Жаңалықтар

Киелі өнер шаңырағы

Өнердің сан сүрлеу жолынан өтіп, қа­зақтың дәстүрлі музыкасы мен биінің дамуына үлес қосып келе жатқан қара шаңырақ – Қ.Байжанов атындағы кон­церттік бірлестігі биыл сексеннің сеңгір­інде. Өнердің өресін тасытып жүрген киелі қара шаңырақ еліміздегі ең ірі мәдениет орда­ларының бірегейі.
Талай дүлдүлді қанат қақтырып, биік шыңға жеткізді. Ел мерейін асқақтатып, шетелдің атақты сахналарында өнер көрсетті. Республика көлеміндегі айтулы шараларда Қ.Байжанов ұжымы алдыңғы қатардан табыла білді. Өткенді еске алмай бүгін­гі­нің бағасын беру қиын. Филармонияның қайнар бастауында Жүсіпбек Елебеков, Нұғыман Әбішев, Забира Жұбатова, Рахия Қойшыбаева, Үрия Тұрдықұлова, Қасымжан Бабақов, Мағауия Хамзин, Қуан Лекеров, Мағауия Көшкімбаев, Алтын Алиева, Қайныкен Әлімбаева тұр. Бұлар қазақ мәдениетінің тарихына есімдері алтын әріппен жазылған өнер иелері. Бүгінгі күні де бірлестіктің қабырғасында елге кеңінен танымал өнерпаздар қызмет етеді.Болатхан Тәшімов, Балғабек Смағұлов, Жақсыкелді Кемалов, Меруерт Ибраева, Евгений Криулин, Александр Плаксин, Михаил Гудыма, Олег Семченков, Жанетта Алдыханова,Татьяна Передеро, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Жақыпбаева, Ксения Николаева тәрізді музыканттар, әншілер бірлестіктің дәрежесін биіктетіп келеді.
Биыл 80 жылдықпен тұспа-тұс келіп тұрған бірнеше мерейтойлар бар. Симфония оркестріне 35 жыл, Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестріне 30 жыл, Аққу би ансамбліне 25 жыл толады. Бұл мерейтойлар барша қарағандылықтар үшін ортақ.
35 жылдығын атап өтетін симфония оркестрі 1983 жылы құрылған. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория түлектері негізін қалап, оркестрдің биік белестерге жетуіне аянбай еңбек етті. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі ҚР халық артисі, Төлепберген Әбдірашев. Кейін Н.Клинов, В.Норец, С.Ферулев, К.Ахметовтер ұжымның кәсіби-шығармашылық тұрғы­да қалыптасуы жолында еңбек етті. Қазір­гі таңда Бүкілресейлік дирижерлер конкурсының лауреаты Петр Грибановтың жетекшілігіндегі оркестр Қытай, Испания, Франция, Германия, Түркия, Ресей тағы басқа көптеген шетелдерде болды, еліміздегі үлкен концерттерде де өнер көрсетіп жүр. Бағдарламалары сан қилы, көлемді – балалар мен студенттерге арналған концерттер, Қазақстан композиторларының авторлық кештері, әлем композиторларының шығармаларына арналған бағдарламалар. Симфония оркестрінің шетелдік танымал дирижерлермен шығармашылық қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Олардың дирижерлігімен концерттер жиі өтіп тұрады.
Тәттімбет атындағы оркестр 30 жылдығын күздің қазан айында атап өтуді жоспарлап отыр. Көлемді шығармашылық кеш өтеді деп көзделуде. Бүгінде ел сүйіп тыңдайтын ұжым 1988 жылы шаңырақ көтерді. Алғашқы орындаушылар Алматы консерваториясының түлектері еді. 1990 жылы шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің аты беріледі. Ал, 2000 жылы шеберлігі шыңдалған, кәсибілігі артқан, репертуары отандық, шетелдік шығармалармен толыққан ұжым академиялық оркестр дәрежесіне ие болды. Алғашқы дирижері Дүйсен Үкібай. 1992 жылы КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Қажығалиев оркестрді басқарды. Әр жылдары бас дирижер қызметін Қарасай Сайжанов, Ерлан Бақтыгерей атқарды. Оркестр Қазақстан көлемінде ғана емес, Азия, Америка, Еуропа елдерінде түгелге дерлік болып, қазақ өнерін төрткүл дүниеге таныстырды. Қазіргі уақытта ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Дүйсен Үкібай мен Әбуғалисын Шоқанбаев дирижерлік етеді. «Тәттімбеттіктер» Иранда, Өзбекстанда, Ресейде, Чехияда өткен Қазақстанның мәдениет күндеріне қатысқан.
1993 жылы құрылған «Аққу» би ансамбліне 25 жыл. Алғашқы жетекшісі Қорлан Мұқатова. Қазір «Аққулықтарға» Назгүл Авилхан жетекшілік етеді. Осы уақытқа дейін талай үлкен сахналарда өнерлерін паш етіп келген «Аққу» еліміздегі тәжірбиелі, нағыз мамандар еңбек ететін ұжым. Репертуарларында 40-тан астам халықтың билері бар. Германия, Оңтүстік Корея, Ирак, Швейцария, Франция, Түркия, Швеция сынды елдерде гастрольдік сапарда болған. Иранда, Ресейде, Чехияда өткен Қазақстанның мәдениет күндерінде өнер көрсетті. Республика көлемінде өтетін іс-шараларға жиі шақырту алады. «Аққу» – Сарыарқаның қызғалдағы.
Жиырмасыншы ғасырдың отты жыл­дарында құрылған, қазақ халқының мүддесі үшін еңбек еткен азаматтарымыздың арманы болған мәдениет ошақтары бүгінгі күні әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр. Алда бағындырар белес көп!

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
өнертанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button