханұлының қазір еңбекке қабілеттілігі мен педагогикалық тәжірибеге ие өзінің шығармашылық гүлдену шағында.

Біз, шәкірттері мен әріптестері, Қанат Төлеуханұлын атаулы мерейтойымен құттықтап, белсенді шығармашылық ұзақ өмір және зор денсаулық тілейміз.

 

Б. НҮСІПБЕКОВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің  физика-техникалық

факультетінің деканы,

 профессор,

Л. ЧИРКОВА,

профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button